Бүгін Астанада «Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдық мерейтойына орай «Қарашаңырақ. Қазақ телевизиясына 65 жыл!» салтанатты шарасы өтті.
Мерейтойға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, телевизия ардагерлері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жеткізді.
«Құрметті «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұжымы! Сіздерді «Qazaqstan» телеарнасының эфирге шыққанына 65 жыл толуымен құттықтаймын. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын Ұлттық арна - еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде ерекше орны бар медиақұрылым. Қазақстан тележурналистикасының жылнамасы осы арнадан бастау алады. Алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырған Ұлттық арна ұжымы бұл міндетін абыроймен атқарып келеді. Телеарна бағдарламаларынан замана тынысын ғана емес, төл мәдениетіміздің асыл құндылықтарын және жұртымыздың бүкіл бітім-болмысын көруге болады. Телеарнаның «Алтын қорында» ел шежіресіндегі тарихи сәттер мен халқымыздың біртуар перзенттерінің бейнесі сақталған. Бүгінде іргелес мемлекеттерде де таза қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ұлттың рухани тұтастығын сақтауға зор үлес қосып отыр. «Qazaqstan» - қазақ тележурналистикасының ұлағатты ұстаханасы. Телевизия саласының көптеген майталманы Ұлттық арнадан шыңдалып шыққаны баршаға белгілі. Осы орайда жас ұрпаққа тәжірибесін үйретіп, тағылымды тәрбие беріп жүрген аға буын өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Телеарна журналистері әрдайым ел мүддесі үшін еңбек ете береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін! Жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын!», - делінген Президент құттықтауында.
Жиынға Қазақ телевизиясының қалыптасу жылдарында қызмет еткен ардагерлер - диктор
Ласкер Сейітов пен
Мәриям Айымбетова, саяси-қоғамдық хабарлардың шолушы-комментаторы, ұзақ жылдар ақпараттық редакцияға жетекшілік еткен ардагер журналист
Төлеубай Қаймолдинов, журналистер
Қажы Қорғанұлы, Құсман Игісінов, Фатима Бегенбаева, режиссер
Қарлығаш Мұртазина, дыбыс режиссерлері
Қайрат Тойшыбеков, Рысты Сәкенова, тележүргізуші
Баян Секербаева, режиссер
Күлнаш Қошанова және «Қазақстан» телерадиокорпорациясына әр жылдары төрағалық еткен медиаменеджерлер мен түрлі жылдары еңбек еткен қызметкерлер қатысты.
Жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай «Qazaqstan» телеарнасының бүгінгі бағыт-бағдары туралы айтып, телевизия ардагерлеріне алғысын білдірді.
«Отандық телевизияның осыдан 65 жыл бұрынғы миссиясы қандай болса,
бүгінде ол миссияның маңызы артпаса, кеміген жоқ. Бүгінде арнаның ең негізгі міндетін, рухани реңкін сақтай отырып, қоғамдық-саяси бағытқа басымдық беріп отырмыз», - деді «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Л.Танысбай.
Телерадиокорпорация құрамына бүгінде 4 республикалық телеарна, 4 республикалық радио, 14 аймақтық телеарна және 23 интернет портал кіреді. Негізгі медиаактиві «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы елдегі ең үздік бес арнаның қатарында. Телеарна тәулігіне 20 сағат үздіксіз хабар таратады. Телерадиокорпорация отандық сериалдар мен анимациялық жобалар өндірісінде және дубляж саласы бойынша көшбасшы саналады.
«Бұл жетістіктерде тек қазір қызмет атқарып жүрген мамандардың емес, 65 жыл белесінде телеарна тарихында қолтаңбасын қалдырған әрбір адамның үлесі бар. Олардың әрқайсысы өз кезеңінде миссиясын лайықты атқаруының нәтижесінде Қазақ телевизиясы бүгінгі биігіне жетіп отыр», - деді Басқарма төрайымы.
Телеарнаның 65 жылдық мерейтойына орай
«Қарашаңырақ. Қазақ телевизиясына 65 жыл!» фотожинағы жарыққа шықты.