Экобелсенді болу – тренд

Экобелсенді болу – тренд

Кофеханаға өз ыдысын апарып, пластиктен бас тартқандар қатары көбейіп жатыр. Әсіресе, әлеуметтік желіде жазба жариялап, күнделікті әрекетімен бөлісіп жүргендер бар. Бірі – мұны трендке ілесу десе, ендігісі экоөмірге ұмтылыс ретінде қабылдайды. Расымен, экобелсенді болуы трендке айналып кетті ме? Еңлік САҚТАН, экобелсенді: Экология тақырыбында ақпарат аз – Негізі, өзімді төрт жылдан бері экобелсенділер қатарына қосамын. Содан бері тұрақты түрде қалдықты сұрыптаймын. Басында пластик, шыны, батареяны сұрыптап жүрдім. Одан кейін лампа, жұмсақ пластик қосылды. Өң­делетін зат болса, міндетті түрде қойып қоямын. Әрине, елімізде өңделмейтін пластикті тастауға мәжбүрмін. Қалдық өңдеуден басқа, үнемі өз бөтелкемнен су ішемін, пластик емес, темір контейнер қолданамын. Мүлдем қалдық тастамай өмір сүре алмайтынымыз тағы бар. Киім сатып алуға жоқпын. Сырттан сирек тамақтанамын.Экобелсенді болу қатарластарымның арасында аса тренд емес. Бұл сұраққа көбі ойлана бермейді. Мысалы, қарныңыз ашты делік, тамақтандыңыз. Ары қарай қоқыс, қалдық туралы ойланбайсыз. Ыдыс жуумен шектелесіз. Бірақ қоғамда қызығушылық бар. Себебі бәрі қызыққаннан басталады. Мен де экобелсенді болуға қызыққанмын. Жастар мұны әлеуметтік желіден, әсіресе Tik-Tok-тан көреді. Мәселен, былғары сөмке емес, шоппер ұстау трендке айналды. Олар шоппердің экологиядағы негізгі мәнін білмесе де, көпке ілеседі. Осылайша, насихаттауға үлес қосады. Экобелсенділік пен минимализм – бір-біріне жақын ұғым. Екеуінде де артықтан арылу дейтін қағида бар. Сол үшін адамдар мұның экологияға тиімді екенін білмей-ақ жай ғана трендке ілесіп кетеді. Мысалы, түскі асты пластик не шыны ыдысқа емес, темір ыдысқа салып әкелемін. Әріптестерім сынбайтынына, шытынамайтынына, қайдан сатып алғаныма қызығады. Олар ағзаға, экологияға пайдасы барын ойламайды. Мәселен, сыйлыққа шыны бөтелке сыйлап жатады. Мұның да пайдалы екеніне емес, тренд екеніне назар аударады. Нағыз экобелсенді болу – күнделікті қоқысты сұрыптап, өзіңе жауапкершілік алу. Ал қызыққандар қоқыс қалдығын сұрыптауға мән бермейді. Тек қызығады да, қояды. Әрине, қоқыс қалдығын сұрыптайтын орынға бару уақыт пен ақша алатынын ойлауы мүмкін. Керісінше, экобелсенді болу ақшаңды үнемдейді. Күнде кофе мен шәйға ақша жұмсамайсың. Бірреттік ыдыстармен тамақ ішпейсің. Көбінесе, тамақ пен суды үйден апарасың. Мұндай әрекеттер ақшаны үнемдейді. Мысалы, бірреттік жаялық та пластикке жатады. Жас аналардың осыған алаңдайтыны қуантады. Уайымның өзі белгілі бір деңгейдегі қызығушылық. Бір құрбым осылай уайымдап жүрді де, сусын мен тамақ қалдығын өткізетін болды. Осылайша, әдет қа­лыптасты. Көбі қызыққанмен, белгілі бір қадам жасауға ұмтыл­майды. Дегенмен өзіңнің өмір сүру әдебің, күнде жасайтын әдетің арқылы көпке ықпал етуге болады. Айтпай, ешкімді түртпектемей, өзің істеу арқылы үлгі болған дұрыс деп есеп­теймін. Дегенмен қоғамда экобелсенді, экоәдет, экоқозғалыс туралы ақпарат әлі де аз. Наурызбек БІРМАҒАМБЕТОВ, Neco экоклубының негізін қалаушы: Тренд емес, қажеттілікке айналса... Жастар арасында экобелсенді болу әлі де тренд бола қоймады. Бірақ алдағы бес жыл ішінде тренд болады деп үміттенемін. Тек тренд емес, қажет­тілікке айналуы керек. Жалпы, экобе­лсенді болу қандай да бір келіп-кететін сән кейпіне енуіне қарсымын. Бұл міндет, қажеттілік әрі мәдениеттің бір бөлігі болғаны жөн. Жалпы, алты жылдан астам уақыт бойы экобелсендімін. Өзім биология пәнінің мұғалімімін. Мені бұған алып келген – осы сала бойынша алған білімім мен жинаған тәжірибем. Мектепте жұмыс істеген жылдары органикалық егіншілікпен айналысатын шаруа қожалығы басшысымен таныстым. Сол сәттен бастап егіншілікті, өсімдік шаруашылығын, жылыжай бизнесін зерттей бастадым. Сондай-ақ органикалық тыңайтқыш тақырыбына да қызықтым. Мұның бәрін ғылыми тұрғыдан зерттеп, іс жүзінде қолданғанда білгеніммен бөліскім келді. Кейін Қостанай қаласына көшіп келдім. Қалаға келген соң экобелсенділер қауымдастығын құрып, органикалық және экологиялық егіншілік тақырыбына қызығатындардың басын қостым. Қостанай облысындағы қоғамдық ұйымдар қауымдастығымен танысып, жаңа бастама қарқын ала бастады. Артынша, ГРИН азаматтық альянсы маған экология сала­сындағы барлық жауапты орган, ұйыммен танысуға жол ашты. Осылайша, еліміз бойынша, облыс деңгейінде бірінші болып экологиялық жобаларды жүзеге асыра бастадық. Қазір түрлі экоағарту кездесуін, шеберлік сыныбын ұйымдастырып, экологиялық өмір салтын ұстану бойынша тренинг өткіземіз. Осылайша, ерікті атанып, экобелсенді болғысы келетіндерді экоқоғамдастыққа қосылуға шақырамыз. Ал клуб белсенділерін бастамаларын жүзеге асыруға көмектес арқылы көтермелейміз. Оларға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға көмектесеміз.

Дайындаған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ