Түркиядағы зілзаладан көз жұмғандар саны 46 мыңға жуықтады

Түркиядағы зілзаладан көз жұмғандар саны 46 мыңға жуықтады

Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу Хатай провинциясындағы өңірлік AFAD үйлестіру орталығында мәлімдеме жасады, − деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап. «Бүгінде зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, олардың 4 267-і Сирия азаматы», − деп мәлімдеді Түркия ІІМ басшысы. Сондай-ақ ол алғашқы жер сілкінісінен кейін 13 мыңнан аса қайта дүмпу тіркелгенін атап өтті. «Жалпы, 26 300 ғимарат қирады. Олардың 26 032-нің қираған орнында іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілді», − деді ол. Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимарат  қирады.