Алматыда жол ережесін өрескел бұзған 22 жастағы жігітке жарты млн теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу деректері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаевтың айтуынша, бөлімшенің іздестіру бөлімінің қызметкерлері тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған BMW автокөлігінің жүргізушісі анықталған.
"Оның әрекетінде 29 құқықбұзушылықтың белгілері байқалды. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі ("маневр жасау ережелерін бұзу") бойынша 27 хаттама, тағы 2 хаттама ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі ("апаттық жағдайды туындату") бойынша толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 534 750 теңгені құрады", – дейді Ержан Ұзабаев.