Бұған дейін әлеуметтік желілерде бір топ оқушының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, өздерінің колледж басшыларынан қысым көріп жатқанын айтқан видеоролик тараған болатын. Колледж директорының айтуынша, студенттер мен оқушылар бірнеше күн бойы оқудан себепсіз қалып, колледж басшыларына ультиматум қойған. Олардың басты талабы – жұмыстан шығарылған жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратовты қайта жұмысқа алдыру. Төлеген Тілеумұратұлы жұмысқа қайта келсін деп колледж басшыларына талап қойған 13 бала сабаққа келмеген. Елбасы мен Президентке видеоүндеу жолдаған да солар. Балалар колледж директоры Амалбек Тшанов пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жұмыстан кетуін де талап етіпті. Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов бұл студенттермен де, олардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Осы мәселеге қатысты «Айқынға» Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев арнайы сұхбат берді. Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі: БӘРІ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛЕДІ – БАҚ пен әлеуметтік желіде Республикалық спорт колледжі студенттерінің оқудан шығып қалуына байланысты мәселе қызу талқыланып жатыр. Колледждегі студенттердің дауы жөнінде министрлік хабардар ма? – Негізі бүкіл Қазақстанды дүрліктірмей, колледждің ішінде шешілетін мәселе еді. Бірақ ушығып, министрлікке дейін жетті. Министрлік бұл жағдайдан хабардар. Бұл мәселеге қатысты комиссия құрылып, осы аталған спорт колледжі мен басшылығына қатысты бірнеше рет тексеру жұмыстары мен қызметтік тексеріс жүргізілген. Ол студенттердің ата-аналарымен де, олардың адвокатымен де бірнеше рет кездестік. – Ата-аналар бұл мәселеге министрді кінәлап отыр. Бұған не айтасыз? – Студенттердің оқудан шығуына министрдің қатысы жоқ және оларға көмектескісі келсе де, заңға қарсы шыға алмайды. – Сонда студенттерге көмектескілеріңіз келді ме? – Жалпы осы мәселеге екі жақтан қарап көрейікші. Сол орында іні-қарындастарымыз да, бала-шағамыз да болуы әбден мүмкін. Өзіміз де студент болғанбыз. Жас кезде басқа нелер келіп, не кетпейді. Еркелігі бар, балалығы бар бір бұзықтық істеп қойған шығар. Бірақ қылмыс жасаған жоқ қой. Болашақта ол бала елдің туын көтеретін азамат болуы да мүмкін. Осының бәрін ойлай келе, оқудан шығартпай-ақ кешірім бере салуға болар еді. Министр де педагогикадан тәжірибесі бар, бұрын белді ЖОО-да проректор, оқытушы болып жұмыс істеген. Студенттің жағдайын жақсы түсінеді. Бәріміз де балалар жағында болдық. – Көмектесуге не кедергі? – Бірақ қанша ақтасақ та, екінші жағдай бар. Ол – заң. Ал заң бәрімізге ортақ. «Мен министр екенмін» деп лауазымын асыра пайдалануға құқы жоқ. Колледждің ішкі жағдайына заңсыз араласа алмайды. – Иә, заң бәрімізге ортақ екенін білеміз. Сонымен не шештіңіздер? – Жаңа басында айтып өткендей, колледж директорының балаларды оқудан шығаруы заңға сәйкес екенін тексеру үшін және осы мәселе әділ шешімін тапсын деп, министрлік тарапынан комиссия құрылып, бірнеше рет тексеру жұмыстары мен қызметтік тексеріс жүргізілген. Ол комиссия мүшелері оқушылардың ата-аналарымен кездесіп, істің мән-жайын білген. Бұл кездесуде комиссиямен бірге Алматы қаласы Полиция департаменті Бостандық ауданының полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметінің бөлімі, ювеналдық полиция инспекторлары да қатысып, істің ақ-қарасын анықтауға араласты. Сонымен қатар, қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша шағым жазған ата-аналарға заңда белгіленген тәртіппен және мерзімде жауап берілген. – Комиссияның қорытындысы қалай болды? – Комиссияның қортындысы бойынша директордың шешімі заңға сәйкес екені туралы қорытынды шықты. Бұл жерде министр комиссияға ықпал етуге құқы жоқ екенін білесіз. Жақын күндері осы мәселеге байланысты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті баспасөз мәслихатын өткізетін болады. Сол кезде нақтырақ жауап алатын боласыздар. Жалпы осыған ұқсас дау министрлікке қарайтын әр мекемеде болып жатады. Ол азаматтық іс немесе еңбек даулары да болуы мүмкін. Бұл мәселелерді шешетін құқық қорғау органдары мен сот жүйесі бар. Осыған ұқсас іске министр заңды белшесінен басып, өзінің құзырына жатпайтын мәселеге араласып кетуге құқығы жоқ екенін тағы айтамын.