Алматы облысындағы байланыс жоқ ауылда әкесі мен 2 кішкентай баласы тірідей жанып кетті
Алматы облысындағы байланыс жоқ ауылда әкесі мен 2 кішкентай баласы тірідей жанып кетті
Фото: vestivrn.ru
825
оқылды
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында үйден шыққан өрттен 40 жастағы ер адам мен оның екі кішкентай баласы қаза тапты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қайғылы жағдай туралы ақпаратты БАҚ өкілдері жариялады. Жазбаға сәйкес, тұрғындар өрт сөндірушілерді дер кезінде шақыра алмаған. Айтуларынша, жер үйден шыққан өрттен әкесі мен кішкентей екі баласы тірідей жанып кетті. Тұрғындар уақытында көмек шақырып, өрт сөндірушілерге хабар бере алмаған. Өйткені ауылда ұялы байланыс жоқ. Осыған байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түсінік берді. «Алматы облысы  Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында 524 адам тұрады. Байланыс операторларының дерегінше, елді мекенде ұялы байланыс 2G «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Кселл» АҚ байланыс технологиялары қолжетімді. Байланыс операторы берген лицензиялық міндеттемелерге сәйкес, 500-ден астам халқы бар елді мекендер кем дегенде 2G стандартының дауыстық байланысымен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелерін орындамады»,– деп хабарлады ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов. Белгілі болғандай,  Кепебұлақ ауылында «Кар-Тел» ЖШС операторы ұялы байланыс қызметін ұйымдастыруы тиіс болған, ал «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторлары бірлескен келісім шеңберінде (инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану) қызмет көрсетуге міндетті еді. «Алайда «Кар-Тел» ЖШС басқа екі ұялы байланыс операторы үшін бірлескен келісім шеңберінде ұялы байланыс инфрақұрылымын ұйымдастырған жоқ, осыған байланысты осы ауылдағы байланыс сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Операторларға қатысты көрсетілетін қызметтердің сапасына тиісті тексеру жүргізіліп, операторларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланады»,– деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері.