Рухты биші – Дана Мұса
Рухты биші – Дана Мұса
661
оқылды
Ол – батыр Дана. Ол – нәзік Дана. Ол – сұлу Дана.  Ол – рухты Дана.  Ол – биші Дана.  Ол – Дана  Мұса. Алматыға араға 13 жыл салып, өзінің “Этно балет” жобасының екі туындысын – авторлық фильмі мен қойылымын алып, туған елге биші, режиссер Дана Мұса келді. Қазақ әйелінің текті, қуатты табиғатын өнері арқылы паш етіп жүрген ару қызымызды өнерсүйер қауым жылы қарсы алды. «Киелі би» фильмі “Киелі би” фильмін «Этно балет» және Art Link Production компанияларындағы мықты мамандар түсіріп, бірнеше халықаралық фестивальде жүлдегер атанған. Фильмнің режиссерлері:   Александр Мерфи және Дана Мұса. 2019 жылы 27 қыркүйек күні Париждегі Қазақстан киносының фестивалі аясында премьерасы өтті. Д.Мұсаның өзі көп жылдан бері Парижде тұрса да, өнерімен, рухымен және туған ел руханияты туралы осындай фильмімен алыстағы Қазақстанның мәртебесін көтеруге қызмет етіп жатқаны қуантады. Бұл фильм 2020 жылы Франциядағы Канн фестиваліне (Short Film Corner), содан кейін АҚШ-тағы «Dance on camera 2020» атты тарихы терең би фестиваліне қатысты. 2021 жылы Францияда өткен «Giallo International Film Festival» байқауында үздік операторлық туынды жүлдесін алса, 2021 жылы Португалияның  «Inshadow  Film»,  Ұлыбританияның "Lift off London», Қазақстанның «Бастау» және Францияның "Red Movie Awards Reims» фестивальдерінде үздік арт-фильм атанды.  width= Қазақ әйелі туралы би Қазақ тіліндегі «Киелі би» фильмі – қазақ әйелі туралы. Балет пен ұлттық рухты көркем синтездеп, «этно балет» жанрын ойлап тапқан Дана әйел табиғатының қайнар көздерін өзінше интерпретация жасайды. Идеясы – нәзік әйелдік болмысыңды сақтай отырып, "қалайша мықты әйел болуға болады?" деген сұраққа жауап іздеу. «Киелі  би»  би туралы фильм ғана емес, ол әйел мен оның туған жерімен, табиғат анамен байланыста болатын тәні, жаны, рухы, тамыры туралы туынды. Бұл – қазақ еліне, мыңдаған жылдық тарихына қиялмен, өнермен саяхат жасататын киноөнім.  Өйткені би – әр адамның туғаннан бірге берілетін табиғи құқы. Би – ішкі толғаныс пен тебіреністі, көңіл күйді сездіретін құрал. Би – үнсіз ғана тамырыңа үңіліп, қайнарлардан қуат алатын қор. 2018 жылы Парижде ғылыми тағылымдамада жүргенімде Данамен іздеп барып таныстым. Сұхбат алдым. Сол кезде тарихты көп оқитын, би өнерінде шеберлігін шыңдауда жалықпайтын ол 7 архетип туралы баяндап берген болатын. Париж операсындағы даңқты Ива Касатидің шәкірті Дана сол кезде маған: “Бұл жеті архетип біздің, яғни әйелдер қауымының бет-бейнесін, өмірлік жолын танытатын, ықылым заманнан бері келе жатқан образдар. Ол сатымен жоғары өрлегендей, «Аңшы» деген архетиптен басталып, «Шабандоз», «Амазонка», «Емші -бақсы», «Абыз», «Патшайым», «Құдай ана» деп аталатын 7 типтен тұрады” деген еді. 2023 жылдың 25 ақпан күні Алматыда өткен мәдени кеште Дана сол архетиптер образын ашатын, туған өңірі Маңғыстаудың Бозжыра, Сенек, Тұзбайыр, Каспий сияқты таңғажайып табиғатында түсірілген фильмін тұңғыш рет қазақ елінің көрермендеріне ұсынды. Керемет картина. Мінсіз операторлық жұмыс. Тебіреніске толы дыбыстау. Фильм алғашқы секундтардан-ақ өзіне баурап алады. Дыбыстаған – Дананың өзі. Сондықтан болар, әр сөздің мағынасын терең сезінетіні, әр ойдың мәнін дәл ашуға талпынатыны байқалады. Кәсіби биші, әрі хореограф болу –  Дананың бала кезгі арманы. Сол ізгі мұратына жеткен ол енді туған топыраққа оралып, өзінің тамырына үңіліп, оны бүгінгі өнері арқылы суреттейді. Тарихты жанындай сүйетін ол, қазақ әйелінің өмірлік энергиясы мен мықты ерік-жігерінің қайнарларына бойлауға тырысады. Би кезіндегі тән еркіндігі арқылы ойдағы рух еркіндігіне қол созады. биші Фильмнен кейінгі перфоманс «Киелі би» әуел бастан артф-фильм ретінде ойластырылған. Оны тек кинотеатрда  емес, театрларда, музейлерде, өнер галереяларында көрсетуге болады. Сол себепті болар, фильмнің таныстырылымын шынайы перфоманспен бірге жасау жоба тұжырымымен бекітілген. Жаңа ғана фильм көріп болған көрермен, сол әсерде отырып, артынша Дананың отты би қойылымын тамашалайды. «Тірілген картина» эффектісі заман тілімен айтар болсақ, 4D сезімін сыйлайды. Алматыдағы өнер кешінде де 25 минуттық фильмді көріп болған көрермен арада санаулы секунд өткенде фильм кейіпкерінің ортаға шығып, би қойылымын жасағанын тамашалады. Экспрессивті ритуалды би балеттің кербез қимылдарымен астасып жатады. Дананың бұл перфомансы 20 минутқа созылды, бірақ 20 ғасыр бұрынғы тарихқа сүңгітіп жібергендей болды. биші Сан қырлы Дана Дана Мұса биге кездейсоқ келген жоқ. Ол Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының режиссерлық факультетін тәмамдаған соң, Парижде балет және киноөнерінің білімімен сусындап, екі бірдей жоғары оқу орнын аяқтады.  Бүгінге дейін Дана биге қатысты 10-ға жуық қысқаметражды фильм және көптеген бейнеклип  түсіріп үлгерді. Оның «Сақ биі» фильмі көптеген халықаралық фестивальға қатысқан. Сонымен қатар «Көшпенділер», «Балбалдар», «Петроглифтер»  сияқты  он шақты спектакль қойды. Өзінің шеберлік сыныптарын өткізіп, қойылымдарымен тамсантып, қазақтың өнерлі қызы Еуропаның түкпір-түкпірін аралады. 2013 жылы «Этно балет» би компаниясын құрса, артынша   Chance To Dance  атты би мектебінің негізін қалап, кез келген жастағы қыз-келіншекке билеу мүмкіндігін, сол арқылы өмірдегі орнын, рухын сезіну жолын ұсынып келеді. Бірнеше жыл бұрын Дана Мұса Лондонда өткен  ТЕD X London Coven Garden Woman конференциясында сөз алып, әйел туралы көпшілік алдында ой толғады.  2018 жылы ол Франциядағы дарындылар байқауында ( France a un incroyable talent) финалға жетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Француз режиссерімен бірлікте түсірілген «Киелі би» фильмі Дананың соңғы жұмысы емес, 2022 жылы ол шығармашылық одақ «Бақсы» атты кезекті қысқаметражды туындыны түсірді. Оның премьерасы 2023 жылдың көктемінде өтеді деп жоспарланып отыр. Араға 13 жыл салып өзінің сүйікті қаласы Алматысына келіп, өнері мен еңбегін паш етіп кеткен Дана Мұсаның үлкен миссиясы әлі де жалғасын тауып, өрісін кеңейте беруіне шын жүректен тілектеспіз. «Бықсып жатқан қоламта емес, Артымызда шоқ қалсын. Болашақтың құшағында Біз тұтатқан от жансын!». Дананы көрген, оның туындысын сезінген, өнеріне қанық болған әрбір жан Мұқағали ақынның осы бір жыр жолдарын көз алдына елестетсе таңғалмас едім. Туған елдің тарихынан шабыт алып, қазақ қыз-келіншектерінің рухты, нұрлы, қуатты табиғатын насихаттап жүрген Данаға «Жалындай бер, алау от!» демекпіз.

Алма Сайлауқызы

журналист, PhD