Мереке қарсаңында Астана қаласындағы Zodiak бильярд клубында зиялы қауым мен БАҚ қызметкерлері арасында белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай атындағы бильярд турнирі өтті.
Қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистер қауымы бұл күні қызметтік құралдарын тастаяққа алмастырды. Таңертең басталған ойын кешке дейін жалғасты. AIQYN, «Литер» және Turkistan газеттері бірлесе ұйымдастырған спорттық іс-шараның ережесін ҚР Жоғары ұлттық дәрежедегі төреші Несіп Жүнісбайұлы түсіндірді.
Турнир алдында бильярд бәсекесіне қатысушылар жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік пен жазушы, ғалым, тарихшы Қойшығара Салғараұлы арасындағы тартысты ойынды тамашалады. Кейін жарыс талабына сай жастар жағы мен аға буын өкілдері екіге бөлініп, шеберлік байқасты.
Елуден астам қаламгер мен зиялы қауым өкілі қатысқан спорттық бәсекеде 55 жасқа дейінгілер санатында бас жүлдені белгілі журналист Нұрділдә Ораз, ІІ орынды ақын, драматург Ұларбек Нұрғалым, ІІІ орынды «Хабар» агенттігінің журналисі Ахметәлі Сақ қанжығасына байлады. Ал 55 жастан асқандар арасындағы I орын ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, ғалым Қайрат Саққа, ІІ және ІІІ орындар журналист Әлімжан Сабыржанұлы мен ардагер журналист Несіп Жүнісбайға бұйырды.
Жекелеген аталымдар санатында оқ бойы озық шыққан үздік ойыншыларға да арнайы жүлделер табысталды. Жолдасбек Дуанабай атындағы жүлде республикалық «Айқын» газетін басқарған, журналистика жолбасшыларының бірі, сенатор Нұртөре Жүсіпке берілсе, Кәрімбек Құрманәлиевке «Сыйлы ойыншы» аталымы бойынша сыйлық табысталды.
Белгілі қаламгер Шархан Қазығұл турнирдің «Шебер ойыншысы», журналист Қайнар Олжай «Құрметті ойыншысы» атанды. Турнир көрігін қыздырып, тартысты ойын өрнегін көрсеткен Серік Жанболат «Белсенді ойыншы», Арман Сқабылұлы «Сыйлы ойыншы», астаналық фотограф Ербол Ерденбек «Үздік ойыншы», спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен «Сұрмерген ойыншы» номинациясы бойынша марапатталды. Жарыс жеңімпаздары ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетейік, турнирге белгілі меценаттар Бекет Тұрғараев пен Нұралы Қожасов демеушілік жасады. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Бигелдіұлы арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз кезегінде жарысты қорытындылаған «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры Ысқақ Егембердиев турнирге қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта Жолдасбек Дуанабай атындағы турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды қолға алатынын жеткізді. Ол сондай-ақ бұл турнир қазақ руханиятына еңбегі сіңген, ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасымен дараланған ардақты ағаларымыз бен журналистика саласындағы орта және қазіргі жас буын арасында өзара шығармашылық үндестікті бекемдеу үшін осындай іс-шараларды жиі өткізу керегін ерекше атап өтті.
«Алдағы уақытта қазақ басылымдарына елеулі еңбек сіңірген белгілі журналист, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, мәдениет қайраткері Жолдасбек Дуанабай атындағы бильярд турнирін дәстүрлі өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы серіктестікке қарасты Turkistan газетінің жарыққа шыққанына 30 жыл, ал AIQYN, «Литер» газеттерінің шыға бастағанына 20 жыл толады. Мерейлі даталарға орай түрлі іс-шаралар өткізу жоспарда бар», – деді Ысқақ Егембердиев.
Жампоз журналист Жолдасбек Дуанабай еңбек еткен ұжымның белгілі журналиске арнап айтулы турнир өткізгенін көпшілік жылы қабылдап, ризашылықтарын білдіріп, бильярд бәсекесінен жақсы әсермен, керемет көңіл-күймен тарқасты.
Абылайхан ЖҰМАШ,
Радмир ФАХРУТДИНОВ (фото)