«Бұдан былай каникулда олимпиадалар өтпейді» – Асхат Аймағамбетов
«Бұдан былай каникулда олимпиадалар өтпейді» – Асхат Аймағамбетов
Фото: Интернеттен алынды
Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде ведомства басшысы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді пәндік олимпиадалар каникул уақытында өткізілмейді, – деп хабарлайды zakon.kz. «Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді. Өйткені, оған сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалыстан айырмауымыз керек, олар демалуы қажет. Сондықтан, биылдан бастап олимпиадаларды басқа мерзімде өткізетін боламыз», – деді Асхат Аймағамбетов. Министр республикалық олимпиадаға қатысу үшін, облыстарға баратын балаларға жақсы жағдай жасалуы тиіс екенін де айтты. «Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз, дегенмен Қарағанды және Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Екіншіден, университет басшыларына тапсырма: 1,5 мың оқушы барады, университеттер де олармен жұмыс істеуі қажет. Жаз айларында ғана емес, мұндай жұмыс ұдайы жүргізілуі керек», – деді Асхат Аймағамбетов.