ШҚО-да бір-бірінен көз жазып қалған апалы-сіңлілер 15 жылдан кейін табысты
ШҚО-да бір-бірінен көз жазып қалған апалы-сіңлілер 15 жылдан кейін табысты
1,254
оқылды
ШҚО Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты №44 мекеме қызметкерлері 8 наурыз күні қарсаңында 15 жыл бұрын бір-бірінен көз жазып қалған апалы-сіңлілі қыздардың кездесуіне себепші болған. Қайта қауышқан қыздардың бірі аталған мекемеде жазасын өтеп жүр, деп хабарлады Elorda.info. ШҚО ҚАЖД мәліметінше, жазасын өтеуші әйел күйеуінен қорғанамын деп абайсызда оған дене жарақатын салғаны үшін істі болған. Сотталған әйелдің сөзінше, олар үйде төрт ағайынды болған - үш қыз және бір ер бала. Өкінішке қарай, бауыры дүниеден ерте озған. Онымен кездесуге түрмеге Алена есімді сіңлісі келді. Алена қазір 22 жаста, Алматыда тұрады. Тұрмыс құрған.
«Сотталған әйел сіңлісімен көрісемін деп ойлаған жоқ. Мекеме қызметкерлері оны сіңлісімен жолықтыруды жоспарлы түрде ұйымдастырды. Астанада тұратын әпкесін іздеп тауып, оның Өскеменге ұшақпен жетуіне жағдай жасады. Сотталған әйел колония асханасында жұмыс істейді. Оны асханаға «көмегің керек» деп шақырып алдық. Оны сол жерде көптен бері көрмеген сіңлісі де күтіп тұрды. Бәріміз көзімізге жас алдық, өте әсерлі болды. Оларды кезінде анасы балалар үйіне өткізген. Сотталған әйелдің жасы ол кезде 12-де, одан кейінгі сіңлісі 3 жаста, ал кенже сіңлісі бір жарым жаста болған», - дейді ШҚО ҚАЖД баспасөз хатшысы.
Осы ретте ведомство өкілі сотталған әйелдің кіші сіңлісі қазіргі уақытта ауруханада ем алып жатқандықтан кездесуге келе алмағанын атап өтті. Айта кетейік, колония қызметкерлері сотталған әйелдің туған сіңлілерін қаңтар айында тауып, байланыс орнатқан. Содан бері олар бір-бірімен телефон арқылы сөйлесіп тұрады.
«Екеуміз балалар үйіне түскенде естияр болдық, менен кейінгі қыз үш жаста болды. Ал кіші сіңліміз небәрі бір жарым жаста болатын. Сондықтан ол еміс-еміс есімде. Біз осыған дейін телефон арқылы ата-анамыз туралы сөйлестік. Алдағы уақытта айтар әңгімеміз әлі көп», - дейді әйел.