Алматы қаласының Махатма Ганди саябағында өткен митингке Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша үміткерлер Айдар Әлібаев, Тазабек Сәмбетбай, Ирина Әлімжанова және бірмандаттық аймақтық округ бойынша Берік Ағыбаев қатысып сөз сөйледі. Социал-демократтар ұйымдастырған «Құрылыс және сейсмикалық тәуекел проблемалары» тақырыбындағы митингке Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері де келді.
«Біздің мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың тамыры тереңге кеткен. Елімізде апат орын алса, Түркиядағы жағдай балабақша боп көрінеді», – деді Айдар Әлібаев.Үміткердің сөзін партиялық әріптесі Ирина Әлімжанова да қолдап, Алматы мен оның маңайы – сейсмикалық тұрғыдан алғанда бүкіл Орта Азия елдерінің ішіндегі ең қауіпті аумақ саналатынын айтты. Партиялық тізімдегі тағы бір үміткер Тазабек Сәмбетбай да еліміздегі құрылыс саласында жемқорлықтың белең алғанына алаңдаушылығын білдірді. Митинг соңында резолюция қабылданып, уәкілетті органдарға жіберілді.