Елордалық әйел желі арқылы танысқан «сүйіктісіне» 92 миллион теңге аударған
Елордалық әйел желі арқылы танысқан «сүйіктісіне» 92 миллион теңге аударған
© stan.kz
3,502
оқылды
Елордада әйел адам әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітке 90 млн теңгеден астам ақшасын аударып жіберген. Алаяқтық жасаған аталған адам анықталып, ұсталды. Ол Астана қаласы Алматы ауданы №2 аудандық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласы сотының баспасөз қызметі мәліметіне қарағанда, әлеуметтік желі арқылы хат алмасу кезінде ер адам өзінің сезімін білдіріп, ұнатып қалғанын айтқан.
«Ол өзін банкроттық сатыда тұрған зауыт директоры екенін және басқа да шындыққа жанаспайтын деректер айтқан. Яғни, жақын туыстарының қайтыс болғанын хабарлап, шұғыл түрде ақша керек екенін айтып, әйел адамды алдаған», — делінген хабарламада.
Өз кезегінде алданып қалған әйел адам белгілі бір уақыт аралығында оған онлайн аударымдар арқылы түрлі сомада ақша жіберіп отырған. Осы орайда оған 91,6 млн теңге сомасында материалдық залал келтірген. Апелляциялық шағымында сотталған адам тағайындалған жазаны жеңілдетуді, асырауында кәмелетке толмаған 5 баланың бар екенін, зайыбының жұмыс істемейтінін, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескеруді сұрады. Алайда сот үкімі өзгеріссіз қалды. Үкім заңды күшіне енді.