2023 жылы 9 наурыз күні Түркістан облысының прокуроры Алиханов Марат Тілеуқабылұлы қызмет орнында мезгілсіз дүниеден өтті. Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар. Әріптесіміздің жарық дүниеден мезгілсіз кеткеніне оның жақындарымен біз де қайғырудамыз. Бірақ өлгеннің артынан өлмек жоқ. Арты қайырлы болсын, қалған ұрпақтарына өмір берсін демекпіз. Жүзі жылы, болмысы биік, адамгершілігі бір төбе азаматты ешқашан ұмытпаймыз! Жатқан жері жайлы болсын! Прокуратураның құрметті қызметкері Марат Тілеуқабылұлы құқық қорғау органдарында 30 жылдан астам уақыт қызмет етті. Марқұм антына адал, адамгершілігі зор, өз ісінің білікті маманы еді. Еңбек жолын қатардағы тергеушіден бастап, кезең-кезеңімен қызметтің барлық өсу сатысынан өтті. Марат Тілеуқабылұлы құқық қорғау жүйесінде ірі ұжымдарды басқарды. Ол Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары, Бас көлік прокуроры, Түркістан облысының прокуроры ретінде жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Марат Тілеуқабылұлы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіндегі жетістіктері үшін бірнеше ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ол көзі тірісінде мемлекет басшысының Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі жоғары шеніне ие болған. Марат Тілеуқабылұлы қарапайымдылығы және жоғары жауапкершілігінің арқасында әріптестері мен достарының ортасында әрдайым құрметке ие болатын. Ол кәсіби шеберлігін және терең біліктілігін танытып, қадағалау саласының дамуына қомақты үлес қосты. Өз бойындағы жақсы қасиеттерімен жастарға әрдайым үлгі бола білді. Ізінен ерген жас мамандарға өзінің мол тәжірибесін айтып, қызмет бабында бағыт-бағдар бере білді. Ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында табандылықпен қызмет ете отырып, заң саласында шәкірттер шоғырын тәрбиеледі. Бар күш-жігерін еліміздегі қадағалау қызметін өркендетуге жұмсаған абзал азамат Марат Тілеуқабылұлы прокуратура тарихында өшпес із қалдырды. Келбеті мен ақыл-парасаты жарасып туған, ер мінезді, батыр тұлғалы азамат, адал дос, әріптес, аяулы жар, ардақты әке болған Марат Тілеуқабылұлының өмірден ерте өткені бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Енді марқұмның артында қалған отбасының береке-бірлігін, балаларының амандығын тілейміз. Марат Тілеуқабылұлының өмір жолы мен өнегелі істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалады. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы жолдас болып, нұры пейіште шалқысын!
Бас прокуратура ұжымы және Қазақстандық прокурорлар ассоциациясы