АҚШ маған үлкен өмірдің ережелерін үйретті – Әзиза Елеусін
АҚШ маған үлкен өмірдің ережелерін үйретті – Әзиза Елеусін
710
оқылды
Әзиза Елеусін – АҚШ-тың Индиана шта­тын­дағы Bluffton High School мектебінің оқушысы. Он бес жастағы шына­шақ­тай қа­зақ қызы мұхиттың арғы жағына қалай топ ете қал­­ған деп таңғалсаңыз айтайық: ол жер-жер­дегі жоғары сынып оқушы­ла­ры­на АҚШ мек­те­бінде бір жыл оқуға мүм­кін­дік беретін аме­ри­калық бағдарламаның жеңімпазы атанған. Әзизаның америкалық ата-анасы бар Негізі Әзиза Орал қаласындағы IT лицейде оқиды. FLEX бағдар­ламасы жайында анасынан естіген соң, бір жыл бойы оған тыңғы­лықты дайындалады. Үш кезеңнен тұратын байқауда оқушы берілген тақы­рып­тарға бірнеше эссе жазып, одан бөлек, ағылшын тілін жетік білетінін тест арқылы дәлелдеуі тиіс, содан кейінгі шешуші тур – бағдарлама өкілдерімен сұхбаттасу. Солардың бәрінен сүрінбей өткен жеңімпаз АҚШ-қа аттанып, сон­дағы амери­калық отбасында өмір сүреді. Оны флекстықтар «хост-отбасы» (host – ағылшын тілінен аударғанда «қонақ күтуші» деген сөз) деп атайды: хост-анаң, хост-әкең, хост-бауырларың, тіпті ке­­рек десең, хост-әже-атаң болады, тек айырмашылығы – олар аме­рикалықтар.
«Эссе жазғанда да, сұхбаттасу кезінде де неге қызығатыныңды, қандай да бір ситуация туа қалса, не істейтініңді сұрайды. АҚШ-тағы болашақ хост-отбасың сол жауап­тарыңды оқып отырып таң­дау жа­сайды. Мысалы, мен эсседе ғарыш саласына қызығатынымды, бола­шақта ғарышты зерттеу бо­йынша көшбасшы саналатын Пюрдю университетіне түскім ке­летінін жазғанмын. Сөйтсем, ға­рыш тақы­рыбы менің хост-әкем Кевиннің де хоббиі екен. Оның үстіне, олар Пюр­дю университеті орналасқан Индиана штатында тұратын болып шықты. Сөйтіп, мені Кевин мен Сара Уизерс өз от­басына қабыл­дады», – дейді Әзиза.
Отбасылық мейрамдар ерекше тойланады Әзизаның хост әке-шешесі Ке­вин мен Сара бұған дейін 17 шет­елдік оқушыны қонақ еткен екен.
«Содан болар, екі бөлек мента­литеттегі адамдар болсақ та, тез тіл табысып кеттік. Шетелдік бала­лармен көп араласқан соң олардың басында қандай да бір шекаралар жоқ, барлық мінез-құлқымызға түсіністік танытады, өте ашық. Қа­зір олардың үйінде менен басқа тағы бір қонақ қыз – Тайландтан келген Хасана есімді оқушы бар. Екеуіміз бір бөлмеде жатамыз. Бүгінде Хасана менің жан құрбы­ма айналып кетті», – дейді кейіпкеріміз.
Әзиза Елеусін Әзизаның хост-отбасында Christmas, Thanksgiving Day секілді мерекелерде бас қосу дәстүрге айналған. Бұл мейрамдарда тіпті шалғайда тұратын хост ата-әжесі де келіп, Әзизалармен бірге бәліш, күркетауық пісіреді, оларға сыйлық үлестіреді екен.
«2018 жылы бұл үйде Ал­тынай есімді қазақ қыз тұ­рыпты. Сондықтан олар біз­дің асхананы жақсы бі­леді. Алғаш рет бауырсақ пісір­ген күні қуан­ған­дарын көр­сеңіз. «Біз пісір­сек, бәрібір дәл бұлай дәмді болып шықпайды» деп сүй­сі­ніп жейді», – дейді Әзиза.
Мұғалімдер қас-қабағыңа қарайды Америкалық мектептер тура фильмдерде көрсетілетіндей ме деп сұрадық кейіпкерімізден. Расымен ұқсастық көп екен: оқушыларда ер­кіндік көп, мектеп формасы да жоқ, мұғалім мен балалардың ара­сында мейлінше ашық әрі жана­шырлыққа толы қарым-қатынас орнаған.
«Оқу жылында жалпы сегіз пән оқытылады: оның кейбірі міндетті пәндер болса, қалғанын өзің таң­дайсың. Тағы бір қызығы, сол элек­тив пәндерді таңдағандарда сынып айырмашылығы деген жоқ. Мә­селен, физика сабағында мен он сегіз жастағы оқушылармен бірге оқыдым», – дейді Әзиза.
АҚШ мектебі Мектепте көшіру, шпаргалка қолдану, жалпы академиялық адалдыққа қайшы келе­тін кез келген әрекет қатаң жаза­ланады.
«Бізге кітап оқып, сол бойынша тоқыған ой-пікірле­рі­мізді эссе етіп жазуды жиі тап­сырады. Интер­нет­тегі материалдарды пай­далана алмай­сың. Сабақ оқу үшін мек­тепте бе­рілетін ноутбуктарымызда көп сайт бұғаттаулы тұрады, тек сабаққа тікелей қатысты сайттар ғана ашық. Мен әлі бірде-бір рет әлдекімнің шпаргалка қол­дан­ғанын, көшір­генін көрмеппін. Плагиат үшін School Principal-дың, яғни біздіңше мектеп ди­ректорының кеңсесінен бір шығасың», – дейді кейіпкеріміз.
Әзизаның айтуынша, мұ­ға­лімдер баламен тең дәрежеде сөй­леседі, кейде тіпті сырла­сады. Ба­лалардың, әсіресе шет­ел­дік оқушы­лар­дың көңіл күйі жоқ екенін байқаса, дереу сабақтан соң не бол­ға­нын сұрап, хост-отбасын­дағы жағдайы жақсы екеніне көз жеткізбейінше, тыным таппайды екен. Черлидерлер айрықша беделге ие
«Америкалық жасөспірімдер шынымен де кинодағыдай еркін. Бұл еркіндікке олар кішкентай кезінен дағдыланған. Олардың еркін болып өсуіне ата-анасы да, айналасындағы ортасы да, мектебі де жағдай жасайды. Мектепке тіпті ұйықтауға арналған киіммен келе­тіндерді де көрдім. Меніңше, олар­дағы еркіндік көбіне шы­ғарма­шылық тұрғысында көрініс тауып жатады. Мысалы, біздің мектепте белгілі бір түспен киіне­тін күн бар: қызыл түстің күнінде бәріміз қызыл түсті киіммен ке­леміз. Мұндай ерекше дәстүріміз­ге мұғалімдер де қосылады», – дейді Әзиза.
Әзиза.... Фильмдермен тағы бір ұқ­сас­тық – америкалық жастардың өмірінде спорт ерекше орын ала­ды. Кім спорттық іс-шараларға қаты­са­ды, черлидер болады – ондай оқу­шылар мектепте үлкен беделге ие.
«Черлидердер туралы фильм­дерде олар мектепте жоғары кас­таның өкілі сияқты көрсетіледі ғой. Шынымен де солай. Спорттық жарыстарға қатысатындарға ар­налған күрте бар, соны киіп алған оқушылар өзгелердің көзінде су­перқыз/супербозбала болып кө­рінеді. Мектептер спортты бе­делді ету арқылы жастар мен ба­лаларды онымен белсене айна­лысуға ынта­ландырады», – дейді Әзиза.
Әзиза Елеусін. Волонтерлік жоғары бағаланады Әзиза сабақтан тыс уақытта екі орталықта волонтерлікпен айна­лысады. Оның бірінде жалғыз­басты аналардың балаларын анасы жұ­мыс­та болған кезде бағып қарасады. Енді бірінде мүгедектігі бар оқу­шы­лар­дың түлектер кешіне да­йындалуына көмектеседі: көйлек таңдасады, ма­кияжын жасайды, шашын сән­дейді.
«АҚШ-та волонтерлікке баса көңіл бөлінеді. Жастар да, ата-әжелер де волонтер болуға құл­шы­нады. FLEX бағдарламасы аясында біз кемінде 30 сағат волонтерлік етуге міндеттіміз, егер сертификат алғымыз келсе, бұл іске 100 са­ғатымызды арнауымыз керек. Во­лонтер болу оқуға түсерде де, жұмысқа қабылданар­да да жоғары бағалана­ды», – дейді Әзиза.
АҚШ Мұнда келіп, кейіпке­ріміз үл­кен өмірдің ере­же­ле­рімен жақ­сы­рақ танысып жат­­қанын мойында­ды. Айтпақшы, бұдан бірнеше жыл бұрын Әзиза «Болашақ» бағдарламасының стипен­диаттары атанған ата-ана­сымен бірге Англияда тұрып келген екен.
«Бірақ Англияда әке-шешем жанымда болғандықтан, алаңсыз өмір сүрген едім, ол кезде бұдан әлдеқайда кішкентай болдым, ағылшын балаларына сіңісіп кету де қиын болмады. Ал мұнда жас­өспірімдердің ортасына түскен соң, тіл табысу бәрібір қиын­дайды екен. Бір жағынан ысылып жат­қан­даймын, үлкен өмірде ол өте керек болар. Мұндағы құрдас­тарым 14-15 жасынан бастап part-time (толық емес жұмыс күні) жұмыс істейді, өйткені 18-ге тол­ғаннан бастап олар өз бетінше өмір сүруге мәжбүр. Көбі қазірден бастап жұмыс істеп, университетте оқуға ақша жи­найды. Олардан үлкен өмірге керек көп дағды-қасиетті үй­рендім», – деді Әзиза сөзінің соңында.