Кірпіштен қаланған киіз үй
Кірпіштен қаланған киіз үй
Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауда­нының байырғы тұрғыны ауылындағы ескі бас­панасын заманауи киіз үй пішінінде қайта салыпты. Ерекше үлгіде салынған үй – Асылбек Алғашовтың қарашаңырағы. Үлкен үйдің иесі Асылбек ақсақал бүгінде Алматы облысында тұрады. Сыр өңірінің тумасы Жалағаш кентінде бұл үйді әке-шешесінен қалған асыл мұра санайды. Ал ескі үйді киіз үй пішінінде қайта салу жоспарын екі жыл бұрын қолға алғанын айтады. Әкесінен қалған үлкен үйді жаңаша кейіпте қайта салудың өзіндік мәні де бар екен. Тағдырдың иірімімен Алматыға қоныс аударғасын, бұл үй қараусыз қалып, әбден ескірсе керек.
«Жалпы, өзім көпбалалы отба­сында дүниеге келдім. Марқұм анам 10 құрсақ көтерген. Негізі, ұсталар отбасында тәрбиелендім. Әкемнің әкесі ағаштан түйін түйген ұста адам болған екен. Атамның тұңғышы Аяп деген ағамыз да әке жолын қуып, ұсталықты кәсіп қылды. Киіз үйдің шаңырағын, керегесін, уығын жасап, нәпақасын тауып жүрді. Бала кезімде осы кісінің жанында болып, ұсталықтың қыр-сырын да үйрендім. Осы ағам туыстарыма бір-бір киіз үйден жасап берді. Марқұм әкем мен жеңешем (анасы) жер құр­сауы босап, көктем мезгілі келгенде сол киіз үйді аула­мызға тігіп, ала жаздай сонда тұратынбыз. Ес білгелі бала­лық шағым кәдімгі қазақы киіз үйде өтті. Қараша үйдің қадір-қасиетін сол кезден ұғындым», – дейді Асылбек зейнеткер.
Оның айтуынша, анасы мен әкесі бұл баспананы өзіне мұра етіп қалдырыпты. Уақыт өте келе отбасымен Алматыға қоныс аударып, қарашаңырағына туған қарындасы ие болып қалады. Қарындасы ауласынан жаңадан үй тұрғызып, әке-шешесінен қалған қарашаңыраққа қара құлып салынып, иесіз қалады. киіз үй Соңғы жылдары Асылбек ақсақалды жайсыз түстер жиі мазалай бастапты. Анасының ренжулі жүргені түсіне жиі кіріп жүреді. Осындай жайттардан кейін өзіне жүктелген аманатқа қиянат жасамайын деген мақсатта қараусыз тұрған ескі үйді бұзып, киіз үй пішінінде қайта салуды қолға алыпты.
«Анамның түсімде аян беруі, қараусыз қалған ескі үйді жаңадан қайта салуыма түрткі болды. Осы арқылы әкемнің шаңырағын шайқалтпауды азаматтық мақсатым деп санадым. Осылайша, қараша үйдің формасында баспана салуды қолға алдым. Киіз үйдің форма­сында іргетасын құйып, үйдің қабырғасын темірмен соқтым. Ішкі, сыртқы әрлеу, жылумен, электр энергиясымен толық жабдықтау жұмыс­тарын жүргіздім. Құрылыс жұмыстары екі жылға созылды. Былтыр 2022 жылдың 1-маусым күні киіз үй пішініндегі қара­шаңырағымды толықтай бітірдім. Сол жылы 70 жасқа толған мерейтойым қарсаңында жаңа үйіме қоныстандым. Осы қарашаңырақта әке-шешеме құран бағыштадым. Қызығы сол, осыдан кейін анам марқұм түсіме кірмейтін болды», – дейді қарашаңырақ иесі.
Жалпы қазақы дәстүрмен салынған үйдің диаметрі – 10 метр. Оны салуға заманауи құрылыс материалдары пайда­ланыл­ған. Үйге кірген бойда төбедегі шаңырақтан бастап, бөлмедегі әрбір жиһаз бұйымдардан қазақы мәдениеттің лебі еседі. Қабырғасына ою-өрнекпен көмкерілген кілемше төселіп, қайыс қамшы да ілінген. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабаларымыздан жеткен ұлттық бұ­йым­дарымыздың сан түрін көруге болады. Жайлы баспана Жалағаш кентінің нақ ортасында орын тепкен. Сәні мен сал­танаты келіскен ұлттық нақышпен салын­ған үй алыстан менмұндалайды. Заманауи киіз үй пішініндегі баспана кіреберіс, жуынатын бөлме, асхана, жатын бөлме және қонақ бөлмеден тұрады. Ескі мен жаңа үлгіні ұштастыра отырып салынған үйді көруге келушілер қарасы қалың екен. Шалғай өңірлерден арнайы тамашалауға келетіндер де көп. Бүгінде жаңа баспанасына Асылбек Алматыдан жиі-жиі келіп, кең де жайлы орында демалыс уақытын өткізіп тұрады. Өзі Алматыға қайтқан кезінде бір аулада тұратын қарындасы қаршаңыраққа бас-көз болып отыр екен. Қазіргі уақытта 3 бала, 10 немере тәрбиелеп отырған зейнеткер ұлттық нақышта салынған қарашаңырағын балаларына асыл мұра ретінде қалдыруды мақсат тұтады.

Қызылорда облысы