Атырауда анасын бірнеше рет балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды
Атырауда анасын бірнеше рет балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды
Фото: mail.kz
603
оқылды
Атырау облысында анасын балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды.  Оған бұған дейін де осындай әрекеті үшін ескерту берілген. Атырау облысының Махамбет аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы  2-бөлігімен Б.А.-ға қатысты іс қаралды. «Сот талқылауы кезінде Махамбет ауданының жұмыс істемейтін 31 жастағы тұрғыны Б.А. анасын сыйламай, былапыт сөйлейтіні, сөйтіп  отбасы тыныштығын бұзғаны анықталды. Ол осындай теріс әрекетке екінші рет барып отыр. Биылғы жылдың 9 қаңтарында ол осы тектес әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы  1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алған. Бірақ  бұрынғы ісінен еш нәтиже шығармай, қайталап құқықбұзушылық жасаған», деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі. Махамбет аудандық сотының қаулысымен Б.А. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы  2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Еске сала кетсек, бұдан бұрын Атырау облысында жасөспірімнің өліміне себепкер болған қарт жүргізуші сотталғанын хабарлаған болатынбыз. Жылыой аудандық сотында жасөспірімді қағып, мерт қылған 73 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы  3-бөлігімен айыпталған. Сот үкімімен қарт жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабымен 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жазаға сотталды. Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.