ІІМ мен ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы редакциялар мен БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдар дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz сайты. Журналистерге жасалған шабуылдарды ұйымдастырушы және бастамашы Қазақстан азаматы Клебанов (Маневич) Аркадий Сергеевич екені анықталды. Ол ұсталды және соттың рұқсатымен қамауға алынды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы «Қауіп-қатер», 147-бабы «Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу», 158-бабы «Журналистік қызметке кедергі жасау», 202-бабы «Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» және 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қарастырылған айыптар тағылды. Ұсталған адам істеген әрекетін мойындады. Жауап алу барысында барлық шабуылдарды өз бетінше ұйымдастырғанын, өйткені жеке себептер мен бірқатар қазақстандық танымал БАҚ өкілдеріне бұрынғы талаптарының болғанын мәлімдеді. Клебанов-Маневич құқыққа қайшы жоспарларын іске асыру үшін хакерлер тобы мен акцияларды орындаушыларды жалдаған. Арандату мақсаттары мен нұсқаларын өз бетінше таңдаған. Орындаушыларға берілетін қаражатты криптовалюта операциясынан түскен пайда есебінен төлеп отырған. Тергеу жалғасады, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланады.