АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ресми сапармен келді. Бұл туралы мемлекеттік хатшымен бірге ұшып келген батыс журналистері Twitter-де жазды, – деп хабарлады tengrinews.kz.
"Блинкен Орталық Азияға саяхатын Қазақстаннан бастайды, оны түнгі сағат 02.00-де мұзды Астананың жел соққан асфальтында қарсы алды. Температура минус 8°C", – деп жазды AFP тілшісі Шон Тендон Twitter-де. "Біз мемлекеттік хатшы Блинкеннің Орта Азия мен Үндістанға (G20 Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне) сапары аясында Қазақстанға, Астана әуежайына жаңа ғана қондық",– деп жазды Иэн Марлоу өзінің Twitter аккаунтында.Бұған дейін Энтони Блинкеннің Қазақстанға келетіні жайлы ҚР СІМ хабарлаған болатын. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді онымен екіжақты келіссөздер өткізбек.