Өскеменнің іргесіндегі Прапорщиково ауылының маңында құлаған АН-2 ұшағының экипажы болған оқиға туралы айтып берді. Кеше сағат 12.26-да Прапорщиково ауылы маңында «Орлан-2000 әуе компаниясы» ЖШС-ның 0001 борт нөмірлі АН-2 ұшағының КОЖ1477 рейс экипажы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болғанын еске саламыз. Олар санитарлық тапсырма бойынша пневмониямен науқастанған 4 айлық сәбиді облыс орталығына жеткіу үшін ұшып шыққан екен. Ұшақтың бортында барлығы 5 адам болған. Оның екеуі дәрігерлер – санавиация меңгерушісі Рафаил Халитов пен фельдшер Бек Асаубаев. Жолда қозғалтқыштан техникалық ақау байқалып, ұшақ қуатын жоғалта бастайды. Экипаж бұл туралы диспетчерге хабарлайды. Ұшақ командирі Сергеу Шкулов мәжбүрлі түрде қонуға бел буады. Ол қайта Өскеменге қарай бет алған. Қаланың немесе ауылдың үстінде құламау үшін командир ұшақты жазық далаға қарай бағыттаған. Әуежайға жетіп үлгермейтін болғандықтан, қарға қонуға тура келген. Осы кезде шасси қарға батып кетіп, ұшақ аударылады да, қозғалтқыш жана бастайды. «Экипаж бен дәрігерлер қауіпсіздік белдігін тағып отырған екен. Барлығы аман, ауруханада тексеруден өтіп жатыр. Екінші командир Александр Иванов ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасындағылар. Сондай-ақ Ақсуаттағы науқас сәбиге тікұшақ жіберілгені хабарланып отыр. Осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Авиациялық оқиғаларды тексеру басқармасы қолға алды. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан