Тіл тағдырына толғантқан тұлға
Тіл тағдырына толғантқан тұлға
588
оқылды
Дінмұхамед Қонаев туралы сөз болғанда сол дәуірдегі Алматы­дағы қазақ тілінің тағдыры қоса айтылады. Нақтырақ айтқанда, Қазақ КСР-ның бас қаласындағы ана тілінің мүшкіл халге түсуіне Дін­мұхамед Ахмет­ұлын кінәлайтындар да бар. Бұл мәселенің тарихи шындық тұрғысынан қарасақ, оқиғаның мүлдем басқа арнада өрбігенін аңғарасыз. 1955 жылы Димекең Үкімет басына келгенде Алматыдағы бір топ ата- ана, ұлтжанды азаматтар Қонаев­тың атына «Қазақ мектептері ашыл­сын, таза қазақтілді мектептер са­лынсын. Бұған қаражат бөлінсін» деген сыңайдағы хат жазады. Хатты кіл шовинистер қызмет атқаратын Алматы қалалық білім басқармасының басшысына тапсырып, Қонаевқа жеткізуді өтінеді. Осы жерде қазақтың балалығы мен даналығы қатар жүре­тініне күйінесің. Әлбетте, білім бас­қармасындағылар әлгіндей мәтіндегі хатты Үкімет бас­шысына жеткізбейді. Осылайша, көпшіліктің қазақ мектеп­терін ашу, көбейту жөніндегі талап-тілектері әлгі хаттың бетінде, ал ол хат басқармадағы қатардағы қызметкердің тартпасында қала береді.
1958 жылы Димекең Бельгия астанасы Брюссельде өткен EXPO көрмесіне ел атынан қатысып, таза қазақ тілінде сөйлеп, ізгі тілегін жет­кізеді. Мұны теледидардан көрген Алматыдағы бір топ ұлтжанды аза­маттар тағы Үкімет басшысына хат жолдайды. Неге екені белгісіз, бұл жолы хатқа жауап келмейді. Белгілі ақын Әбділда Тәжібаев та жеке хат жазады. Бұл Димекеңнің өзі басқа­ратын Министрлер кеңесі қазақы­ландыру ісіне аянбай кіріскен кезі еді. Америкалық саясаттанушы Марта Олклоттың зерттеу еңбектерінде Қо­наевтың асқан шеберлікпен Министр­лер кеңесіне қазақтарды көптеп тартып, қызметтерін жоғарылатқаны жазылады. Сол еңбегінде Дінмұхамед Ахметұлының социализмді өзінің ұлты үшін шебер пайдалана білгенін де жазады. Өкініштісі, сол дәуірде кейбір қазақ зиялылары ана тілінде сөйлеуді ар санаған сияқты. Мәселен, 1959 жылы Жұмабек Тәшенов КазМУ-де студенттермен кездеседі. Ол кез­десуде бастан-аяқ орысша сөйлеген. Сол кездесуге студент ретінде қатыс­қан Мұхтар Мағауин естелігінде Жұмабек Тәшеновтің жастарға қарата «Орысша оқыңдар, орыс тілін жақсы меңгеріңдер» дегенін айтады.
Осы жылы Алматыда мұғалім­дердің кезекті съезі өтеді. Осы рес­публикалық жиынға жазушы Мұхтар Әуезов қатысып, сөз сөйлейді. Мек­тептердің мәселесін көтерген қалам­гер немерелерінің орыс сыныптарында оқитынын және мұны өзі үшін бақыт санайтынын жеткізеді. Сөз жоқ, қазаққа аты мәшһүр жанның дуалы аузынан осы сөздің шығуы қазақ ті­лінің мәртебесіне кері әсер еткендей. Сондықтан тілге байланысты Қонаевты жөн-жосықсыз кінәлай берудің қажеті шамалы. Димекең жақын достарының ортасында Жел­тоқсан оқиғасы кезінде тіл үшін кү­ресе алмағанын мойындайды. Оның үстіне, тоталитарлық жүйе «КСРО-да түбінде бір ғана тіл болады. Ұлт емес жаңа совет халқы қалыптасады» дегенге сендірді. Осынау құпия сая­сат­ты жүргізу бойынша нұсқаулықты Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің генаралдарының бірі Саяси бюроның мүшесі ретінде Димекеңе көрсеткен. Құпия құжатты оқығанда Димекеңнің төбе шашы тік тұрады. 80-жылдары Дінмұхамед Қонаев­тың қабылдауына тіл жанашыры Шона Смаханұлы кіреді. Шөкең Алматыда жалғыз қазақ мектебі бар екенін айтып, қазақ мектептерін ашу туралы бастама көтереді. Димекең оны құптап, қолдау білдіретінін ай­тады. Шона Смаханұлының жанына топталған бір топ азаматтың арқа­сында 80-жылдардың соңында Алматы қаласында қазақ мектептері жаппай ашыла бастады. Негізінде Алматыда қазақ мектеп­терінің болмауы әлгінде аты айтылған азаматтардың көзқарасына байла­нысты болса керек. Жер үшін жан бе­ріп, жан алысқан қайраткердің тілге көңіл аудармағаны қынжылтады. Сол секілді әлем таныған Әуезовтің орыс тілін үгіттеуін түсіне алмадым. Жазушы Сәбит Мұқановтың аралас мектептер жөніндегі орыс шо­винисіне айтқан сөзі кезінде аңызға айналды. Өкініштісі, оны зиялы қауым жаппай қолдамады. Соңы нә­тижесіз болды.
Тоқетерін айтқанда, кеңес зама­нында таза ұлттық намыс, бірлік бол­май тілден айырылуға шақ қалдық. Димекең еңбегін жоққа шығарғысы келетін бірен-саран біреулер оған «700 қазақ мектебінің түбіне жетті» деп қара күйе жағады. Димекең зейнетте жүрген шағында Орталық комитеттің саяжайында Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Герольд Бельгер кездейсоқ кез­десіп қалады. Амандық саулықтан кейін үшеуі серуенге шығады. Сол сер­уенде Қонаевты онша ұната бер­мейтін Әбекең: «Димекеңе неге Сіз 700 қазақ мектебін жаптыңыз», – деп шүйлігеді. Сонда Димекең ашуға мі­ніп: «Бұл біреулердің ойдан шығарған қисынсыз дерегі. Ұсақ бөлімшелердегі, фермалардағы мектеп деген аты бар, заты жоқ үйшіктер заман талабына сай келмеген соң өзінен-өзі жабылды. Ондағы оқушылар жаңадан құрылған колхоз, совхоз орталықтарындағы мектептерде оқыды. Бір бөлмеге пар­таны төрт қатар етіп қойып, онда төрт класқа бір мұғалім сабақ берген мек­тептерді жоқтап жүргендердікі дұрыс емес», – дейді.
Осы оқиғаға куә болған Бельгер кейін мұны күнделігіне қаз-қалпында жазады. Оның ұлы тұлға, шын халық көсемі екеніне күмән келтірмейді. Алматыдағы қазақ тілі мен мектебінің тағдыр тарихын әлі ешкім айтқан жоқ. Өткен ғасырдың 30-жылдардың ба­сында нағыз тілдік ортасы бар Қызыл­ордадан астана орыс тілді Алматыға көшіп келді. Мұндағы мектеп, ги­м­назия сынды білім ордаларындағы оқыту тілі орысша еді. Жергілікті ха­лық та тек орыс тілінде сөйлейтін. Жер-су атаулары әлдеқашан орыста­нып кеткен-ді. Әрине, тілдік орта жоқ қалада қазақтілді мектеп ашу мүмкін емес. «Алматыда бертінге дейін жал­ғыз қазақтілді мектеп болды» деп жүргенде осыны білсе керек. Димекең осы қалада орыс мектебінде оқыды. Зиялылардың балалары түгелге дерлік бәрі орыс тілінде білім алды. Кейін күнделікті қарым-қатынаста орыс тілінде сөйледі. Қорыта айтқанда, о баста ұлттық тілдік ортасы болмаған таза Верный (Алматы) кентінде қазақ тілінің көсегесін көгерту оңай емес. Қалада бұрыннан тұратын татар, ұйғыр, дүн­гендер тек қана орыс тілінде сөйлеген. Осы маңдағы қазақ руларын «су Ал­маты, ну Алматы» деп аталған ата қоны­сынан қуған орыс отаршылары Алматы астана атанғанға дейін-ақ ша­һарда орыс діні мен тілін әбден орнық­тырған болатын. Тұтас бір республиканың бас қаласында әу баста ұлттық тілдік ортаның болмауы соңында қазақтың рухы мен тілін жоғалтуға шақ қалды.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, қонаевтанушы