Саптағы сұлулар
Саптағы сұлулар
829
оқылды
Бүгінде ерлермен бірге елге қызмет етіп, жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген бұрымдылар бар­шылық. Темірдей тәртіпке бағынатын Қарулы күштер сапында жауапкершілігі жоғары міндетін мінсіз атқарып, отбасындағы қызметін де қатар алып жүрген қыз-келіншектер қандай құрметке де лайық. Өйткені бір қолымен Отанның тыныштығын күзетіп, екінші қолымен бесік тербетіп, отбасының ұйытқысы болған әскердегі әйелдердің қажыр-қайратына таңданбауға тағы болмайды. Жанар Деменова Жарыққа жауапты Жанар Біздің алғашқы кейіпкеріміз Жанар Де­ме­нова Әскери теңіз-күштері сапында 16 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ақтаудағы 25425 әскери бөлімінің маяктарды эксплу­атациялау бөлімінің бастығы, аға сержанттың жұмысы тиянақтылық пен табандылықты талап етеді. Өзінің айтуынша, осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүруіне отбасындағы қолдау да көп көмегін тигізеді екен. Оның үстіне, Жанардың жан жары да әскери адам. Өмірлік серігіне өмір жолында ғана емес, қызмет бабында да қолдау білдіру үшін 2007 жылдан бастап әскери салаға баруға шешім қабылдаған Жанар Серікболқызы өз таңдауына ешқашан өкінген емес. Керісінше, халықтың алаңсыз ұйқысы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүргенін мақтаныш етеді. – Алғаш Әскери-теңіз күштеріне қарасты 25425 әскери бөлімшесінің гидрографиялық қамтамасыз ету бөлімінде техник болдым. Қазір Ақтау қаласындағы 43 метр биіктікте орналасқан әскери күштердің қорғауындағы «Меловой» нысанының жанып-өшуіне жауаптымын. Өзіңіз білесіз, Каспий теңізі – 3 миллион шаршы шақырымды алып жатқан су айдыны. Осы теңіз арқылы бес ел шектеседі. Яғни, теңіз суы бірнеше мемлекеттің сауда қатынасын қыздырып отыр. Ал «Меловой» маягы теңіздегі кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның негізгі қызметі – Ақтау сауда айлағына бет алған су көліктеріне түнде жол табу үшін жарық түсіру. Бүгінде кемелерде бағытты анықтайтын навигациялық жүйе орнатылған. Десе де, маяк қызметі әлі де маңыздылығын жойған жоқ», – дейді ол. 1974 жылы орнатылған «Меловой» шам­шы­ра­ғындағы жарық белгілерін қадағалап, маяк аппаратурасының жүйелерін, меха­низмдерін және құрылғыларын тексеретін Жанар Деменова 2011 жылға дейін құрыл­ғыны қолмен қосып, өшіріп отырғанын айтады. Кейін жарықдиодты авиациялық жабдықтың жаңа құралы орнатылып, ол автоматты түрде қосылып-өшірілетін бол­ған. Дегенмен техниканың аты – техника. Сондықтан автоматты жүйеге айтарлықтай сенім артуға болмайтынын айтқан әскери қызметші: «Заманауи талаптарға сәйкес, адам күшінің аса қажеті болмауы мүмкін. Бірақ құрылғы жауын-шашыннан тоттанады. Ауа райының қолайсыздығынан аппарат бұзылған жағдайда дереу қысқа уақыт ішінде орнатуға әрі әскери қызметші күн болсын, түн болсын келуге дайын болу керек. Менің міндетім – маяктың үнемі үздіксіз жұмыс істеуін, жақсы күйде болуын қадағалап отыру. Әскери-теңіз күшінде шамшырақтың әр жарығы әскери қызметшіге жауапты қызмет жүктейді. Себебі «Меловой» – теңіз­дегі кемелердің «көзі», – дейді. Су бетіндегі жарыққа жауапты Жанардың қауырт қызметті бір минут қадағалаусыз қалдыра алмайтын сәттері жиі кездеседі. Ондай сәттерде ұзақ ойланып жатуға уақыт жоқ. Оның айтуынша, әскери салада қалыпты жұмыс кестесі деген жоқ. Тәуліктің 24 сағатында бөліммен байланыста болу міндеттеледі. Сағат тілі таңғы 3-і, түнгі 12-ні көрсетсе де, дабыл соғылған сәтте жұмыс орнына жету керек. «Әскери салада қызмет етіп, әдемі форма киген мақтаныш емес, біз үшін Отан үшін жауапты бола алғаным әлдеқайда абырой», – дейді Жанар Серік­болқызы. Жазира Асанова «Темірдей тәртіп әр сәтті бағалы етті» Қызметін жоғары білімді математик болып оқытушылықтан бастаған Жазира Асанова – жігіттермен бірге иық тірестіріп, мемлекеттің тыныштығына жауапты бола­мын деп шешкендердің бірі. Университетті математика және информатика бойынша тәмамдап, кейін ғылым жолына түседі. Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастаған Жазира Жұмабекқызы колледж бен университетте де сабақ беріп, аға оқытушы болып еңбек етіпті. Математика ғылымдарының магистрі атанған соң оның да бүйрегі бала күннен өзіне етене таныс әскери салаға бұрады. – Қарулы күштер сапында өзім секілді қызмет істеп жүрген қыз-келіншектер көп. Бұл салаға кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Біздің отбасы – әскери династия. Бала күнімізде Жамбыл облысындағы әскери қалашықта тұрдық. Әскери өмірді кішкентай күнімнен көріп өстім. Әулетімізде өзімнен басқа ағам мен әпкем де әскери адамдар. Әпкемнің Қарулы күштер сапында жүргеніне – 25 жыл, – дейді ол. Қарулы күштердегі алғашқы жұмысын 2008 жылы Қарағанды қаласындағы Астана өңірлік қолбасшылығында есепші болып бастайды. Ал қазір ҚК Бас штабы Ұйымдас­тыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің аға офицері Жазира Жұмабекқызы өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындаудың мемлекет үшін аса маңызды екенін жақсы түсінеді. «Жұмыс кестесі 9-дан кешкі 7-ге дейін бекітілген. Бірақ қызметіміздің ерекшелігіне байланысты тұрақты жұмыс режимі жоқ. Көбінесе үйге кеш қайтуға тура келеді. Орталық аппаратта жұмыс әрқашан қауырт. Күн сайын бірнеше сұраныс келеді. Ақпараттарды жалпылау, қорытындылау жұмысын ұқыптылықпен орындау бізге жүктеледі», – дейді әскерден тыс жұмыстар бойынша аға офицер. Әйткенмен, қызметтің қауырттығы отбасындағы аналық міндеттен қол үзуге себеп емес. «Кейде жұмыстың ауырлығынан шаршап келетін сәттер болады. Бірақ отбасындағы жылулықты сезінген жанда шаршауға мүмкіндік жоқ екен. Күндіз мемлекеттің, кешке үй тіршілігіне үлгеруге тырысамыз. Шынын айтсам, отбасыммен жұмыс күндері тек кешкі астың кезінде ғана кездеседі екенмін. Сол аз ғана уақыттың өзін тиімді пайдаланып, бір-бірімізге сырымызды айтамыз, жоспарымызбен бөлісеміз. Әскери өмірдегі темірдей тәртіп уақыттың әр сәттің өзінен ләззат алып, әр күнімізді бағалауға үйретті», – деп ағынан жарылды Жазира Асанова. Армансыз адам – қанатсыз құс. Біздің екінші кейіпкеріміздің де арманы асқақ, мақсаты айқын. Оның ендігі арманы – Ұлттық қорғаныс университетінде білімін толық­тырып, ел тыныштығы жолында аянбай қызмет ету. Айдана Еспенбетова «Еркелікті ұмыттырып, жауаптылыққа үйретті» Қорғаныс министрлігі ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының Әкімшілік бөлімі аға маманы Айдана Еспенбетова – отбасындағы екі ұлдан кейінгі сүт кенжесі. Алғаш Қарулы күштер сапына келгенде өзі секілді қыз-келіншектердің шетінен шымыр, барлығы белсенді екенін көрген ол: «Арнайы ауыр сөмкелерді, өзімен бірдей қаруды асынып, жігіттермен бірдей жаттығу жасап жүрген әйелдерді көргенде таңғалдым. Олардың ерік-жігеріне тамсанып жүріп, өзім де әскери салаға бар жан-тәніммен ғашық бола түстім. Көп ойланып жатпастан, Қарулы Күштерге әскери қызметке шақырылсам деген ниетімді білдірдім», – дейді. Осылайша, жас та болса жұмысқа деген ерік-жігерін байқаған басшылық та оған қарсы болмайды. Тиісті комиссиялардан мүдірмей өтіп, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданған Айдана Еспенбетованың әскер сапында ерлермен қатар Отан алдында міндетін атқарып жүргеніне биыл 10 жыл толыпты. Алғашқы кездері қауырт қызметтен қажып жылаған кездері болғанын жасырмайды. «Алғашқы кездері атыс даярлығына барып жүргенде ғой, қауіпсіздік мақсатында басымызға каска мен броньды қалқан кию керекпіз. Жан-жағыма қарап касканы кидім. Әлгі екеуін киіп болғасын барлығы маған қарап «саңырауқұлақтан аумай қалдың» деп күледі. Өйткені маған тым үлкен екен. Мойным қылдырықтай. Ол ма, жаттығу кезінде жатуын жатып, қайтадан орнымнан тұра алмаймын. Қолымда өз салмағынан ауыр автомат, үстімде зіл-батпан киім, өз денемді өзім көтере алмай тасбақаша тырбаңдаймын. Нұсқаушы ағай желкемнен кішкентай күшікті ұстағандай тұрғызды. Ұялғаннан бетім алмадай болып, талай сабақты саңырауқұлақ, тасбақа, күшік те бола жүріп өткіздім. Әскери өмірде ер немесе әйел болып бөлінбейді. Қарулы күш сапында қызмет етуге келген әрбір адам сарбаз. Мұнда келгелі үйдегі еркелікті тастап, жинақылыққа үйрендім, – дейді қызықты сәтімен бөліскен Айдана Бейбітқызы. Күнделікті жұмысы кеңсе жұмысы, іс қағаздарын жүргізу, бұйрық жобаларын әзірлеу, кіріс-шығыс құжаттарын есепке алу болғанына қарамастан, әскери тәртіпке сай әрбір уақыт санаулы. Қызметтегі қаталдық азаматтық өмірде әйелдік табиғатыңнан арылуды білдірмесе керек-ті. Өйткені жұмыстан тыс уақытта би және йогамен айналысып, бір сәтте ас үйдің қожайыны болуды да ұмытқан емес. «Күш білекте емес, жүректе» деп санайтын Айдана театрдың тұрақты көрермені ғана емес, анда-санда өлең жазатын өнері барын да білдік.