Әскерге баруына байланысты кредитті төлеу мерзімін кейінге шегерген сарбаздардың саны жарияланды
Әскерге баруына байланысты кредитті төлеу мерзімін кейінге шегерген сарбаздардың саны жарияланды
619
оқылды

Қорғаныс министрлігі әскерге баруына байланысты кредитті төлеу мерзімін кейінге шегерген сарбаздардың санын жариялады, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бүгінде мерзімді әскери қызметке келген сарбаздар тұтынушылық кредиттер, микрозаймдар және тағы басқа қарыздар бойынша төлем жасауды кейінге шегере алады.
"Жалпы, 13 ай беріледі. 12 ай – бұл әскери қызметтің мерзімі. Оған тағы бір ай қосылып отыр. Осы уақыт жұмысқа тұру үшін беріледі. Сөйтіп, кредитті ары қарай төлей беруге болады. Бүгінде 3,5 мың сарбаз осы мүмкіндікті пайдаланды. Осылайша, шамамен  5 мың кредиттің төлемі тоқтатылды", – деді Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұдан бөлек, биылдан бастап мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздар жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз түсе алады.
"Ондай мүмкіндік әскер қатарынан босатылғаннан кейін екі жыл сақталады. Бүгінде 41 жоғары оқу орнымен меморандум рәсімделді. Соның негізінде мерзімді әскери қымзетті атқарған сарбаздарға 3 грант бөлінді. Оған әскерде жоғарғы жетістіктерге жеткен жастар түсе алады", – деп атап көрсетті Ахмедиев.