Қазақстандық дүнгендердің Қытаймен байланысы белгілі болды
Қазақстандық дүнгендердің Қытаймен байланысы белгілі болды
© Бауыржан Жуасбаев
Осы және басқа да елең еткізерлік жаңалықтар елордада бүгін өткен «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде жария етілді, - деп хабарлады inbusiness.kz. Елімізде этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат түбегейлі реформаланатын болды. Айтқандай, биыл ассамблеяның 25 жылдығы. Мерейтой жылдағы дәстүрмен бюджет қаржысына би билеп, той тойлап атап өтілуі мүмкін еді. Алайда Қордайдағы оқиғалар бәрін өзгертті. Негізі, бұл қақтығыстың алдын алу мүмкіндігі болыпты. Сарапшылар этносаралық қатынастар саласына 2016 жылы зерттеу жүргізіп, көптеген ашық және жасырын проблемаларды сонда әшкерелеген екен. Биылғы 11–14 ақпан аралығында, Жамбыл облысындағы төбелестен кейін сарапшылардың жаңа тобы Қордай ауданына барып, ахуалға қаныққан. Сонда төрт жыл бұрын анықталған әлгі түйткілдер 2020 жылы да сақталып отырғаны мәлім болды. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жауырды жаба тоқымай, олардың негізгілерін нақты атады: «Еліміздегі дүнген жұрты әлеуметтік және мәдени оқшауланған, тұйық, жеке өмір сүреді. Дүнген жастары жалпықазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларынан қол үзген. Олар демографиялық жағынан үздіксіз көбейгеніне қарамастан, өзге облыстар мен қалаларға көп көшпейді. Этнос ішінде кастаға бөлінуі орын алған, яғни «якши» және «яман» топтарына кіретін дүнгенден әрбасқа мешіттерге барады. Бір-бірінің тойларына, жерлеу рәсімдеріне қатыспайды. Бұдан бөлек, дүнгендер мен қазақтар да өзара басы қосылмайды. Мемлекеттік қызметшілер арасында этникалық диспропорция бар», – деді Жансейіт Түймебаев. Бұл сала қылмыспен астасып жатқаны ашық айтылды. "Контрабанда, құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық жайлауы секілді проблемалар да бар. Қазақстандық дүнгендердің елеулі бөлігі Қытай мен Қырғызстан жоғарғы оқу орындарында оқуды жөн көреді. Олар қырғыздың ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады. Сондай-ақ отандық емес, Қытай, Ресей, Қырғызстан телеарналарын қабылдау үшін солардың спутниктік құралдарын кең қолданады. Қырғызстаннан дүнген тіліндегі газет-журналдарды алғызады», – деп хабарлады ҚХА төрағасының орынбасары.