Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары көктемгі су тасқынына дайындық мәселелерін мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен кездесуде талқыға салды. Комитет төрағасы Асқар Шәкіров Парламент Сенаты көктемгі су тасқынына байланысты мәселелерді жыл сайын көтеріп келе жатқанын атап өтті. Ол соңғы жылдары көктем келген сайын су тасқыны болатынын және мыңдаған ауыл тұрғыны қиын жағдайда қалатынын атап өтті.
«Атқарушы билік төтенше жағдайларға дайындық туралы жыл сайын есеп береді, алайда су тасқыны кезінде күш-қуат пен құрал-жабдық ұдайы жетіспей қалады. Кейіннен соның зардаптарын жоюға әжептәуір бюджет қаржысы жұмсалады», – деді Асқар Шәкіров.Сенатор бұл кездесудің мақсаты – иесіз гидротехникалық құрылыстарды коммуналдық меншікке беру, гидрометеорологиялық қызметтердің жай-күйі және басқа да бірқатар маңызды мәселені талқылау екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мереке Пішембаев су тасқыны саласындағы ағымдағы жағдай туралы баяндама жасады. Ол 2023 жылдың басынан бері қатты жауын-шашын мен температураның күрт көтерілуінен 1 үй, 46 елді мекендегі 317 аула аумағы зардап шеккенін және 24 жол учаскесін су басқанын хабарлады. Бұл жағдайда ТЖМ күшімен су айдау, құм толы қапшықпен бөгеу және су кететін арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Синоптиктердің алдын ала болжамы бойынша су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталып отыр. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында қатер қаупі жоғары екені анықталды. Сенаторларға су тасқыны жағдайына дайындық аясындағы шаралар туралы Экология және геология министрінің орынбасары Галидулла Азидуллин айтып берді. Оның айтуынша, жедел штаб құрылып, кезекшілік кестесі бекітілді, сондай-ақ тасқын суды жіберіп жинақтайтын қауіпсіз орын бекітілді. Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары сенаторларды жергілікті жерлердегі жағдай туралы хабардар етті. Асқар Шәкіров кездесуді қорытындылай келіп, апатты жағдайлардың алдын алу үшін су объектілеріне тұрақты мониторинг ұйымдастырудың, бақылау пункттері мен гидробиологиялық көрсеткіштер стансаларын күшейту маңыздылығын атап өтті.
«Төтенше жағдайлардың туындау қаупін бағалау кезінде трансшекаралық су объектілерінің болуын ескеру қажет. Осыған байланысты трансшекаралық су объектілерін басқару саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және кеңейту, қолданыстағы шарттар мен келісімдерді ескере отырып, шаралар кешенін жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі болып табылады», – деді комитет төрағасы.Кездесуде еліміздегі су тасқыны жағдайына қарсы іс-қимыл туралы айтылған ұсыныстар салалық министрліктердің жұмысында, сондай-ақ депутаттардың заң шығару қызметінде ескерілетін болады.