Ел ішінде тазы стандартын бекіту жайлы бұрыннан айтылып жүр. Өйткені қазір таза қанды тазының қатары сиреп кеткен. Сондықтан тазы мен төбет тұқымын сақтау үшін Ұлттық орталық құрылатыны көпті қуантты. Жалпы, қазақы ит тұқымын сақтауға 1,4 млрд теңге жұмсалмақ. Әрі патент мәселесі де шығу тегіне келіп тіреледі. Өйткені қоғам белсенділері 300-ге жуық қана стандартқа сай тазы бар екенін айтады. Иә, осыған дейін Мәжілістің VII шақырылымының депутаты Әмірхан Рахымжанов қазақы ит тұқымдары геофондының нашарлау үрдісі ғана емес, сонымен қатар бірқатар өңірде толық жойылу қаупі барын атап өткен. Бұған аталған генофонның жай-күйін бағалау, олардың генетикалық бейінін жасау бойынша ғылыми зерттеулердің жоғы мен мемлекет деңгейінде қолдау болмауы себеп. Асылтұқымды тазыны сақтау қажет Десе дегендей, жақында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң аясында иттің генетикалық сапасын ғылыми бағалау, селекциялық сараптамалар жүргізу, жинақтау арқылы қажетті ғылыми база құруға мүмкіндік бар. Сәйкесінше, қазақы тазы мен төбетке қатысты стандарт бекітілді. Мәселен, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тиісті құжатты АшықНҚА порталында жариялады. Стандарт бойынша тазының бойы орта не ортадан жоғары болуы керек. Сондай-ақ жеңіл жорту, аңды аңду кезінде шапшаң жүгіруі маңызды. Алғыр, қырағы, аңға өшпенді, төзімді және икемді болғаны жөн. Ал қазақы төбетке келсек, шоқтығының биіктігі құйымшағындағы биіктікке тең. Басының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктің кемінде 40 пайызын құрайды. Дене тұрқының ұзындығы шоқтықтағы биіктіктен шамамен 10 пайызға асып түседі, бұл ретте төбеттер аналығына қарағанда біршама жинақы. Тізе берсең, стандартта бекіткен талап көп. Айталық, қазақы иттерді сақтап қалу жайы күн тәртібіне енгені «Асыл тазы» қоғамдық ұйымының басшысы Нұрғали Аманжолұлын бір серпілтіп тастады. Ол жеті жылдан бері асылтұқымды тазы ертіп, аңшылыққа шығады. Мұны кәсіп түріне де айналдырып үлгерген. Күз бен қыс аралығында Алматы облысында орналасқан демалыс орнына ағылатындар көп.
«Стандарт туралы айтып жүргенімізге біраз жыл болды. Қазақ үшін тазының орны бөлек. Әсіресе, ашаршылықта бір тазының күллі ауылды асырағанын ата-бабамыз айтып отыратын. Жалпы, стандарт дегеніміз не? Әр ұлттың өзіне тиесілі иті болғаны жөн. Мысалы, неміс овчаркасы, орыс тазысы, араб тазысы (слюги) бар. Сол сияқты қазақтың құмай тазысы болған. Таза қанды ит тұқымын сақтап қалу үшін стандарт аясында жұмыс істеу керек. Одан бөлек, әлемдік кинология орталығынан патент алу керек. Яғни, тазының шыққан жері Қазақстан екенін дәлелдейміз. Қырғыздың көкпарды, немістің саумалды патенттеп алғанын ескеріп, сақ қимылдау қажеті тағы бар. Ұйым өкілдері тазы қанына ғылыми тұрғыда сараптама жүргізеді. Оған қоса, олардың саны кем дегенде 1 000-ға жетуі қажет. Өкінішке қарай, қазір асылтұқымды 300-ге жуық тазы бар», – дейді Нұрғали Аманжолұлы.
«Айтпағым, қазір төбеттің саны тазыдан да азайып кетті. Себебі қазақы төбетті бірен-саран шопан, таулы жерде тұратындар ұстамаса, көп кездестірмейсіз. Сондықтан стандарт бекіп, заң қабылдап жатқаны қуантады. Ел ішінде алабайдың кең таралып кеткенін білеміз. Кейбірі түрікмен алабайы мен төбетті буандастырдық деп жатады. Төбеттің өзіндің ерекшелігі бар. Сол үшін оны өзге итпен шатыстырып, күшік алудың қажеті жоқ. Төбет – тумысынан иесіне адал, мал бағуға, ұстауға таптырмайтын ит. Тау төбет, қой төбет деп бөліп жатамыз. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар. Тұқымын бұзбай, барынша сақтағанымыз дұрыс», – дейді саятшы.
Бәріміз «Сырттандар» ертегісін оқыған соң иттің сырттаны дегенді жақсы білеміз. Сансызбай Базарбайұлының айтуынша, қасқырдың артқы аяғында артық тырнақ болғанда сырттанға жатқызған. Сондай-ақ кей төбет пен тазының да артқы аяғында артық тырнақ болған деседі. Бірақ саятшы мұны будандастырудың арқасы деп отыр. Сондықтан қазақы иттің тұқымын бұзбай, көбейтіп, патенттегенді құп көреді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ