Өңірдің әлеуетін жоғары бағалады
Өңірдің әлеуетін жоғары бағалады
463
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапармен бо­лып, «Батыс Қазақстан машина жасау ком­па­ниясы» акционерлік қоғамының жұмы­сымен танысты. Зауыт басшысы кәсіпорынның мұнай мен газ, күрделі металл конструкцияларын өндіруге, өң­деуге, тасымалдауға арналған жоғары технологиялық жаб­дықтар шығарумен айналысатынын баяндады. Зауыт ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін Fregat себелеп суаратын машиналар өндірісін да­мыту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жұмысымен танысқан Мемлекет бас­шысы жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ең үлкен «Ата­мекен» мәдениет сарайына барды. Өнер ордасы 920 адамға арналған. Президент мұнда өңірдің тарихи-шығармашылық мұраларына арналған көрмені тамашалады. Бұдан кейін Мемлекет басшысы мәдениет сарайының мәжіліс залында аймаққа еңбегі сіңген азаматтармен кездесті. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, аза­маттық үлгі көрсеткен кісілер де бар. Президент өңір белсенділерімен пікір алмасты. Ол бүгін аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып жүргенін айтты.
– Облыстың әлеуеті зор. Елі­мізде ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бей­бітшілік, өзара түсіністік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмай­ды. Бірлігіміз бекем болса, тос­қауылдың бәрін еңсереміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастарға, еңбек адамдарына қолдау көрсе­тілетінін жеткізді. Сонымен қатар Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагері Иван Гапичтің үйіне барды. Сон­дай-ақ 96 жастағы жергілікті өл­кетанушы, мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбаймен де әңгімелесті. Президент Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары бары­сын­да әлемдегі ең ірі мұнай-газ кон­денсат кен орындарының бі­рін игеріп жатқан «Қарашығанақ Пет­ролиум Оперейтинг Б.В» кон­сор­циумының жұмысымен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қа­рашығанақты кеңейту жобасы таныстырылды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» бас директоры Джанкарло Руюдың айтуынша, Қарашығанақты кеңейту жоба­сы­ның 2021-2024 жылдарға жос­парланған алғашқы кезеңінде 5-газды қайта айдау компрессоры мен басқа да өндіріс нысанда­ры­ның құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, Қарашығанақты ке­ңейту жобасы сұйық көмірсутегін өндіру деңгейін 46 миллион тон­наға дейін ұлғайтып, Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасының серіктестеріне қо­сымша табыс табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ консорциум серік­тестері қазір Энергетика ми­нистр­лігімен бірлесіп, жаңа газ өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзір­леп жатыр. Егер газды кешенді түрде өңдейтін зауыт салынса, жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ және 0,5-0,6 миллион тонна пропан-бутан фракциясын өндіріп, еліміздің энергетикалық әлеуетін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы өте маңызды екенін атап өтті. Сон­дай-ақ Қарашығанақ кен орны­ның еліміздегі мұнай-газ индус­триясын өркендетудегі және әлеу­меттік-экономикалық сала­сын дамытудағы үлесі зор екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс са­пары аясында Ақсай қаласында­ғы PetrolValves Kazakhstan ЖШС-ның өндіріс цехына барды. Италиялық PetrolValves S.p.A және қазақстандық Merlion Development Group ЖШС біріккен кәсіпорын мұнай-газ және энер­гетика өнекәсібінде қолданы­латын жоғары технологиялық тиекті арматуралар, клапандар өндірумен және оларды жөндеу­мен айналысады. Бұл – Қа­зақ­станда жоғары технологиялық клапандар өндіретін және сер­вистік қызмет көрсететін жалғыз өндіріс орны. Компания директоры Динар Хамиев бастапқы кезеңде PetrolValves Kazakhstan жылына 500 клапан өндіруді жоспарлап отыр­ғанын айтты. Сондай-ақ аталған орталық италиялық серіктестің патенттелген Valve New Life бағ­дарламасына сәйкес, жергілікті мұнай-газ кәсіпорындарына өн­дірістік процестен қол үзбей сервистік қызмет көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары бары­сында Ақсай қаласындағы Жас­тар ресурстық орталығында өңір­дің белсенді жастарымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында еке­ніне тоқталып, мемлекет еңбек­қор жастарға, олардың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан қол­дау көрсететінін айтты. Сон­дай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарға жол ашу керек екенін жеткізді. Сонымен қатар Президент Ақсайға осыдан 23 жыл бұрын келгенін еске алып, қазір қаланың көркейгенін, көшелері ұқыпты, таза екенін атап өтті. Ақсай қаласындағы Жастар ресурстық орталығы жергілікті тұрғындарға бірнеше бағыт бо­йынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, орталықта «Болашақ» коворкинг алаңы, «Аяла» қайы­рымдылық дүкені жұмыс істейді. NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастырумен айна­лысатын Жастарға қызмет көр­сету орталығы да бар. Орталық мамандары жасөспірімдерге, өмірде түрлі қиындыққа тап бол­ған жандарға психологиялық кө­мек көрсетеді.