Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер талқыланады
Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер талқыланады
389
оқылды
 ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Адам құқықтары жөніндегі диалогтың 14-ші отырысына қатысады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. «2023 жылғы 9-10 наурызда Брюссель қаласында Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев бастаған делегация «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Адам құқықтары жөніндегі диалогтың 14-ші отырысына және Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің 20-шы отырысына қатысады», - деді А. Смадияров ведомствода өткен апталық брифингіде. Осы орайда ол Адам құқықтары жөніндегі диалог аясында азаматтық қоғамды қорғаудың ұлттық институттарын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу болатынын айтты. «Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің отырысы барысында заң үстемдігін нығайту, сот жүйесін басқару және реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, көші-қон, шекараны басқару, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы виза мәселелері, адам саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес тақырыптарын жан-жақты талқылау ескерілген», - деді ресми өкіл.