Еліміздің 10 өңірінде өзен арнасынан тасуы мүмкін
Еліміздің 10 өңірінде өзен арнасынан тасуы мүмкін
© astanatv.kz
1,657
оқылды
"Қазгидромет" РМК су тасқыны бойынша негізгі болжамды жариялады. Қазақстанның жазық өзендерінде көктемгі су тасқыны ағынының күтілетін көлемі 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшеулер деректері негізінде жасалды, – деп хабарлайды Zakon.kz. "Қазгидромет" РМК өңдеген NASA спутниктерінің ЖҚЗ (Жерді қашықтықтан зондтау) суреттеріне сүйенсек, 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның қарлы аумағы 72% болды. "Жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берілді", – делінген хабарламада. Қауіп жоғары аймақтар: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу облыстары. Орташа қауіпті: Павлодар, Атырау және Ұлытау облыстары. Қаупі төмен өңірлер: Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. "Қарағанды (Нұра өзенін қоспағанда), Ұлытау, Ақмола (Жабай өзенін қоспағанда), Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәндерден 13-44%-ға төмен. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орташа көпжылдық мәннен 37%-ға және 74%-ға жоғары", – дейді "Қазгидромет" РМК. Синоптиктердің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қар жинау процесі жалғасуда. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының өзендерінің бассейндеріндегі топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері орташа көпжылдық мәндерден жоғары. Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Ақтөбе облыстарының өзендерінің бассейндеріндегі орташа көпжылдық мәндерден төмен. Топырақтың қату тереңдігі Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 5-тен 115 см-ге дейін жоғары. Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында өткен жылғы көрсеткіштерден орта есеппен 6-дан 35 см-ге дейін төмен. Наурыз, сәуір айларында метеостанциялардағы көпжылдық бақылауларға сәйкес тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін, бұл қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың пайда болуына алып келуі мүмкін. Консультативтік синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес, 2023 жылдың наурызында елдің басым бөлігінде күн райы негізінен жылы және жаңбырлы болуы мүмкін.