Бүгін сайлауалды үгіт-насихат кездесулерін ЖСДП үміткерлері «Астана Су арнасы» кәсіпорнының ұжымында жалғастырды. Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша үміткер Талғат Омаров кездесуге жиналғандарды социал-демократтардың қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға арналған бағдарламасымен таныстырды.
Үміткер стратегиялық маңызды салалар туралы ойларын айтты, партияның сайлауалды бағдарламасында жазылған жер қойнауын пайдалануға қатысты келісімшарттар тек Қазақстан аумағында жасалып, барлық төлемдер тек отандық резидент банктер арқылы жүргізілуі тиіс деген талаптарды түсіндірді.Сонымен қатар өздерінің сайлауалды бағдарламасында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) барлық қазақстандықтар үшін тегін жоғары білім енгізуді ұсынады. Партия өкілдері осылайша білікті мамандардың, әсіресе жастардың шетелге кетуіне тосқауыл қойып, маман тапшылығына қатысты мәселені шешуге болады деп сенеді.