Құжатты рәсімдеу – 10 минут
Құжатты рәсімдеу – 10 минут
Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттандыру терминалы іске қосылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің жазуынша, жеке куәлік пен төл­құжатты ресімдеуге арналған жаңа терминалда азаматтар құжатты өз бетінше әрі жылдам алуға өтінім бере алады.
«Кезек күтуге, содан кейін көші-қон қызметінің қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, төлем жасау үшін кассаға бөлек жүгіруге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді, сонымен қатар әрбір адам құжат үшін сәт­ті түскен суретін өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минут уақыттан аспай­ды. Алайда қателік және түсініспеушілікті болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгіну қа­жет болады. Ол өтініштің, фотосуреттің және қолтаңбаның сәйкестігін тексереді», – дейді министр.
Оның айтуынша, мұндай терминал тек қаладағы Керей мен Жәнібек хандар көшесінде орналасқан ХҚКО-да орна­тыл­ған. Алдағы уақытта осы жобаны бар­лық өңірде іске асыру жоспарланып отыр.
 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жобаны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, оның ішінде Көші-қон қызметі комитетімен және ІІМ Ақпарат­тық-өндірістік орталығымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып әзірледі. Әріп­тестеріме қажырлы еңбегі мен жобаны іске асыруға жәрдемдескендері үшін алғыс айтқым келеді», – дейді Бағдат Мусин.