«Сыйақыға» да сыйлық бар
«Сыйақыға» да сыйлық бар
Ірі жемқорды ұстап бер­сеңіз, 14 миллион теңгедей сыйақы алып, байып шыға келесіз. Әрі сізді корруп­ция­­мен күрескер ретінде мем­лекет қорғауға алады. Қаласаңыз, «кездеспей кет­­кен бір бейне» секілді ано­­ним болып қала аласыз. Керемет емес пе? Шы­нын­да, бәрі бұдан әлдеқай­да күрделі. Сыбайлас жем­қорлық схемаларын ашқан адамдардың өзі қудалауға түскен, «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» бабымен істі бол­ған жағдайлар кездеседі. Тергеушілер де істі жылы жауып қоя салуы мүмкін. Сон­дықтан мемлекет бұл күресті жандандыру жол­да­рын іздеуде. «Сөз тасыған» адамдарға сыйақы төлеу және қорғауға алу қағида­лары өзгермек. Қанша табыс әкеледі? Биыл мемлекет пен қоғам­ның өзегіне түскен жегіқұртпен күрес жаңа деңгейге шығып, соны қарқын, тың тегеурінмен жүзеге асырыла бастауы тиіс. Президент «Әділетті Қазақстан­да коррупцияға орын жоқ» деді. Сарапшылар күресті күшейту үшін қажетті заңдар барына назар аудартады. 2023 жылғы 3 қаңтарда, тарардың алдында ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл және мем­лекеттік қорғауға жататын адам­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңды қабылдады. Бүгінде ол күшіне енді. Бұған қоса, ел Үкімет басшысы 2023 жыл­­ғы 8 ақпандағы өкімімен осы маңызды заңды іске асыру үшін қабылдануы қажет құқық­тық актілер тізбесін бекітті. Ол құжаттар жобасы әзірленіп жатыр. Жалпы, жемқорлық фактісін хабарлаған адам­дарға сыйақы беру тетігі Қазақстанда 2015 жылдан белсенді қолданылады. Содан бе­рі салада бірнеше рет реформа жасалды. 2021 жылғы қыркүйекте сыбайлас жем­қор­лық фактілері туралы хабарлаған немесе ан­тикоррупциялық іс-қимылға өзгеше түр­де жәрдемдескен азаматтарды көтермелеудің сара­ланған жүйесі енгізілді. Енді келтірілген шығын немесе пара сомасы 1 мың АЕК-тен асқан істер бойынша сыйақы бұрынғыдай нақты бекітілген мөлшерде емес, параның не­месе келтірілген залалдың мөлшеріне қа­рай төленеді: 10% көлемінде. Бірақ ең жо­­ға­ры төлем 4 мың айлық есептік көрсет­кіш­тен (биыл 13,8 миллион теңге) аспауы тиіс. Мысалы, 2023 жылдың басында Атырау об­лысының тұрғыны парақорды ұстап бе­ріп, 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Анти­кор­дың мәліметінше, ол облыс әкімінің бұрынғы орынбасарының қылмысын әш­ке­релеуге жәрдемдескен. 2022 жылғы ма­мыр­да Атырау облысы әкімінің бұрынғы орын­басары Нұрлан Таубаев аса ірі көлемде пара алуға оқталғаны үшін 10 жылға сот­талды. Себебі пандемияның қызған ша­ғын­да, 2020 жылы Таубаев аурухананы салып жат­қан құрылыс компаниясы директо­ры­ның орынбасарымен кездесіп, одан тендер құны­­­ның 10 пайызы көлемінде «откат» та­лап еткен. Сөйтіп, 185 миллион теңге алуға ке­лісіпті. Соның 120 миллионнан астамын алып жатқанда ұсталған деседі. Ал Шымкентте биылдың өзінде 7 тұр­ғын жемқорлардың ішкен-жегенін құс­тыр­ғаны үшін мемлекеттен қаржылай қо­шемет көріпті. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қа­ла­сы бойынша департаментінің басшысы Дәу­рен Ерғариннің сендіруінше, мекемені жем­қорлық деректері туралы құлақ­тан­дыру­да шымкенттіктер аса белсенді. Бірақ со­ның ішінен әзірге тек жетеуіне жалпы со­масы 1,5 миллион теңгеден астам сыйақы тө­ленген. Бұл – олардың көмегімен әшкере­лен­ген параның және келтірілген шығын­ның 10 пайызы. Соған қарағанда, торға «шор­тандар» түсе қоймағанға ұқсайды. Антикор дерегінше, 2022 жылы рес­пуб­лика бойынша 134 адам жалпы сомасы 40,6 миллион теңге ынталандыру алды. Ең үлкен бірреттік төлем Атырау және Қызылорда облыстарының тұрғындарына аударылды. Үздіктерден нені  үйренгеніміз жөн? «Құлақтандырушыларға» сыйақы төлеу – Қазақстанның құзырлы органдарының ойлап тапқан ноу-хауы емес. Ол батыстың тә­­­­жірибесінен алынды. Мысалы, АҚШ аме­рикалық сайлауға Ресейдің араласуы жә­не соған көмектескен жемқорлар туралы ақпарат бергендерге 10 млн доллардан ұсынды. Мол сыйақының кімге төленгені белгісіз қалды, бірақ солар ұсынған ақпарат негізінде Мәскеумен байланысты күштердің сайлауға қол сұққаны дәлелденіп, Ресейге қарсы санкциялар енгізілді. АҚШ пен Еуропада Corruption hunter-лер әрекет етеді. The New York Times же­­­текші репортері Майкл Швирцтің ай­туын­ша, мұнымен журналистер де белсенді ай­налысады, олар осы мақсатта журналистік консорциумдарға біріккен. Сонда олар екі жеп биге шығады: өз редакциясын сенса­ция­лық, эксклюзивті, оқылымды материал­мен қамтамасыз етеді әрі құзырлы орган­дар­дан дүниеқор қылмыскерді әшкерелегені үшін ақы алады. Осы мақсатта жемқорларды аулаушылар follow the money әдісін қол­данады: қай салада шектен тыс көп қаржы шығындалса, сол маңайды коррупционерлер қарақтауы ықтимал. «Қылмыскерлердің ұйымдасқан желі­ле­рі бар, неге онда бізге де ұйымдаспасқа?» – кор­рупционерлерді аулаушылар желісінің негізін қалаушы Ева Джоли осылай дейді. Жур­налистерден, детективтерден, түрлі сала ма­мандарынан құралған желілер жылда жи­налып, коррупцияны қудалауда қандай проб­лемаларға жолығатыны, оларды қалай ең­серуге болатыны, БҰҰ, ЭЫДҰ, FATF (қар­жы жылыстатумен күрес тобы) сияқты ха­лықаралық ұйымдардан жаһандық дең­гейде қандай көмек, қорғау көруге болатыны жө­нінде тәжірибе алмасады. Қазақстанда әзірге мұның бірі де жоқ, үй­­ренеріміз алда, үлгі аларымыз жетерлік. Осы орайда «егер әрбір ірі іске 14 миллионға дейін сыйақы беретін болса, онда неге бізде де мықты тергеу жүргізіп, жемқорлардың ізі­­не індете түсіп, соларды ұстаудан табыс та­­батын мамандар пайда болмады?» деген сауал туады. Мұның жауабы сан салалы. сыйақыға сыйлық Біріншіден, 30 жылда Қазақстанда тәуел­сіз журналистика жойылуға шақ қал­ды. Тек 2020 жылы Президент Қ.Тоқаевтың саяси жаңғыру реформалары арқасында қан­шама журналистің, биліктен тәуелсіз пі­кірі бар сарапшылардың тағдырын тәл­кек­ке салған, тіпті түбіне жеткен «Жала жабу» бабы Қылмыстық кодекстен алып тасталып, Әкімшілік кодекске көшірілді, ол үшін қылмыстық қудалау доғарылды. Бүгін­де Әділет министрлігі «Жала жабу» бабын Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінен де жоятын заң жобасын әзірледі. Сонда Аза­маттық кодекстің ар-намысқа, қадір-қа­сиет­ке, іскерлік беделге нұқсан келтіретін мә­ліметті сот арқылы теріске шығаруды қа­растыратын 143-бабы ғана қалады. Екіншіден, коррупция фактілері туралы ха­барлаған адамдар жете қорғалмады. Бе­делді жемқорлар өзіне кімнің шағымданға­нын біліп алып, оны қудалаған жағдайлар бол­ған. Экономикалық ынтымақтастық жә­не даму ұйымының, Сыбайлас жем­қор­лықпен күрес жөніндегі мемлекеттер то­бы­ның (GRECO) сарапшылары Қазақстандағы осы олқылықты қатты сынады. Қазақстан олардың ұсынымдары негізінде «жемқорлық фактілерін хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін заңнамалық деңгейде енгізді». Биылғы 3 қаңтардағы заң аясында коррупциялық қылмысты хабарлағандар Куәгерді қорғау бағдарламасына алынады. Антикоррупциялық қызмет олардың кім екенін өзгелер біліп қоймауы үшін барлық шараны қабылдауы тиіс. Құлақтан­дыру­шы­лар туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жат­қызылды. «Жемқорлық фактілері туралы хабар­ла­ған адамдар туралы деректерді жарияла­май­мыз, бұл – мемлекеттік құпия. Ол адам заң бойынша мемлекеттің қорғауына алынады. Со­нымен бірге оны ынталандыру үшін тө­ле­нетін ақы да конфиденциалды тәртіппен тө­ленеді», – деді шымкенттік антикор де­пар­таментінің басшысы Дәурен Ерғарин. Сыйақыдан кімдер шетқақпай қалады? Үшіншіден, қызметкерлер жоғары тұр­ған басшыларының үстінен шағым­дану­дан сескенеді. Біразы отбасын асырап отырған жалғыз жұмысынан айырылып қалудан қор­қып, үнсіз көнеді, сұрағанын береді. Төр­­тіншіден, тіпті шағымданғанның өзінде жемқорды жазалау процесі тым күрделі. Заң бойынша құлақтандырушыларға сыйақы коррупционерге қатысты сот айыптау үкімін шығарса ғана төленеді. Ал көп жағ­дайда іс қозғалмайды, қозғалғанның өзінде сотқа жетпейді, сотқа жетсе, судья ақтауы мүмкін. Салдарынан еш жаза тартпай, сал­мағы мен беделін сақтаған ұрда жық жуан жұ­дырықтылар әлгі адамнан өш алуға кірі­седі, өмірін тозаққа айналдырады. Бесіншіден, халықтың осы саладағы сауат­тылығы төмендеу. Мамандар түскен ха­барлардың көбі қаралауға ұқсас дегенді ай­тады. «Бәленбай тергеуші істі созбұйдаға сал­ ды, қарсы тараптан пара алса керек» де­ген сияқты. Антикордың мәліметінше, 2022 жылы 1424 Call-орталығына 27 мыңнан аса адам шағыммен жүгінген. Алайда соның ішін­де небәрі 233 қоңырау коррупциялық құ­қықбұзушылыққа нақты қатысты болып­ты. Мамандар азаматтардан өздері куә бол­ған, құжатпен, бейнежазбамен, басқаша дәйек­теуге келетін нақты фактілерді хабар­лау­ды сұрайды. Антикорға түсетін шағымдардың көбі қыл­мыстық, әкімшілік жазаға тартпау үшін па­ра дәметуге; билікті асыра пайдалануға; заң­сыз, параға қамқорлық жасауға; тен­дер­лердегі бұзушылықтарға; шенеуніктердің бас­қа да құқыққа қайшы тірліктеріне қа­тыс­ты болып келеді. Айтпақшы, биыл қабылданған заңға жә­не әзірленіп отырған Көтермелеу қағи­да­ларына сәйкес, әшкерелеуге қанша кө­мек­тессе де, сыйақы төленбейтін адамдар­дың санаттары анықталып отыр. Бірінші са­натқа сыбайлас жемқорлық фактісі ту­ра­лы көрінеу жалған ақпаратты хабарлағандар жатады, олар керісінше, жауапқа тартылады. Екінші санат жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органмен құпия негізде ынтымақтасатын адамдарды (информаторлар) қамтиды. Үшінші санатқа фактіні хабарлаған немесе жемқорлықты анықтауға, оның жолын кесуге, ашуға және тер­геп-тексеруге жәрдем көрсеткен, бірақ өзі сол қылмыстың орындаушысы немесе сы­байлас қатысушы болған адамдар кірді. Бұ­лар сый алмақ түгіл жазадан босатыл­ғаны­на немесе жазасының жеңілдегеніне тоқ, риза болуы керек. Көтермелеу ақысы құлақтандырушының бер­ген ақпараты шындыққа сәйкес болып шық­са немесе оның өзгеше түрде жәрдем көр­сетуі жемқорлық құқықбұзушылықты анық­тауға, жолын кесуге, ашуға және тер­геуге ықпал етсе, төленетін болады. Бірақ бәрі­бір, соттың айыптаушы үкімі немесе про­курордың ақтамайтын негізде істі тоқ­тату туралы қаулысы шығуы тиіс. Төлем рес­публикалық бюджеттен төленеді. Қағиданың тағы бір жаңалығы: өңірлік департаменттер жемқорлықпен күресуші ада­мға алғысхат беру туралы Антикорға ұсы­ным жолдай алады. Тек бұл хат жасырын кү­рескердің тұлғасын жария етуге жол аш­паса болғаны. Сала ардагері, құқықтанушы Игорь Нес­теренко ақпарат берушілерді жұмыс ор­нында қудалап, қысым жасаудан қорғау мәселелері шешімін таппағанын айтады. Олардың еңбек ету құқықтарын қорғау шараларын қабылдаған, мысалы белгілі бір мерзім бойы жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға шектеу қойған абзал. Бұдан бөлек, жемқорды әшкерелеуге кө­мек­тескен адамдардың жеке деректерін өз­геге беріп қойғаны үшін қылмыстық жа­за­ны қатайту қажет. Әйтпесе, құпиялылыққа кепілдік беру қиын. Дамыған елдердегідей, куә­герлерді қорғау бағдарламасына кірген­дерге өзге өңірден пәтер тауып беру жүйелі жолға қойылмапты. Қорыта айтқанда, ке­зегін күткен проблемалар жетерлік. Әді­летті Қазақстанда азулы, алпауыт жемқорларды құрық­тау, ең бастысы, көзбояушылыққа са­лынбай, нақты нәтижелерге жету үшін түйт­кілдердің түйіні толық тарқатылғаны маңызды.