Елордада мерекеге орай конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтеді. Астана, Қарағанды, Алматы, Ақмола облысынан келген шабандоздар 8 наурызда «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде үздіктерді анықтайды. Байқауға қатысушылар биіктігі мен күрделілігі бойынша 4 бағытта жарысады. Мәселен, бірінші санат – «Әуесқойлар санаты, 105 см»; Екінші санат – «Балалар санаты 12-15 жас, 110 см»; Үшінші санат – «Ашық сынып санаты, 120 см»; Төртінші санат – «Екі кезеңнен тұратын ашық санаты, 120 см». Жарыстың жалпы жүлде қоры – 6 000 000 теңге. Ұйымдастырушылар желмен жарысқан сұлу да сымбатты шабандоз қыздарды қолдауға шақырады. Іс-шара қала әкімдігі қолдауымен және Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының ұйымдастыруымен өтеді.