Норвегияда коронавируспен ауырған алғашқы адам анықталды, – деп хабарлайды «Қазақпарат». Оны 26 ақпан күні кешке елдің денсаулық сақтау министрі Бент Хойе хабарлаған. Вирус жұқтырған науқас – Норвегияның солтүстігінде орналасқан Тромсё қаласының тұрғыны. Келіншек демалыс күндері Қытайдан оралған.
«Жеке тексеруден кейін сынама алынды, оның біріншісі теріс нәтиже көрсетті, бірақ соңғысы аз мөлшерде оң нәтиже көрсетті», – деді Норвегияның қоғамдық денсаулық сақтау (FHI) департаментінің өкілі Лайн Волд.Оның айтуынша, қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған әйел үй жағдайындағы карантинге жіберілген, оның жағдайы жеңіл ауру деп бағаланды. Департамент өкілдері оның басқа адамдарға жұқтыру ықтималдығы төмен екенін атап өте отырып, келіншектің Норвегияға келгеннен кейін байланыста болған адамдарын анықтауда. Сондай-ақ Л.Волд инфекция жұқтырудың жаңа жағдайлары болса, олар да шұғыл карантинге жіберілетінін айтты.