Нұр-Сұлтан қаласында Neparavoz.kz республикалық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Байқауға 65 үміткер қатысты. Қазылар алқасының талқылауына 200-ден астам жұмыс жіберілген. Байқау жеңімпаздарының әрқайсысы 250 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. – Бұл конкурсқа әрбір аймақтан белсенді қатысқан үміткерлер бізді шынайы қуантты. Жалпы, екі айдың ішінде жүргізілген жұмыс біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Жұмыс көп болғандықтан, жеңімпаздарды анықтау үшін жан-жақты қарауға тура келді. Сондықтан өздеріңізді мақтан тұтуларыңызға болады. Осындай байқаудың жеңімпазы атанғандарыңыз үшін қуаныштымын. Салауатты өмір салтын суреттеп, темекі және IQOS, кальян өнімдерінің адам өміріне қаншалықты зиян екенін фото, видео арқылы ашық бейнелеп бердіңіздер, – деді экс-депутат Гүлнара Сейтмаханбетова. Темекі тартудың салдарынан адам түрлі ауруға ұшырайды. Жыл сайын 7 млн адам осы темекінің кесірінен қайтыс болады екен. Әлемдегі өлім-жітім себебіне үңілсек, жүрек-қан тамыры ауруынан көз жұматындар көп. Сонымен қатар темекі шегу мен темекі түтінін қайта жұтудың кесірінен жүрек ауруларынан болатын адам өлімі шамамен 12 пайызға жеткен. Темекі шегу жүрек-қан тамыры ауруларына ғана емес, жоғары қан қысымына да себеп болады екен. – Осы байқау жайлы хабарды естігенде, өзімнің жеке медиа жобамды дамытуға үлкен жол ашылғанын түсіндім. Әлеуметтік жарнамасын алып, фотошоп және видеомонтажға қызыққандықтан, осындай жұмыстарды жасап, сіздерге ұсындым, – дейді қатысушы Мағжан Құмарбек. Дархан БАЙТІЛЕС