Бокстан бақ тайды ма?
Бокстан бақ тайды ма?
2,094
оқылды
Странджа турнирінен кейін қазақ боксы «есең­гіреп» қалғандай. Өйткені ұлттық құрама Болгариядан күміс пен қола арқалап қайтты. Ал бәйге сайын көм­бенің алдынан күтіп алып үйренген жанкүйерлердің өкпесі басым. Оған Қоңқабаевтың Жалоловқа «жол бергенін» келемеждеген өзбек карикатурасын қосыңыз. Айналып келгенде, еліміздегі бокс деңгейінің төмені білінеді. «Өзбек синдромы» басталды ма? Аталған жарысқа ел атынан он екі боксшы аттанды. Оның екеуі ғана жүлделі орынға ілікті. Жалпыкомандалық есепте Италия және Түркия құрамаларымен қатар жетінші орын бұйырды. Атап айтқанда, ел құрамасы сапында 57 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов қана фи­налға дейін жетті. Оның ширақ қи­мылы, соққысы мен жігеріне жан­күйерлер оң баға берді. Алайда алтын медаль үшін күресте болгар бокс­шысына есе жіберді. Ал қола ме­дальді 75 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Райыс еншіледі. Ол жар­тылай финалда болгар боксшысы Рами Киваннан ұтылды. Көпшілік жүлде күткен Қамшыбек Қоңқабаев пен Бекзат Нұрдәулетов ел үмітін ақтамады. Қамшыбек ширек финалда өзбек боксшысы Баһадүр Жалоловқа қарсы жекпе-жекке шықпады. Ал Бекзат аталған кезеңде өзбек боксшысы Жасурбек Юлдашевтан ұтылып қалды. Осы тұста Бекзатқа қатысты сұрақтың басын қайырғанымыз жөн. Өйткені көпшілік оның ұлттық құрамаға оралғанына қуанып жатыр. Бас бапкер Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Нұрдәулетов Болгариядағы турнирге демеушілер есебінен барған. Яғни, ресми түрде ұлттық құрама сапына қабыл­данбаған. Егер ел чемпионатында өз күшін дәлелдеп, бабы мен жігерін дәлелдеп жатса, қайта оралуы мүмкін. Ал Қоңқабаевтың жайына келсек, жанкүйердің зығырданы қайнады, білем. Себебі Жалоловтың қамшы бастырмай жүргеніне біраз болған. Тек 2017 жылғы әлем чемпионатында Қоңқабаевтың асығы алшы­сынан түскен. Содан бері Азия чемпионатында үш рет, әлем чемпионатында бір рет жеңілген. Сондықтан боксүйер қауым бұл кездесуді асыға күткен-ді. Бас бапкердің айтуынша, осы жолы Қоңқабаев қолындағы ескі жарақатын асқындырмау үшін рингке шықпаған. Ал Странджа турнирінде жалпыкоман­далық есеп бойынша Өзбекстан құрамасы көш бастаса, Болгария мен АҚШ құрамасы үздік үштікке кірді. Былтыр ел құрамасы «Кіші әлем чемпионатындағы» додадан 2 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль еншілеген-ді. Сол үшін көпшілік өзбек боксының алға жылжып, ел боксының тұралап қалғанына наразы. «Ұлттық құраманың бір бөлігі Тайландқа, ендігісі Венгрияға барды. Үшінші, төртінші нөмірлі боксшыларды алып бардық. Бәйгеге кіл мықтылар жиналғаны тағы бар. ӘЧ алдында мықты боксшыларды көрсетпей, құпияда ұстау тактикасын қолдандық. Содан жарыста әлсіздердің қатарынан көріндік. Ал Тайландта алты боксшы алтын алды. Бір ғана Странджа турнирі бүкіл қазақ боксының жағдайын көрсетпейді. Дайындық есебіндегі дода. Білесіздер, қайбір жылы Куба да бірнеше жарыста төмен нәтиже көрсетіп, Олим­пиададан алтын­сыз қайтқан. Біз де сондай тоқы­рау кезеңін бастан өткеріп жатқандаймыз. Жасырмаймын, кем-кетік бар. Бас бапкер болғаныма екі айдан асты. Уақыт керегі тағы бар. Қазір құрама әлем чемпио­натына тас түйін дайындалып жатыр», – дейді бокстан ұлттық құрама бас бапкері Мырзағали Айтжанов. Баркерден бос қоржынға дейін Иә, бокс деңгейі Олимпиада­дағы жүлде санымен өлшеніп жа­та­ды. Жаңа ғасырда алты Олим­пиаданы бастан өткердік. Сарапшылар да қазақ боксының дәуірлеу кезеңін 2000 жылдармен байланыс­тырады. Елдегі бокс мектептерінің қалып­тасып, іргесі бекіп, небір сайыпқырандарды қатарға қосқан кезең. Мәселен, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында екі алтын, екі күміс медаль­мен жалпы есепте үздік үштікті түйіндедік. Афинада алтын, күміс, қоланы тең өңгеріп, үшінші орыннан көріндік. Бейжің Олим­пиадасында бір алтын мен бір қола медаль жетінші орынға тұрақтауға көмектесті. Ал Тұманды Альбионда бір алтын, бір күміс, қос қола жүлдемен бесінші орынға табан тіредік. Бразилия жерінде бір алтын, екі күміс, екі қоламен төртінші орынды еңсердік. Көп күттірген Токио Олимпиадасында екі қоламен 14 орынды місе тұтқанымыз бар. Тәуелсіздік алғаннан бастап жеті Олимпиадаға қатыссақ, алтауында бокстан қоржынымыз алтынсыз қайтпаған. Яғни, Токио Олимпиада­сында-ақ қазақ боксының деңгейі біршама түскені байқалған-ды. Ал мұның себебі неде? «Қазақ боксының жағдайы нашар. Кәсіпқой бокстағы ахуал жақсы болғанымен, әуесқой бокста керісінше. Олимпиададағы көрсеткішке қарасақ, динамика түсіп бара жатыр. Өзбек боксының деңгейі салыстырмалы түрде жоғары. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, боксшылар қай жағынан алып қарасаң да тоқ. Себебі елде барлық жағдай жасалған. Үлкен көлемде қаржы бөлінетіні тағы бар. Екіншіден, жігіттерде тәртіп пен еңбекқорлық жоқ. Ал өзбектердің осы тұсы басым. Жақында Сәпиев «қазақтар – талантты, өзбектер – еңбекқор» деген еді. Дөп сөз. Тағы бір себеп AIBA төңірегінде өзбек өкілдері жұмыс істейді. Кей жарыста бұра тартып жатқанын да көз көріп жүр», – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов. Тағы бір сарапшы Рауан Оқас өзбек боксының Рио Олимпиадасынан кейін қарқын алып, жаңа белеске көтерілгенін айтады. Әсіресе, Хасанбой Дусматов, Шахобиддин Зоиров, Муроджон Ахмадалиев, Фазлиддин Гаибназаров, Шахрам Гиясов, Бектемир Меликузиевтер сүрлеу салып берген. Расымен, өзбек былғары қолғап шеберлері аталған бәсекеде үш алтын, екі күміс, екі қола медаль еншілеген екен. Ал Токио төрінде бір алтын жүлдемен сегізінші орынға тұрақтаған. Деген­мен кейінгі жылдары өткен Азия чемпионаты, әлем чемпионаты сияқты турнирде бабы мен бағы қатар шапқаны көрініп жүр. «Кейінгі жылдары өзбек боксы жаңа деңгейге көтерілді. Кейбірі «көкелері» бар деп жатады. Бұл – жай ғана сөз. Мықты боксшылар шығып жатыр. Өзбекстанда жақсы мектеп қалыптасқанын, үздіктерге қарап бой түзеп жатқанын көрсетеді. Рио Олимпиадасы кезінде жаңа толқын шығып, жол көрсетті. Олар қазір де ұлттық құраманың айналасында жүр. Сондықтан қарқын жоғары. Бірақ осы аралықты ұзақ уақыт ұстап тұра алады деп айта алмаймын», – дейді Рауан Оқас. Мәселен, бокс жақсы дамып, мектеп қалыптасқан елдердің қатарына Куба, АҚШ, Ресей, Канада, Франция, Өзбекстан мен Қазақстанды қосады. Осының ішінде Кубаның орны айрықша. Мысалы, Куба бокстан 1992 жылғы Барселона Олимпиадасынан Бейжіңге дейін бірінші орынды бермеген. Қытайда өткен додада 10 орын алып, алтынсыз қайтқан-ды. Бірақ Лондонда ес жиып, үшінші орынға көтерілді. Артынша, Риода екінші орынға тұрақтаса, Токио Олимпиадасында «заңды» орнын қайтарып алды. Мүмкін Қазақстан да өз биігіне қайта оралар?! Қайтып келген бапкер жақсы ма, жаман ба? Бұлай деуімізге Мырзағали Айтжановтың ұлттық құрамаға қайта бас бапкер ретінде тағайындалуы себеп. Айталық, ол 2009-2018 жыл аралығында бокстан ұлттық құраманы баптады. Яғни, Лондон мен Рио төріне былғары қолғап шеберлерін бастап барған. Қос доданы қатар есептесек, екі алтын, үш күміс пен төрт қола жүлде алуға септігі тиген. Жалпыкомандалық есепте 4-5 орын аралы­ғында тұрғаны тағы бар. Осы тұста жанкүйерлер Айтжановты кәнігі қарсыластар «жаттап» алғанын, ұлттық құрамаға жаңа дем керегін айтады. «Айтжановты неліктен қайта тағайын­дағаны түсініксіз. Ол бапкер болған тоғыз жыл ішінде қазақ боксы шарықтап кетті дей алмаймыз. Спорт журналисі ретінде айтарым, еліміздегі бокс схемасы жұмбақ әрі жабық. Қанша рет бапкерлер мен боксшылардан сұхбат алуға талпындым. Шымшылап жазға­ны­ммен, олар ел алдына шығып жаттығу өткі­зіп, сөз сөйлеуге ұмтылмайды. Ел бюджетінен ақша алса да, кері байланыс жоқ. Федерацияда не болып жатқанын ешкім білмейді. 5 наурыздан бастап Алматыда жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бірақ бұл туралы федерация төрт күн өткесін ақпарат таратты», – дейді Аслан Қаженов. Ал Айтжановты «жаттап» алғаны туралы бапкердің айтары бар. Оның пікірінше, «таныдым, білдім» дегенмен шешім әркез табылады. Оның айтуынша, күнделікті өзгеріс еніп жатыр. Ғылыми топпен жұмыс қайта жанданған. Спортшыларды беталды жаттық­тыр­май, ағза тынығуын қадағалап, үлкен жүк­темемен жұмыс істей ала ма тексеріп жатыр. Бапкер турасындағы әлеуметтік желідегі дүмпуден кейін көпшілік бапкер болуға Олимпиада чемпиондары Бақыт Сәрсекбаев пен Бақтияр Артаевты ұсынған еді. Боксшы­лардың ойын сұрап, Артаевқа хабарласқаны­мызда жеке кәсіпкер екенін, рингтен алыстағанын атап өтті. Ал Сәрсекбаев болса, бұрын экс-министр Абаевпен, бұрынғы вице-премьер Тоғжановпен кездескенін атап өтті. Олар тәжірибе алмасу мақсатында жеке жоба дайындап беруге уәде берген. Қазір ол жасөспірімдерді боксқа баулып жүр. Содан да болар жанкүйер жанарында жалын, Олимпиада рингінде қолғап түйістірген тұлғаның құрама басында тұрғанын қалайды-ақ.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ