Ғылымды коммерцияландырудың алғашқы қадамдары
Ғылымды коммерцияландырудың алғашқы қадамдары
435
оқылды
Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институт алаңында Ғылым қорының ұйымдастыруымен «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» атты ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша мамандандырылған диалог алаңы өтті. Іс-шара аясында Қазақстан­ның ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары Ғы­лым қоры бизнес-серіктестер клубы­­ның мүшелеріне, кәсіпкер­лерге және әлеуетті инвесторларға ғылыми идеялары мен әзірлеме­лерін ұсын­ды. Әр қатысушы 3 ми­­нут ішінде әлеуетті биз­нес-се­рік­тестерге өздерінің ғылыми әзір­лемелерінің коммерциялық құн­дылығын баяндап берді. Ұсынылған жобалар қатарын­да пайдаланылған өсімдік майла­рын экологиялық тазарту, өртті сөндіру стикерлерін жасау техно­логиясы, Space 3D индустриялық принтер, теңдестірілген құрамы бар функционалды сары май, қатты шырғанақ майы және тағы басқа ғылыми жобалар бар. Диалог алаңының мақсаты ғылым мен бизнестің интеграция­сын күшейтуге бағытталған, мұн­да бизнес өкілдері ғалымдарға жаңа өндірістер құра отырып, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын іске асыруда барынша нәтижелерге қол жеткізуге, соны­мен қатар жаңа жұмыс орын­дарын, бюджетке салық түсімдерін ұйымдастыруды қамтамасыз етуге көмектесе алады. Диалог алаңына Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнер­кәсіптері ғы­лыми-зерттеу институтының бас­қар­ма төрағасы Нұржан Мусли­мов, Ғылым қорының басқарма төрағасы Әбділда Шәменов, QazInnovations басқарма төрағасы Санат Аханов, «Өнімді иннова­ция­ларды ынталандыру» жобасы директоры­ның орынбасары Дар­хан Сейтқазин қатысты. Сонымен қатар 8 спикер-ғалым, 50-ден ас­там бизнес өкілі болды. Іс-шара барысында Ғылым қорының, QazInnovations, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының (Дүниежүзілік банк) өкілдері техно­логия­ларды ком­мер­цияландыруды гранттық қар­жы­­лан­дыру бағдарламаларына қа­тысу шарттары жөнін­де айтып берді. «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы инвестиция­лар және жаңа жобалар департаментінің дирек­торы Құрманғазы Омаровтың айтуынша, жобаларды іріктеу бары­сында қоғамдағы сұраныс ескерілген.
– Сегіз жобаны іріктеп алуда­ғы басты талап – коммерциялық жағынан тиімді болуы. 30 жобаны қараған кезде нарықтағы сұраныс, тұтынушылардың болуы да еске­ріл­ді. 8 жоба нарыққа шығуға са­лыс­­тырмалы түрде оңтайлы. Был­тыр ғылым мен бизнесті бірік­тіру мақсатында «Ғылым қо­ры» төрт іс-шара ұйымдастырды. «Техно­логияларды коммерция­ландыру реакторы» аясында 31 аяқталған жобаның презентация­сын Қазақ­станның бизнес өкіл­деріне ұсын­дық. Оның ішінде 16 жоба бойын­ша бизнес пен ғылым арасында тех­нологияларды ком­мер­циялан­дыру бойынша бірлес­кен келісім­шарт жасасты, – деді Құрманғазы Омаров.
Сондай-ақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібіндегі ғылыми қыз­мет нәтижелерінің көрмесі ұйым­­дас­тырылды, мұнда бизнес­мен­дер мен ғалымдар техно­ло­гияларды бірлесіп коммерциялан­дырудың тә­жірибесін, көрсет­кіш­терін және даму жос­пар­ларын таныстырды. Кездесу қорытындысы бо­йын­ша бизнес-кәсіп­орындар мен ғылыми ұйымдар арасында ҒҒТҚН ком­мерцияландырудың 5 жо­басы бойынша бірлес­кен қыз­мет туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді.