Биыл елдегі ең айтулы мерейтойлардың бірі – Қазақ телевизиясының 65 жылдығы. Өткен ғасырдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл сала бүгіндері біршама ілгері басты. Қазақ журналистикасының мектебі қалыптасып, онда талай ұлы тұлғалардың қолтаңбасы қалды. Осы мерейтой қарсаңында біз «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың сұхбатын оқырманға ұсынамыз.
– Ел телевизиясының бастауы – Qazaqstan арнасына 65 жыл толып отыр. Ең алдымен, қарашаңырақ ұжымын газетіміздің атынан осы мерейтоймен құттықтаймыз! Арна тарихында талай тұлғалар қызмет етті. Биылғы мерейтойда сол телевизия ардагерлерінің қатысуымен үлкен шара өткіздіңіздер. Осы жөнінде бөліссеңіз.
– Рахмет! Еліміздегі ең беделді басылымдардың бірі Аiqyn газетіне де осы белеске жетуге тілектестік білдіреміз. Иә, 65 жылдықта ұлттық арнаның бастауында тұрған ардагерлеріміздің басын қосып, аға буын алдындағы көп міндетіміздің бірін өтегендей күй кешіп жатырмыз. Алматыдан 20-дан астам ардагерді арнайы алдырып, Астанадағы 20 ардагеріміз бар, бір кезеңдерде қызмет еткен аға буынның басын қосып, шарамыздың негізгі қонағы еттік. Олардың арасында Қазақ телевизиясының қалыптасу жылдарында қызмет еткен ардагерлер – диктор Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетова, журналистер Төлеубай Қаймолдинов, Қажы Қорғанұлы, Құсман Игісінов, Фатима Бегенбаева, режиссер Қарлығаш Мұртазина, дыбыс режиссерлері Қайрат Тойшыбеков, Рысты Сәкенова, тележүргізуші Баян Секербаева, режиссер Күлнаш Қошанова бар. «Қазақстан» телерадиокорпорациясына Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында төрағалық еткен Әшірбек Көпішев ағамыз да осы шараның куәгері болды. Ардагерлер орталық кеңседегі студияларды аралап, телевизиядағы технологиялық өзгерістерге, жалпы, отандық телевизияның бүгінгі жетістіктеріне қуанып, әрдайым тілектес екенін жеткізді. Телеарнадағы жастармен кездесіп, тәжірибелерін бөлісіп, ақыл-кеңестерін берді. Біз үшін де бұл зор құрмет және қолдау. Жалпы, 65 жылдық мерейтой телевизиядағы дәстүр сабақтастығының көрінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз құттықтауында отандық телеарнаның дамуына еңбек сіңірген ардагерлерге ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ардагерлерімізге «Еңбек ардагері» және «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерекелік медальдарын табыстады. Мерейтойға орай Корпорация бастамасымен телевизия тарихынан сыр шертетін фотожинақ жарыққа шықты. Осылайша, 65 жылдық тарихымызды бір түгендеп алдық. Жинақ еліміздегі оқу орындары мен кітапханалар қорына да берілетін болады.
Өзіңіз білесіз, телевизия тарихында талай майталман тұлғалар қызмет етті. Бүгінде арамызда жоқ Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Совет Масғұтов, Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов іргесін қалаған қазақ телевизиясындағы тәуелсіздік дәуірін Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сияқты телевизия қайраткерлері жалғады. Осы мерейтойға орай биыл телевизияның 1970-1980 жылдардағы даму, өркендеу кезеңін сипаттап, сол жылдарда қызмет еткен тұлғалардың бейнесін ашуға, олардың ұлт мәдениетіне, қазақ телеөнерінің дамуына сіңірген еңбегін көрсетуге бағытталған «Дидар» атты телесериал түсіруді бастадық. Бұл да телевизия қайраткерлері алдындағы бір парызымыз десек болады. Сериалға арқау етудегі мақсатымыз – көрерменге, әсіресе кейінгі буынға телевизияның тұтас дәуірлер жүгін арқалап келе жатқанын, қоғамның, мәдениеттің ажырамас бөлшегі екенін көрсету.
– Жалпы, Qazaqstan телеарнасының тарихында елеулі оқиғалар көп болды. Соның бірі – 2011 жылдан бастап тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде хабар тарататын болғаны. Бұрын телеарнаның рейтинг жайын ойлайтындар бұл қадамға «аудитория азаюы мүмкін» деп күмәнмен қарағаны жасырын емес. Расында, содан бері телеарна көрерменнің көбін жоғалтты ма?
– Дәл қазір Qazaqstan телеарнасы рейтингте барлық телеарналар арасында алғашқы үштікке кіреді. Елдің көбі үйде отыратын демалыс күндері рейтинг басындамыз. Бұл – қазақтілді сапалы контентке деген сұраныстың жоғары екенінің көрінісі. Бұл жетістік әрине, шығармашылық ұжымымыздың үнемі ізденісте жүріп, көрерменнің сұранысына сай икемделе білуінің нәтижесі. Нәтижені жақсарту жолындағы қадамдарымыз бір сәтке де тоқтамайды. Qazaqstan арнасы тәулігіне 20 сағат хабар таратса, оның 10 сағатында тікелей эфирде шығады. Күн сайынғы Aqparat жаңалықтар шығарылымы қазір өзге арналардағы жаңалықтар бағдарламалары ішінде 3-ші орында. Яғни, бұл аудитория сенімінің көрсеткіші деуге болады. Сол сияқты Apta апталық сараптамалық бағдарламасы да өзге арналардағы осы бағыттағы жобалар арасында алғашқы орында.
Осы ретте айтып өтсек, өткен жылдың жаңа тренді – біздің отандық сериалдар қазір рейтинг бойынша шетелдік телехикаялардың көрсеткішінен асты. Бұл елімізде бірнеше жыл бұрын басталған сериалдар индустриясының сапа жағынан шетелдік сериалдармен теңескенін көрсетеді және еліміздің телехикаялар индустриясының болашағы зор екенін айқындайды. Ұзақ жылдар сериал нарығындағы қиындықтарға шыдап келген сценаристер, режиссерлер мен продюсерлердің еңбегі айрықша. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бұл бағытта, яғни сериал, оның ішінде тарихи телехикаялар өндіруге машықтанған ұжымдардың қалыптасуына зор ықпал етуде. Аудитория сұранысынан туындаған тағы бір жаңа үрдіс – сериалдардың бірнеше маусымының қатар түсірілуі. Бұл ретте жоғары рейтинг жинаған «Ақжауын», «Ауыл мұғалімі», «Күйеу бала», «Сезім толқыны», «Бақыттың кілті» телехикаяларын атап өтуге болады.
– «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 4 республикалық телеарна, 15 аймақтық арна, 4 радио мен бірнеше интернет порталды біріктіріп отыр. Осынша ауқымды медиақұрылымның жұмысын қалай бір ізге түсіріп, жүйелеп отырсыздар?
– Біз ақпараттық майданның қызып тұрған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізудегі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының арқалап отырған жүгі ауыр. Корпорацияға қарасты телеарналар мен радиолардың қызметкерлері мұны жете түсінеді, үлкен ұжымның әр мүшесі өзінің міндетін асқан жауапкершілікпен орындайды. Бүгінде Корпорацияда нарықтағы ең үздік мамандар жұмыс істейді. Біз мықты мамандарды бір шаңырақ астына біріктіру мақсатын қойып, оны орындадық деп айта аламыз. Ең мықты журналист, тележүргізушілерден бастап, оператор, бейнеинженерлер, жарық қоюшылар мен медиаменеджерлерге дейін Корпорацияға тартуға тырыстық. Қазір соның жемісін көріп отырмыз. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгінде сериал өндірісі, анимация, дубляж, спорттық трансляциялар, телемарафон сияқты телевизияның кез келген бағыты бойынша көшбасшы екенін мақтанышпен айта аламыз. Корпорацияның әлемдік ірі франшизалардың қазақстандық нұсқасын сәтті жүзеге асыру да жылдар бойғы тәжірибенің жемісі. Мұндай жобалардың бірі – қазақстандық талантты бүлдіршіндерді бір сахнаға жинаған «Qazaqstan дауысы» балалар жобасы. Өткен телемаусымда 6 мың баланың басын қосқан жоба биыл көктемгі маусымда қайтадан эфирге шығады. Бірнеше маусымы түсірілген «Qazaqstan дауысы» жобасы кезінде нидерландылық мамандар біздің жобаның Ресей, түрік арналары өндірген жобадан әлдеқайда алда екенін мойындады, яғни бұл – отандық телевизияның жеңісі. Дәл осы сияқты ірі телеөндіріс арқылы нарықта өзге елдермен бәсекелесе алатын, біздің телевизияның бұдан әрі де дамуына қызмет ете алатын білікті кадрлар, мамандар шоғыры қалыптасты. Біз үшін ең үлкен мақтаныш – осы. Телевидение бұл қашан да командалық жұмыс. Әрбір қызметкер алып машинаның бөлігі секілді. Бір-бірін толықтырып отырады. Ауқымды медиақұрылымның жұмысын бір ізге түсіріп, жүйелеп отыруда ауызбіршіліктің алар орны айрықша екенін баса айтар едім. Басты мақсатымыз – Корпорация құрамына енетін әрбір теле және радиоарнаны медианарықтағы бәсекеге қабілетті БАҚ ретінде қалыптастыру.
– Соңғы жылдары телеарна қазақ тарихындағы тұлғалар жайлы фильмдерді көптеп түсіре бастады. Көрерменді сол фильмдерге тұлғалардың қалай таңдалатыны, нендей талап қоятыны қатты қызықтырады. Осы жөнінде баяндап берсеңіз және алдағы уақытта қандай фильм түсіруді жоспарлап жүрсіздер?
– Тарихи бағыттағы сериалға қадам жасау оңай іс емесі түсінікті. Негізгі қиындықтарды атап өтсек, біріншіден, елімізде тарихи телесериалдарды түсіруге машықтанған ұжымдардың аздығы. Бұл ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тек тапсырыс беруші емес. Тарихи тақырып ұсыну, актерлерді бекіту, сценарний мазмұны, түсірілім орындарын таңдау сияқты шығармашылық процестерді толық бақылайды. Телехикаялар өндірісіндегі тағы бір қиындық, сол кезеңдердің аурасын, күйін дәл суреттейтін ғимараттардың, жабдықтар мен киімдердің тапшылығы. Кейде барлығын қолдан жасап, қайта тұрғызуға тура келеді. Бұл жұмсалатын шығынды 2-3 есе көбейтеді. Аудитория тарапынан телехикаяны деректі фиьмдердегі сияқты дәлдікті, актерлердің айна-қатесіз ұқсастығын талап ету де бар. Кейде тарихи тұлғалардың өміріндегі көлеңкелі, нақты емес тұстарды айналып өтуге тура келеді, себебі әрбір тарихшының немесе ұрпақтарының әртүрлі оқиғаға өзіндік бағасы мен көзқарасы бар. Телесериалға негізі шығармашылық еркіндік тұрғысынан қарамасақ, алға баспайтынымыз анық. Жалпы, отандық телевизиядағы тарихи сериалдардың алғашқысы «Тар заман» болса, одан бергіде Корпорация «Орбұлақ шайқасы», «Сарай сыры», «Абай», «Әл-Фараби», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Тәшенев. Тайталас», «Дина. Күй құдірет», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Мағжан. Мен жастарға сенемін», «Міржақып. Оян, қазақ!» сияқты бірнеше телехикая түсірді. Дені сәтті шықты деуге болады. Телесериалдарға тұлғаны таңдауда бірінші ұлтқа сіңірген еңбегі, тарихтағы орны ескеріледі. Сондай-ақ кейіпкер туралы деректердің көптігі, яғни мәлімет қоры маңызды. Біздің негізгі мақсатымыз – өз тұлғаларымыздың тағдыр жолын, күрескерлігін көрсете отырып, бүгінгі жас буынға ұлт басынан өткерген қилы замандардан хабар беру, тарихты телеэфир арқылы дәріптеу. Осы ретте айтып өтсем, жақында күллі түркі халқына ортақ Қорқыт ата тұлғасына арналған төрт бөлімді телехикаямыз эфирге шығады. Бұл – Корпорацияның өзге елдермен бірлесе түсірген алғашқы тарихи жобасы. Сериалға Өзбекстан және Қырғыз Республикасы тарапы атсалысты.
– Корпорация жаңалық таратудан бөлек өнерге, мәдениетке һәм ұрпақ тәрбиесіне, әрісі спортқа да ерекше көңіл бөлді. Сол себепті Abai.tv, Balapan, Qazsport телеарналары құрылды. Қазір өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Дегенмен үздіксіз даму еңбекті қажет ететіні белгілі. Сондықтан келер уақытта бұл арналарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Корпорацияның соңғы 2,5 жылдағы қолға алынған ең үлкен жобасы – Abai.tv арнасы дер едім. Телеарна осы уақыт аралығында толықтай қалыптасу кезеңінен өтті. Қазір телеарна өз бағыты бойынша барлық өнер ордаларымен, мамандармен байланыс орнатуды қолға ала бастады. Концерт, спектакль, би қойылымдары мен өзге де мәдени шараларды кәсіби түрде түсірудің тәсілдерін меңгеруде. Режиссерлар түсірілім алдында пьеса, партитураларды оқып, зерттейді. Бұл біздің мамандарымыздың да кәсіби тұрғыдан өсуіне септігін тигізуде. Екіншіден, еліміздің ең мықты мамандары жиналатын Abai. tv-ның «Сана» интеллектуалды алаңында сарапшылар әр тақырыпты терең талдап, маңызды мәселелерге мән береді. Сөйтіп, телеарна аналитикалық журналистиканың күш алып келе жатқанын көрсетіп отыр. Одан өзге, арна ашылған жылдары шыққан «Сарасөз», «Үркер», «Бірегей» сияқты жобалары бүгінде көрермен сұранысына ие. Қазір телеарна бағдарламаларын формасы мен сапасы жағынан жетілдіру үстінде. Жаңа маусымның жаңалығы – белгілі тележүргізуші Назира Бердалының жүргізуімен «Алтын сақа» интеллектуалдық бағдарламасын жаңа форматта түсіру жоспарланып отыр. Қымбат Досжанның «Сырлы әуен» авторлық жобасы ұсынылмақ. Бұл жобада классикалық шығармалардың дүниеге келу тарихы баяндалады. Сонымен қоса, Зира Наурызбаеваның өзіндік зерттеулеріне негізделген этнографиялық бағыттағы «Ұршық» жобасы эфирге шығады.
Ал Balapan көрерменге контент ұсынатын телеарна ғана емес, ата-ана, мектеп, қоғам үшін бала тәрбиесіндегі көмекші ұйым ретінде де қызмет етіп келеді. Жалпы адами құндылықтардан бастап, отаншылдық сезімді, ғылыми тақырыптарды, ғаламдық маңызы бар мәселелерді өскелең буынға түсіндіру және олардың таным көкжиегін қалыптастыру, дүниетанымын кеңейтуге үлес қосу – балалар арнасының міндеттеріне кіреді. Кейінгі онжылдықта дүниеге келген ұрпақтың ана тілінде анық сөйлеп, ойын көркем жеткізе алуына Balapan-ның ықпалы зор екенін айта кету керек. Сондықтан арна нәтижелі жұмыс істеп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бұған телеарнаның рейтинг көрсеткіштері де дәлел бола алады. TNS Central Asia компаниясының зерттеуі бойынша, Balapan 2020 жылдан бері республикалық топ 7 телеарна тізімінде. Спорттық арнамыз Qazsport телеарнасының ашылғанына биыл 10 жыл болады. Телеарна қазір отандық жарыстардың трансляциясын көбейтті. Шетелдік трансляцияларға келетін болсақ, әлемдік деңгейдегі додалар мен қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін сайыстарға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бұқаралық спорт, балалар спортын насихаттау басты назарда. Осы 10 жыл ішіндегі негізгі жетістік комментаторлардың кәсіби деңгейінің бір ізге түсуі деп айтуға болады. Спорттық арна ретінде Qazsport бұл бағытта тіл мамандарымен жүйелі жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде спорт жанкүйерлері тарапынан айтылатын сын азайды.
– Көпшілік арасында «теледидар қарайтындар аз, дәуірі өтті» дегендей пікір қалыптасып жатқаны жасырын емес. Қажетті ақпарат алуда әлеуметтік желілердің ықпалы басым екені тағы рас. Мәселен, соңғы 2-3 жылда телеарналардың түгелі дерлік әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізуге көшті. Сонда шынымен телеарналардың дәуірі өтіп бара жатыр ойлауымызға негіз бар ма?
– Бұл оймен келіспеймін. Шын мәнінде, уақыт өткен сайын тек ақпаратты аудиторияға жеткізу әдістері өзгереді. Әлеуметтік желінің ыңғайлы платформа екені рас. Бірақ оны дәстүрлі БАҚ-пен салыстыру немесе бәсекелес ретінде қарастыру қисынсыз деп білемін. Әлеуметтік желіде отырған аудитория да негізінен телеарналар өндірген өнімді тұтынып отыр деп сеніммен айтуға болады. Genesis-тың соңғы статистикасы бойынша, қазіргі күні Youtube-тың қазақстандық сегментіндегі 13 миллион пайдаланушының 12 миллионы TV каналдардың жобаларын көреді екен және ең көп аудиториясы бар каналдар телеарналарға тиесілі. Олардың қатарында әріптестеріміз «7 арна», «Хабар», «КТК» теларналарының да YouTube желісіндегі жазылушылар санын айтуға болады. Қазір біздің Корпорация интернет кеңістігіндегі пайдаланушылар саны бойынша көшбасшы. Тек әлеуметтік желідегі парақшаларымыздың оқырмандар саны 8,5 миллионға жетті. Яғни, бұл 8,5 милллион аудитория теларна мамандарының өндірген өнімін тұтынып отыр. Одан кейін, тағы бір ресми дерек бар, көпшілік басқа БАҚ-қа қарағанда телеарна жаңалықтарына сенім білдіреді.
Осы тұста айтып өтетін тағы бір мәселе – жарнама тақырыбы. Әлбетте, нарық заманында жарнамасыз болмайды. Онсыз көрерменге ұсынатын қызықты жобалардың барлығына бірдей қаражат табуымыз қиын болар еді. Жарнама нарығының басым бөлігі телеарналарда. Орта Азия жарнама қауымдастығының мәліметінше, өткен жылдың соңғы үш айында ғана қазақстандық телеарналардағы жарнама көлемі 5 пайызға өсіп, жалпы көлемі 35 миллиард теңгеден асқан. Ал оның басым бөлігі телевизия саласына тиесілі. Яғни, бұл аудитория әлі де телеарналар алдында отырғанын білдіреді. «Телеарналар дәуірі өтіп барады» деген пікір бұған дейін де айтылып келді, бірақ қазір керісінше, уақыт өткен сайын оның рөлінің, маңызының артқанын аңғарып отырмыз. Телевизия маманы ретінде біз оның болашағына сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!