Мен үшін қазақ халқы бәрінен жоғары тұрады – Асылы Осман

Мен үшін қазақ халқы бәрінен жоғары тұрады – Асылы Осман

Бүгін, 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні аталып өтеді. Айтулы мереке 2016 жылдан бері тойланып келеді. Бұл күн – Қазақстанның көп диспоралы халқының ортақ тарихын құрметтейтін, азаматтардың бір-біріне жылы лебіз білдіретін күн. Осы орайда белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшесі Асылы Османмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.   – Асылы апай, алдымен ең алғаш Қазақстанға қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз. Сол кезеңде сіздерді қазақ халқы қалай қарсы алды? Қазақстанға бізді Сонау Қап тауынан 1944 жылы 14 қазанда еріксіз айдаған. Сол кездің саясаты тыныш отырған жұртты көшіріп, қазақ жеріне айдап алып келген. Мұнда келгенде мен небәрі үш жаста болдым. Алғаш келген жылдар жайлы, қазақ халқының қалай қарсы алғаны жайлы үлкендерден естіп білдім. Кейіннен өзім де өмір жолымда қазақ халқының даналығын, өзгені өзектен теппейтін тектілігін көріп өстім. Біз келгенде қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін ыстық ниет, жылы лебізбен қарсы алған. Менің үнемі айтатыным еріксіз айдалып еркін өмір сүруге жағдай жасаған, Сталин жылатқан жұртты жұбатқан қазақ деген халық. Қазақ халқы дархандығы даласынан дарығанын, тектілікке бабасынан жарығанын өзге ұлттың өкілдеріне көрсете білді. Бізді ешкім жатсынған жоқ. Тура өзінің туысындай, бауырындай құшақ жайып, төріне шығарды. Әрине, сол кезеңде қазақтың да жағдайы ауыр болды. Алайда соған қарамастан, қазақ қабақ шытқан жоқ. Қазақ боранда паналатты, шөлде саялатты, қанатының астына алды, қамқорлығын көрсетті, мейірімін төкті. Сондықтан да мен қазақ халқын ерекше адамгершілігі, тазалығы, пәктігі үшін өзгеден асқақ, жоғары санаймын. Мен үшін қазақ халқы бәрінен жоғары тұрады.   – Қазақстанға келгенде үш жаста ғана болғаныңызды айттыңыз. Демек, сіз қазақ жерінде тәрбиеленіп, тұлға болып қалыптасудың кезеңдерін осында өткіздіңіз. Осы ретте өзіңіз өскен орта, тәрбиесін көрген жандар жайлы айтсаңыз. – Біз алғаш келген кезде-ақ анамыз қайтыс болды. Алты бала анасыз өстік. Бізді әкеміз бағып-қағып өсірді. Әкемізден кейінгі қамқорлық көрсеткен біздің көршілеріміз болды. Ең алғаш мейірімін көрсеткен көрші апам болған, кейіннен Айтбике жеңешем тәрбиеледі. Шикісін пісіріп, жыртығымызды жамап әкемнің басшылығымен, көршілердің қамқорлығымен өстік. Ол кезде қазақтың өзіне қиын болса да, бізбен барымен бөлісті. Келгендерді жатсынған жоқ. Одан кейін мектепке бардық. Бізді тәрбиелеген ортаның бірі мектеп. Ол жерде де бізді ешкім алалап, бөліп-жарған жоқ. Өзімізді мүлде жат сезінген емеспіз. Жалпы адам баласына, ең алдымен, алғашқы тәрбие өте қажет әрі маңызды. Біз әкеміздің тәрбиесімен, көршілерден көргенімізбен, ортаның ықпалымен тәрбиелендік. Орта адамның қалыптасуына қатты әсер етеді. Менің әкем «далада қазақша сөйлеңдер, үйге кіргенде әзербайжанша сөйлеңдер» дейтін. Бірақ оны қазақтың тілін жеккөргендіктен айтпайтын. Ол «сендер анасыз өсіп жатырсыңдар. Ал мені ертең жұрт балаларына дұрыс тәрбие бермеді деп кінәламауы қажет. Ана тілдеріңді де ұмытпаңдар» деп айтатын. Осылайша біз қазақ халқын, оның тілін, дәстүрін үйдегі тәрбие арқылы құрметтеп, кейін негізгі мақсат қылып ер жеттік. Сол көрші-қолаңмен, мектептегі балалармен, мұғалімдермен, кейінгі өмірде кездескендердің ешқайсысымен келіспеушілік болған жоқ. Бірлігі жарасқан керемет орта бізді тәрбиелеп, тұлға болып қалыптасуымызға зор ықпалын тигізді.   – Өзіңіз қазіргі өскелең ұрпаққа қандай өсиет айтар едіңіз? Қазір Құдайға шүкір бізде баршылық заман. Бірақ бізде жетіспей жатқаны – ол ұлттық тәрбие. Менің үнемі айтатыным білім әлемдік болуы керек, ал тәрбие ұлттық болуы керек. Ол тәрбиені бойымызға дарытатын тіл. Бәріне топырақ шашпаймын, бірақ өз тілін білмейтін жастарымыз бар. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Өйткені мына топырақтың иесі де, киесі де қазақ. Қазақстан әр ұлт өкіліне еркіндік пен теңдік берген. Соның арқасында әрбір ұлт тілін де, әдет-ғұрпын да сақтап келе жатыр. Алайда ол жалпы ұғым. Әрқайсысымыздың ана тіліміз бар, бірақ мемлекеттің тілі біреу-ақ. Ол – қазақ тілі. Сол қазақ тілін бүгінде қазағымның өзі де ана тілі ретінде, мемлекеттік тіл ретінде дәріптеп, өз дәрежесінде білмей жатыр. Тілді білмегендіктен әдет-ғұрып, ата дәстүріміз де ұмыт қалып барады. Ата дәстүрі деген қазақта ғана бар, соны сақтай алмай отырмыз. Сондықтан жастарға, ең алдымен, айтарым ата-бабаңнан келе жатқан әдетіңді, ғұрпыңды, салтыңды бойыңа жина, жүрегіңнен орын бер, санаңда сайрат. Ал әлемдік білімді кез келген жерден алуға болады. Тілдің адам өміріндегі һәм ұлт өміріндегі орны ерекше. Ұлтты ұлт етіп көрсететін тіл ғана. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры да, тарихы да, тұрмысы да, мінезі де, болмысы да көрініп тұрады. Сол себепті жастардың бойына осыны сіңдіруіміз қажет. Тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады. Ары қарай сіздің әдетіңізді де, ғұрпыңызды да, тарихыңызды да, мәдениетіңізді де баланың бойына сіңдіретін көкейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана.   – Ал енді қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, жылы лебізіңізді білдіріп өтсеңіз. – 2016 жылдан бері қарай Алғыс айту күнін атап өтіп келеміз. Алғыс айту күнінің мағынасы ерекше. Осы тұста алғыс деген сөздің мәнін дұрыстап ұғып, түсіне білуіміз керек. Алғыс сөзі – ізгі ықылас, жақсы ниет, адал пейіл деген сөздерден тарайды. Олай болатын болса біз бір-бірімізге адал ниетпен қарап, жылы лебіз бен жақсы ниет таныта білуіміз қажет. Алғысты мен, ең алдымен маған мейірімділік, қайырымдылық көрсетіп, перзентіндей мәпелеп осы күнге жеткізген, арамдықтан ада, қиянаттан шет қазақ халқына айтамын. Қазақтың тілегі тұнық, ниеті ақ, жүрегі пәк, сөзі қуатты, жүзі шуақты. Сондықтан мен қазақ халқына мәңгі қарыздармын деп айтсам артық емес. Алғысым шексіз, ақ пейіліммен рақмет айтамын! Сонымен қатар, қазақ топырағын басып жүрген барша қазақстандықты, отандастарымды шын жүректен Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Осылай бірлікте, тыныштықта, сыйластықта күн кешейік. Сұхбаттасқаныңызға рақмет!