Биыл ел іші сегізінші жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтеді. Алғашында мереке форматын түрлі этнос өкілінің қазақ халқына алғыс айтып, көңіл түкпіріндегі лебізін жеткізеді деумен байланыстырдық. Қазір Алғыс айту күнін жұрт көктемнің келгенімен, берекенің бастауымен астастырады. Туған-туыс, дос-жаранға алғыс айтып, дастарқан басына жиналады.
Иә, жыл санап Алғыс айту күнінің ауқымы кеңейіп келеді. Балабақша мен мектептен басталған іс-шара мемлекеттік деңгейдегі салтанатпен жалғасады. Халықтың 1 наурызды жылы шыраймен, ыстық лебізбен қарсы алатыны көрініп-ақ тұр. Әрі бұл мереке 14 наурыз күнгі Көрісу күніне алғышарт болып, қабысып жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан да этнографтар біраз жылдан бері 1 наурыз бен 14 наурыз аралығына атау беріп, өзінше тойлауды ұсынып жүр.
«Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірім танытып, өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген еді.Жалпы, әлемде Алғыс айту күні тарихы 1621 жылдан бастау алады. Алғаш рет бұл күнді ағылшын колонистері тойлаған. Губернатор Уильям Брэдфорд қыс бойы аштыққа төзген халықтың көңіл күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Оның бұл үрдісін көршілері де қостап, дәстүрге айналдырып, қаһарлы қысты шығарып салып, думандатады. Ағылшындар үшін алғыс айту күнінің символы – түйетауық. Өйткені колонистер мерекені алғаш рет тойлағанда төрт түйетауық жеген екен. Келе-келе Алғыс айту күнінің географиялық ауқымы кеңейді. Мәселен, 1789 жылы Джордж Уашингтон алғыс айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды. Аталған күні бір дастарқан басында жиналып, туған-туысқа сыйлық беріп, қуанту үрдіске айналады. Адамдар бір-бірінің көңілін көтеру үшін сан түрлі тосынсый ойлап табатынды шығарған. Қала ішіндегі метрода атаулы үстелге азық-түлік пен ақша қойып, қайырымдылық жасау да әдетке айналған. Соның ішінде ХVІІ ғасырдан келе жатқан әртүрлі киімді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кеш ұйымдастырады. Атаулы күннің қарсаңында жұрт жүзіндегі күлкі мен мейірім бар ауыртпалықты артта қалдырғандай әсер сыйлаған.
Айбике ЖАНАСЫЛ