Отырыстың күн тәртібін бекітті
Отырыстың күн тәртібін бекітті
294
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшім­баев­тың төра­ғалығымен палата бюросы­ның оты­рысы өтті. Онда депутаттар 9 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәр­тібін бекітті. Мәулен Әшімбаев 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгеріс­тер енгізу туралы заң жобасын сапалы және жедел қараудың маңызды екенін атап өтті. Аталған заң жобасы өткен аптада Сенатта таныстырылды. «Үшжылдық бюджетті нақтылау Мем­ле­кет бас­шы­сының Жолдауында және сай­лауалды бағдар­ламасында жүктелген міндеттерді орындау үшін қолға алынып отыр. Бұл нақтылаудың маңыз­дылығын ескере отырып, оларды барынша жедел қарап, қабылдауымыз қажет. Сол себепті Коми­теттерден тиісті жұмыстарды жүр­гізуді сұраймын», – деді Мәулен Әшімбаев. Алдағы палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бірін­ші оқы­лымда қарайды. Заң мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік саяси қызметшілердің жауап­кершілігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алуға ықпал етеді деп кү­тілуде. Сонымен қатар бейсенбі күні Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжы­майтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік ка­дас­тры шеңберінде мемлекеттік көрсе­тілетін қыз­меттерді цифрландыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу ту­ралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру арқылы жер учаскелеріне құқық­тар беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ осы заң жобасы арқылы жерге құқық беруді цифрлық ақ­па­ратты көрсете отырып, жария кадастрлық карта бойын­ша «Электронды Үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асыру ұсы­нылуда. «Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық, Қыл­мыс­тық-процестік және Қыл­мыс­тық-атқару кодекс­теріне қылмыс­тық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да палата оты­рысының күн тәртібіне шығарылды. Заң жобасының мақсаты – қылмыстық, қыл­мыс­тық іс жүргізу, Қылмыс­тық-атқару заңнамаларының нормаларын жетілдіру. Одан бөлек, Бюро отырысында Сенат­тың Парламент функцияларын орындауына байланысты Мәжілістен талап етілген және Үкіметтен келіп түс­кен заң жобалары жұ­мыс үшін палатаның тұрақ­ты Комитет­теріне бөлініп берілді.