Асандар ақылы әскерге барады – Ғани Артықов
Асандар ақылы әскерге барады – Ғани Артықов
8,826
оқылды
Елдегі әскер қатарына шақырту алғандардың бестен бірі ғана Отан алдындағы міндетін атқаруға аттанады екен. Ал 25-30 пайызы әскери-медициналық тексерулерден өтпей қалады. Оның сыртында қолына шақырту қаға­зын алмай жылдар бойы іздеуде жүргендері де жетерлік. Осы орай­да Астана қаласы қор­ғаныс істері жөніндегі депар­тамент өкілі, полковник Ғани АРТЫҚОВПЕН кезекті әскерге шақыру науқаны жайлы сұхбаттасқан едік. – Ғани Асылбекұлы, қазіргі жігіттердің Отан алдындағы міндетін атқаруға деген құлшынысы қалай? – Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақ әскерінде көптеген өзгеріс болды. Өйткені елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты отбасындағы ахуал да өзгеріп отырады. Қазір «бұрын әскерге баруға жігіттердің құлшынысы күшті болды» деген әңгімелерді жиі естиміз. Рас, бұрын жігіттердің барлығы дерлік әскери міндетін атқаруға жіберілетін. Кеңестік кезеңде отбасында бала саны көп аймақ Орта Азия еді. Ресей мен солтүстіктен ары қарай одақтас республикалардың көбінде бір отбасында бір бала, ары кетсе үш баладан болды. Сондықтан әскерге адам санын көп беретін Орта Азияның ішінде Қазақстанда еркек кіндіктінің барлығы түгелге дерлік, яғни 95 пайызға жуығы әскерге кетті. Шамалы психологиялық ауыт­қулары барлардың өзін әскери құры­лыс бөлімдеріне жіберетін. Сонда әскерге жарамайды деген жігіттің ішінен 4-5-уі ғана әскерге бармады. Кейін 1992 жылдың көктемінен бастап Қазақстан қарулы күштеріне әскер шақыру жұмысы басталды. 2005-2007 жылдағы санақ бойынша әскерге шақыру жасына жеткендердің саны жыл сайын 126-130 мың балаға толатын. Сонда қарап отырсаңыздар, 2005-2006 жылдар­дағы есеп бойынша әскерге шақыру жа­сындағы жігіттердің саны 1 млн 495 мың болатын. Одан бері бұл сан бірте-бірте түсті. Осыдан 4-5 жыл бұрын 70-75 мыңға дейін төмендеп кетті. Бұл – сол жылы 18 жасқа толатын жігіттердің саны ғана. Ал әскерге шақыру жасы 18-27 жасқа дейін. Демо­гра­фиялық өсімнің азаюы 1993-1994 жылдан 2002-2003 жылға дейін созылды. 2003 жылдан бастап туу көрсеткіші ақырындап қайта көтерілді. Соның арқасында 18-ге толатын жігіттердің саны 130 мыңға жетті. Соңғы 3-4 жылдың ішінде әскерге шақыру жасындағы жігіттердің жасы 2005 жылмен салыстырғанда екі есе азайды. Екіншіден, жігіттердің әскерді айналып өткісі келуінің себебі көп. 1992 жылдан бастап Қазақстанның әскерін толтыра­тындай ғана әскерге шақырту жіберетін болдық. Әскерге шақыру жасындағы бала­ларды жыл сайын әскерге тарту саны 36-42 мыңның көлемінде азайды. Кейде 24 мыңға дейін төмендеп кеткен кездер болды. Бұл көктем мен күзді қоса есептегенде. Бұл шамамен 2006 жылдар еді. Мысалы, 1990 жылдан бастап 18-ге толатын 130 мың баланың 42 мыңы ғана әскерге шақыр­тыл­ды. Сонда қалған 80-90 мың адам әскерге барған жоқ. Енді сол әскерге бармаған жі­гіттердің балалары 1992-1993 жылы ту­ғандар. Кейбіреуінің балалары қазір әскер жасына келді. Сонда отбасылық деңгейде әскери дайындықтан өту деген ұғым-таным бір ұрпаққа әсер етіп отыр. Енді сол орта­дағы әке-шеше «Біз де әскерге барған жоқпыз», «Әкең де әскерге барған жоқ. Сен бармасаң әскердің бір аяғы құлап кетпейді» деген таным-түсінікті балаларына тықпа­лайды. «Мен міндетімді өтедім, сен де Отан алдындағы міндетті абыроймен атқаруға тиіссің» дегенді айтатын адам азайды. Тағы бір себеп, әскерге келетін жі­гіттердің әлеуметтік-психологиялық және денсаулық жағдайы бар. Әскерге баруды өздеріне міндет немесе абырой санайтын жігіттердің саны азайды. Себебі қазіргі қоғамда бөтен елдердің көзқарасын, мә­дениетін қасақана тықпалап жатқан топтар да көбейді. Мысалы, Қазақстанның ыды­рап, тоз-тозы шыққанын қалайтын кейбір елдер өз идеологиясының қанат жаюына күні-түні жұмыс істеп отыр. Соның сал­дарынан, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген ЛГБТ секілді сұмдық дүниелер пайда болды. Басқа да діни ағымдар мен феми­низмді дәріптегіштер әйелдердің тең мүм­кіндігі деген сылтауды желеу етіп, халықтың сана-сезімін бұзып, енді ЛГБТ дегенді ақырындап құлаққа үйрете бастады. Бұл идеологияның мақсаты сол, адамның жы­нысы болмау керек. Өздерін не ұл, не қыз деп есептемейді-мыс. Бұл да әскерге бар­ғысы келетін жігіттердің санына айтар­лықтай әсер етері сөзсіз. – Сонда қазір әскерге өз еркімен баратындарға қарағанда, белгілі бір квотаны толтыру үшін мәжбүрлі түрде алып кету үрдісі белең алып келе ме? – Жастардың арасында әскерге баруға, өз міндетін атқаруға деген адал ниеттілер көп. «Әскери қызметке шақырса, бас тарт­паймын, егер шақырмаса, өзім іздеп бар­маймын» деген екінші топ бар. Үшіншіле­рі – әскерге өз еркімен барғысы келмей­тіндер. Төртіншілері – барлығына қарсы. Әскерге барғысы келмейді, мемлекетімізге пайдасын тигізуді қаперге алмайды. Мүм­кіндік болса, шетелге кетіп қалу әлдеқайда дұрыс шешім. Ол топтағы адамдар – Қа­зақстанның болашағына бас ауыртпай­тындар. Қарны қай жерде тоқ жүрсе, сол жерге кетіп қалуға бейім жандар. Оларға біздің дініміз бен діліміз, тіліміз бен мен­талитетімізге қарағанда, қара басының қызығы – бірінші орында тұрғандар. Осындай негізгі төрт топтан құралады. Таң қалатын ештеңе жоқ, бүгінгі қоғамның өзі осындай төрт топқа бөлінеді. – Солай екен. Бірақ осындай ойдағы жігіттердің санасына сілкініс жасап, абы­ройлы міндетін атқаруға деген ниетін ояту үшін қандай жұмыс істеледі? – Қазір балабақшадан бастап жоғары оқу орындарында әртүрлі әскери-патриот­тық іс-шаралар өткіземіз. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдері де өз шама-шар­қынша оқу бағдарламасына сай әскердің мән-маңызын түсіндіріп жатыр. Әлеуетті органдардың зейнеткерлері мен соғыс ардагерлерін жастармен кездестіріп, ақыл-өсиеттерін тыңдатып, бағыт-бағдар беру жұмыстарын да қатар алып жүреміз. Ба­лалар мен жасөспірімдердің республикалық «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозға­лысы бар. Қозғалыс жұмысы барлық облыс, қала, ауылдың әрбір мектебінде белсенді жұмыс істеп тұр. Бірақ бұл аз. Әрбір от­басында ата-ананың айтатын сөзі «Осы жерде тудың, осы жерде өсіп-өндің, келе­шек ұрпағыңды да осы жерде қалдырып кету керек» деген өсиетті айтып отыру қажет. Бұл – міндет. «Ұяда не көрсе, ұш­қанда соны ілер» демекші, жігіттердің бойындағы жігерді ояту, Отанға деген антқа адалдық – ана сүтімен, бесік жырымен, әкенің ақыл-өсиетімен даруы тиіс дүние. Ұл мен қызға берілетін отбасылық тәр­биенің маңызы осында. Сонда ғана мем­лекеттің күші мығым, болашағы айқын болары хақ. – Әскерге шақыру науқаны қалай ұйымдастырылады? Жыл сайын қанша сарбазды қабылдауға мүмкіндік бар? – Жыл сайын Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметін өтеуге мыңдаған сарбаз аттанады. Осы бес әле­уеттік күштік құрылымның әскери бөлімшелері бар. Соларға қанша адам керек, сол бойынша Қорғаныс министрлігі өтініш жинайды. Олардың берген санына жинақтап, оларды аудан орталықтарынан жеткізуден бастап жинақтау пунктеріндегі ішіп-жегені, киетін киімі, медициналық тексеруге дейін жұмсалатын қаражатты соңғы тиынына дейін есептейді. Сөйтіп, бір жыл бұрын Үкіметке ұсынылады. Үкімет Ел Президентінің жарғысының жо­басын дайындайды. Жарлыққа қол қо­йылғаннан кейін әскерге шақырту науқаны басталады. Биыл әскерге 37 мың сарбаз жіберілуі қажет. Оларды әскерге шақыру мерзімі көктем мен күзге белгіленеді. Өйт­кені бір кезеңге шақыру тиімсіз. Қарулы күштерге биыл 16 мың, Ұлттық ұланға 14 мыңға жуық адам керек. Шекара қызметіне 7 мың, Төтенше жағдайлар министрлігіне 700, Мемлекеттік күзет қызметіне 200-ге жуық сарбаз қажет. Соның ішінде көктемде Қарулы күштерге 8 мың, Ұлттық ұлан 7 мың, Шекара қызметіне 4 мыңға, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам, ал Мемлекеттік күзет қызметіне 90-ға жуық адам шақырылады. Бұл – толтыру жұмыс­тары. Енді осы сайдың тасындай сақа жігіттердің әскери-дәрігерлік ко­миссияға шығарғаннан кейін денсаулық жағдайла­рын анықтап, әскери бөлімге баруға мүм­кіндігі барын бөлек, «бару мүм­кін емес, емдеуді талап етеді» дегендеріне жарты жылдан бір жылға емдеуге жіберіп, мүлдем жарамайтындарды «әскери қыз­метке мүлдем жарамайды» деген кате­горияға бөліп отырамыз. Жарамды деген­дердің өздері бірнеше әскердің түріне таңдап алынады. – Әскерге шақыртудан қашып жүр­гендерді бір айдың ішінде жинап үлгере аласыздар ма? – Олардың барлығын бір күнде толтыру мүмкін емес. Сондықтан бір облысқа «сен тек қана Шекараны қам­тамасыз етесің, ал келесі облыс Қарулы күштердің жаяу әс­керін қамтамасыз етесің» деген болмайды. Өйткені адам­дардың дәрежесі, физикалық дайын­дықтары әртүрлі болғандықтан, әр әс­кердің тектері мен түрлеріне бөліп таратып береді. Мысалы, солтүстік об­лыстарда адам саны аз. Сол үшін Түркістан мен Ал­маты об­лыстарына бәленбай мыңға шақырту беретін болсақ, солтүстік жақтарға 600-800-ге дейін жүктеме беріледі. Бірақ 600 адамды әрең толтыратын өңірлер 1000 адамды әскерге жібере алмайды. Үсті-үстіне «жарасаң да, жарамасаң да барасың» деп төпелеп жіберсең, ертең әскери қызметін атқара алмайды. Денсаулығы немесе психологиялық тұрғыда жарамай, күні бұрын әскерден босатыла бастаса, әскери бөлімдегі жұмыс жүктемесі көбейеді. – Осы жіберген сарбаздардың мерзімін толық атқармауына қатысты статистика жасап көрдіңіздер ме? Бес құрылымның ішінде қайсысында үлес басым? – Бұл анау әкетіп бара жатқандай үлкен сан емес. Заң бойынша әскери шақыру комиссиясының төрағасы болып аудан, облыс, қала әкімінің орынбасары бекітіледі. Егер бала әскери қызметіне жарамай, ерте кетіп қалатын болса, оған қызметтік тергеу тағайындалады. Егер әскери қызметке дейін ауырып келген болса, сол әскери қызметке жіберген шақыру комиссиясының мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Мәселен, 2009 жылы Қызылорда облысының дәрі­геріне 700 мың теңге айыппұл салынған оқиға болды. Сондықтан әскерге денсау­лығы жарамайтын адамды жіберуге немесе психикасы дұрыс емес, не болмаса отба­сының жағдайы жоқ адамды біліп тұрып жіберуге ешкім мүдделі емес. әскерге шақыру – Бізде әскери-медициналық комиссия­ның жұмысына жиі сын айтылады. Осы салада істеген кісілердің көбісі оларға та­ғайындалатын жазаның жұмсақ екенін, сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тарт­қы­зу керек екенін алға тартады. Сіз қалай ойлайсыз? – Жеке пікірім, айыппұл салған әлде­қайда дұрыс. Себебі әскерге шақырылған адамдардың ауруын, олардың ішке бүккен сырын 100 пайыз білу мүмкін емес. Біреу үйіндегі тіршіліктен түңіліп, біреуі қо­ғамнан оқшауланып қалғандықтан, әскерге кетіп бара жатуы мүмкін. «Әйтеуір, осы жақтан кетейінші, бір жыл болса да құлағым тыныш болсын» деген көзқараспен ке­тетіндер бар. Денсаулық жағдайы келмей тұрса да, ауруын жасырып, не әскери билет қажет болған соң кетіп қалады. Енді бір балалар басқа балалармен ілесіп, қызық үшін барады. Сол үшін шынайы ауруын біле тұра жасырып кетеді. Баланың жауапсыздығы үшін дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тарқызу дұрыс болмас еді. – Қанша дегенмен тәжірибелі маман­дардың бірнеше сатыдағы тексерісінен өтеді емес пе? – Денсаулығына шағым айтпаған адамның ауруын психолог емес, дәрігер де анықтай алмайды. – Қазір технология заманы деп жатамыз. Соңғы уақытта осы әскери-медициналық қабылдау пункттерінде жаңа медициналық технологиялар мен «өтірік детекторының» қызметі қолданысқа еніп жатыр ма? – Әрине, қолданысқа енгізіп жатырмыз. Мысалы, ҰҚК Шекара қызметіне баратын сарбаздарды міндетті түрде «өтірік детек­торынан» өткізеді. Мемлекеттік күзет қызметіне баратын жастарды да міндетті түрде осы құрылғының көмегіне жүгін­діреді. Одан бөлек, адам жауап беріп жатқанда көзінің қарашығына, неше рет кірпігін қаққанын, неше рет төмен, неше рет жоғары қарағанына дейін есептеп отыратын камера қойылады. Қалған күштік құрылымға жіберілетіндер де екі рет, ау­дандық, облыстық деңгейде психологиялық тесттен өтеді. Оның екі түрі бар. Бірінде жігіттер қағаз толтырады. Белгілі бір уа­қыттың ішінде бәлен сұраққа жауап беріп үлгеру керек. Екіншісі, облыс орталық­тарында «Аңсұңқар» деген бағдарлама бо­йынша тест сұрақтарына жауап береді. Ол жерде де белгіленген уақыт ішінде тез-тез жауап беріп үлгеру міндеттеледі. Әдейі уа­қытты тығыз етіп қойған. Мысалы, адам са­уалға ойланып барып жауап бермеу үшін алғашқы ой қандай, солай жауап беру ке­рек. Одан кейін ішке бүккенін шығару мақ­­сатында бір сұрақ бірнеше рет бүрке­ме­леніп қайталанады. Бұл адамның 2-3 са­уал­ға өтірік жауап бергенімен, қалған са­уал­дарға жауап бергенде шынайы ойын білуге көмектеседі. Психологиялық тесттер­дің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Бұдан басқа адаммен көзбе-көз отырып сөйлесетін тест­тер бар. 20 жылдық тәжірибесі бар пси­хо­логтер. Әр баланың көзіне, ісіне, сөзіне қарап отырып-ақ талай баланың ішкі жан-жара­сын шы­ғарып берген кездері болды. Біздің психо­лог­тердің алдына келген балалардың неше түрлі қиын тағдыры шыға бастайды. Отба­сында ата-анасы арасындағы жан­жалдан қажыған, қиын күндерде қандай іске бар­ғанын өздері ақтарып береді. Себебі сар­баз кез келген тосын оқиғада дұрыс ше­шім қабылдай алуға қауқарлы адам болуы тиіс. – Олай болса, бұл жерден барған сайдың тасындай толық тексеруден өткен жігіттер жыл өтпей суицид жасауға неге бейім? – Табиғатынан ашылып сөйлемейтін балалар бар. Кейде сондай балаларда азаматтық өмірден бастап жиналған өкпе-реніш, ашу-ызасы жиналып-жиналып белгілі бір уақытта серіппе секілді атылады. Бірақ қазір бұрынғыға қарағанда сарбаз өлім-жітімі жиі болмайды. Мыңнан бір бөлігінде ғана сынып қалатын кездері бар шығар. Бұрын сарбаздың сұрауы жоқ еді. Өлген баласының табытын әкеліп тастап кететін. Себеп-салдарын айтпайтын да. Табытты ашқызбайтын. Біз сарбазды өлім үшін жібермейміз. Біз ел қорғай алатын азаматтарды таңдау үшін жұмыс істейміз. – Соңғы уақытта сарбаздың санын толтыру үшін көшеден ұстап алып кететін болды деген де қауесет жиі тарайтын болды. Неге? – Санын толтыру үшін сарбаз таңдайды деген – жаңсақ пікір. Өйткені сарбаз санын толтыра алмай жатқан облыстар да бар. Бармаса бармасын, бірақ тірі болсын. Оның орнына басқа адам барады. Себебі сар­баз таңдауда сапаға көңіл бөлеміз. Қазір бір­неше жылдан бері іздеуде жүрген жігіттер бар. Туысқандарына хабарласасың. Бірақ олар жауапкершілікті өз мойын­дарына алмайды. Өздері жүрген жерінде тіркеуге тұрмайды. – Міндеттен қашып жүргендерге қан­дай жауапкершілік бар? – Оларға медициналық комиссиядан өтуге келмегені үшін 5 АЕК дейін айыппұл салынады. Әскери қызметке келмей жал­тарғаны үшін 1 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру бар. Ал комиссиядан өтіп, пойызға отыратын кезде қашып кетсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Болмаса 1000-3000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қашып жүргендерден бөлек, қазір шақыру қағазын қолына беру мүмкіндігі жоқ болып отыр. Ал егер балаларын біліп отырып жасыратын болса, ол үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. – Ал қандай жағдайда әскери қызмет­тен босатасыздар? – «Әскери қызмет және әскери қыз­метшілердің мәртебесі туралы» заң бар. Оның ішінде кімдердің әскери қызметтен босатуға мүмкіндік берілетіні анық көрсетілген. Отбасы жағдайы, білімін жал­ғастыру, денсаулығына байланысты, кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педа­гогтер, ауылды жерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге, Парламент пен мәслихат депутаттарына, қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға, азаматтық әуе және су кемелері экипаждарының мүше­леріне, азаматтық авиация инженерле­ріне, механиктері мен техниктеріне, әлеуеттік құрылымдардың оқу орын­дарында алғаш­қы әскери дайындықтан өтіп жатқандар бар. Соның ішінде отбасы жағдайына келсек, ата-анасының біреуі жалғыз, қал­ғандары 18-ге толмаған болса, басқалары 18-ге толғанға дейін мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, әке-шешесі жоқ, ата-әжесінің оларға қарайтын адам жоқ болса боса­тылады. Депутаттардың белгілі бір уақыт мерзімі біткенде қайтадан шақырту жібереміз. – «Әкім-қаралардың балалары әскер­ден босатылған ба?» деген әңгіме қан­шалықты рас? Сапқа шақыртылған сар­баздардың арасында Асандар бар ма? – Біз әскерге шақыру қағазын жігіт­тердің шығу тегіне, жағдайына бөлмей бәріне жібереміз. Рас, қазір жоғары оқу орындарында немесе «Болашақпен» шет­елде оқып жатқандар әскерге бару жасынан асып кетеді. Олар магистратурасы, шетелде оқуын бітіргенше бізге «күндізгі оқу бө­лімінде оқып жатыр» деген анықтама келіп тұрады. Сөйтеді де мерзімді әскери шақыру жасынан асып кетеді. Сосын жыл сайын 18 жасқа 80 мың адам келді делік. Соның ішінде 37 мың адам әскерге барады. Қалған 43 мың адам бармайды. Өйткені әскерге сыймайды. Бірақ 10 жылдан бері 40 күндік ақылы әскери дайындықтың курсынан өткізуді қолға алдық. Бір жылға барғысы келмесе, ақылы түрде ақшасын төлеп өтеді. Бірақ олардың төлеген ақшасы қысқы-жазғы үлгідегі далалық киіміне, жатын орнына кетеді. Қорғаныс министрлігі оларың төлеген 40 мыңынан ешқандай табыс тауып отырған жоқ. Асандар оқуын бітірген соң ақылы әскерге барады. Олардың ішінде де денсаулығы жарам­сыздары бар. Олар әскерге де, әскери кафедраға да алынбайды. Елде 30-35 мыңға тарта әскерге ша­қыртушылар іздеуде жүр. Олардың негізін жұмысы жоқ, басқа қалаға күнкөріспен кеткендер құрайды. Жаңа ұстап алып, әскерге алып кетесіз деп жатырсыз. Соңғы 3 жыл ішінде бұл заңды ма, заңсыз ба деген сауал өзекті болып тұр. Бұл тәжірибені біз бастадық. 2016-2017 жылдары ЭКСПО құ­рылысы жүріп жатқанда қалаға көп жастар келді. Көпшілігі тіркеуде жоқ, әскери есепке тұрмағандар болды. Кім қайда жүрсе де Қазақстанның ортақ заңына, ортақ міндетіне бағыну керек. Бұл әдістің кейде пайдасы бар. 2017 жылы құрылыстан, базардың төңірегінде жүрген жігіттерді тауып әкеліп тексерткенде, арасында аурулары асқынып кетсе де, қаралмай жүрген адамдарды анықтадық. Ата-анасына ай сайын ақшасын беріп тұрса болды. Баласының не ішіп, не жеп жатқанын, қайда түнеп жүргенінен бейхабар адамдар бар. Тіпті, арасында қатерлі ісікпен жүрген адамдарды тауып, ата-анасына табыстаған кездер де болды. Біздің бұл жұмыстың да белгілі бір деңгейде нәтижесі бар. – Әскери қызметке шақыру науқаны басталып кетті. Бұл туралы үгіт-насихат жұмыстарының кемшілігі де жігіттердің міндетін өз уақытында атқаруға кедергі келтіріп жүрген жоқ па екен? – Үгіт-насихат жұмысымыз 1 наурыздан басталып кетті. Қазір БАҚ құралдары ар­қылы түрлі бейнероликтерімізді көрсету­деміз. Қоғамдық жерлерде де хабар­ландырулар жүріп жатыр. Біздің әрбір айт­қан сөзіміз халыққа жеткізілуде. Байқа­саңыз, қазір барлық көше-көшелерде билбордтарымыз ілініп тұр. Мәселе сол ақпаратты адамдардың дұрыс қабылдай білуіне байланысты деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!