Ұлытау облысының кейбір бөлігі экологиялық апат аймағы деп жариялануы мүмкін.
«Мессенджерлерде жалақыға үстемеақы және қосымша демалыс берілетіні туралы аудиохабарлама тарап жатыр. Осы орайда Ұлытау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21 қазандағы №28/02 қаулысымен аумақты зерттеу жөніндегі комиссия құрылғанын ескертеміз. Бұл ретте өңірдің кейбір бөлігін экологиялық апат аймағы деп жариялау ескерілген. Комиссия мүшелері аймақты толық зерттеу керек екені жайында бірнеше отырыс ұйымдастырды. Нәтижесінде, ғылыми-зерттеу институттарын жұмысқа тарту туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігі.Қазір мемлекеттік сатып алу порталында тиісті зерттеулерге конкурс жарияланды. Бұл бағыттағы жұмыс 1,5-2 жылға созылады. Зерттеу жүргізіліп, сарапшылардың қорытындысы шыққаннан кейін нәтижелер Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына жіберіледі.
«Аталған министрліктердің рұқсатымен және Үкіметтің Қаулысы негізінде Жезқазған қаласы, Сәтбаев және Ұлытау облысының Ұлытау ауданының бір бөлігі экологиялық апат аймағы болып жариялануы мүмкін. Содан кейін ғана тиісті төлемдер және әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады», – деп атап өтті әкімдік хабарламасында.