Головкин әлем чемпионы титулынан бас тартқаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы WBA әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды
Головкин әлем чемпионы титулынан бас тартқаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы WBA әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды
© turkystan.kz
Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің аңызға айналған отандасы Геннадий Головкин WBA Super және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы титулдарынан бас тартуына байланысты пікір білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Головкин менің үлкен ағам болғандықтан, мен онымен айқаса алмағанымды бәрі біледі. Енді ол барлық белбеуді босатты. Енді мен орта салмақтағы барлық титулды жинай аламын», – деп мәлімдеді Жәнібек Әлімханұлы өзінің Twitter желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ ол WBA және IBF нұсқалары бойынша титулдың болашақ иелерімен біріккен жекпе-жек өткізгісі келетінін жеткізді. «Барлық болашақ чемпиондарға (WBA, IBF) айтқым келеді: Айқасайық», – деп жазды. Кейінірек Жәнібек Әлімханұлы WBA белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Ларамен бірлескен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін айтты. Эрисланди Лара бүгін Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) «суперчемпиондық» титулынан бас тартқаннан кейін дивизиондағы жалғыз WBA әлем чемпионы болып жарияланды. Осыдан кейін Жәнібек Әлімханұлы бірден оны жекпе-жекке шақырды.
«Менің мақсатым 160 фунттағы барлық титулды жинау екенін бәріңіз білесіз. Соның уақыты келген тәрізді. Жәнібек-Лара жекпе-жегін өткізейік», – деп жазды ол Twitter-де.
Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионының негізгі белбеуінің иегері екенін айта кетейік.