Ерте ме, кеш пе Хулагу әскерінің соғыс ашатыны белгілі болған кезде, Сұлтан Сейф ад-Дин Құтыз ұрыс қимылдарының тактикасы мен басқаруды талқылау үшін әскери кеңесті шақырды. Кеңеске әскери басшылардан бөлек әмір (қолбасшы) Сахер Рукн ад-Дин Бейбарыс та белсене қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша әмір Бейбарыс Хижра күнтізбесі бойынша 658 жылдың (1260 ж) мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы күндерінің бірінде түн жамылып, Газа аймағына (қазіргі Палестина) жайғасқан моңғол әскерінің алдыңғы жасағына шабуыл жасайтын болды. Ондағы мақсат моңғол әскерінің бас қолбасшысы Кетбұғы ноянды арандатып, тұзаққа түсіру болды. Бейбарыс бұл жоспарды керемет жүзеге асырды. Ол моңғол жасағын күйрете жеңіп, Газа аумағын бақылауға алып қана қоймай, қалған әскерді күштері қазіргі Ливан, Сирия және Түркия территориялары арқылы өтетін Әл-Аси өзеніне дейін қуады.
Мәмлүк қолбасшыларының әскери кеңесі бұл жолы да есептен жаңыла қоймады. Кетбұғы ноян бұрын ешқашан жеңіліп көрмеген әскері жеңіліске ұшырағанын білгенде қатты ашуланып, Хулагудың ешқандай шара қолданбау туралы бұйрығына қарсы келеді. Ол Левант аумағына (қазіргі Ливан, Сирия, Палестина, Израиль, Иордания және Ирактың бір бөлігі) тарыдай шашылған моңғол әскерін Хомс (қазіргі Сирияның аумағына) ауданына жұмылдыруға бұйрық берді. Осылайша, Каир қаласынан шыққан мәмлүктердің негізгі әскерін Иордания алқабында күтіп алмақшы болады.
Бұл кезде мәмлүктердің негізгі әскері крестшілермен олардың жерімен емін-еркін қозғалу, қару-жарақпен жабдықтау бойынша алдын-ала келіссөздер жүргізіп, Газадан өтіп, Жерорта теңізі жағалауындағы жолды жалғастыра отырып, Акка бекінісіне (қазіргі Израиль аумағына) жетті. Мәмлүктер бірнеше күн бойы осы бекіністің жанындағы бақтарда өз лагерін құрды.
Өз кезегінде, крестшілер мәмлүктердің шабуылынан қорқып, олардың қосынына барып, Сейфті ад-Дин Құтызға мәмлүк әскерін азық-түлікпен қамтамасыз етуді, әскерді рыцарлармен толықтыруды ұсынды. Сұлтан Құтыз оларды крестшілерге шабуыл жасау ниетінің жоғына сендіріп, ұсыныстан бас тартты. Бұл орайда, мәмлүк әскері моңғолдарға байқатпай алға жылжуға және азық-түлікті емін-еркін тасымалдауға мүмкіндік беретін тактикалық артықшылыққа ие болған-ды.
Мәмлүктердің қосынындағы ру басыларының кезекті әскери кеңесінде Сахер Рукн ад-Дин Бейбарыс Кетбұға әскерінің саны, олардың рулары және ұрыс қимылдарын жүргізу әдістері туралы жиналған барлау деректерін ұсынды. Бұл деректер мәмлүк әскерінің қолбасшылығына сұрапыл шайқас алдындағы жан-жақты жоспарын түзіп алуға мүмкіндік берді. Жоспарға сай Құтыз Бейбарыс өз жасағымен шайқасқа бірінші болып кіреді, ал Сұлтан Құтыз негізгі әскермен бірге жазықты қоршап тұрған төбелер мен жасыл желектер арасында жасырынады. Олардың арасындағы тұрақты байланыс сақталады. Жазықтағы ашық ұрысқа еркін енген Кетбұғы әскері қоршауда қалады. Ұрымтал сәтті пайдаланып, оларға Сұлтан Құтыз басқаратын негізгі әскер соққы жасайды.
Хижра күнтізбесі бойынша 658 жылғы Рамазан айының 25-күнінде Кетбұғы ноян бастаған моңғол әскері мен Сейф ад-Дин Құтыз бастаған мәмлүк әскері Айн-Джалут (Голиат ауданы, қазіргі Израиль) даласында кездеседі.
Әуел баста ұзақ сапардан жаяу әскері мен жылқыларының шаршауына, қатты ыстықтағы шөлдің қысығуына және азық-түліктің тапшылығына, Бейбарыс жасағымен ұсақ қақтығыстардан шаршағанына қарамастан мәмлүк әскерін қиындықсыз, тез жеңемін деп шабуылға шыққан Кетбұғы ноян тұзаққа түсіп қалды. Бейбарыстың жасағы моңғол әскерлеріне тегеурінді қарсылық таныта білді. Бірақ жоспар бойынша біртіндеп кері шегініп, моңғол әскерін шайқасқа көбірек тартты. Осы кезде олар жазық даланың жырасын бұқпантайлап жатқан Сейф ад-Дин Құтыз бастаған мәмлүк әскерінің қоршауында қалды.
Бейбарыс жасағының шегіне бастағанда мәмлүктердің негізгі әскері моңғолдарға оң және сол қапталдан шабуыл жасады. Кескілескен шайқас кезінде Сұлтан Құтыз бетін көрсету үшін дулығасын шешіп алып: «О, Ислам!» деп айқай салды. Бұл ұран мәмлүк әскеріне рух пен күш беріп шайқастың бетбұрыс кезеңіне айналды. Мәмлүктер моңғол әскерін біртіндеп қоршай бастады. Алғашында Бейбарыс жасағының кері шегінгеніне масаттанған моңғол әскерінің бойын енді үрей билей бастады. Олар жағдайдың бұлай кілт өзгеруін күтпеген еді. Қорқыныш пен берекесіздіктен моңғол әскері жан-жаққа қаша бастады. Кетбұға ноян жалғыз өзі мәмлүктердің қоршауында қалып, қасық қаны қалғанша шайқасты. Моңғол әскері бас қолбасшыларын майдан даласында қалдырып, беті ауған жаққа тым-тырақай қашты.
Майдан даласынан қашқан моңғол жауынгерлері жақын маңда өсіп тұрған қант қамысының арасына кіріп бой тасталады. Мәмлүктер қамыс алқабын қоршап алып, оны өртеп жіберді. Моңғолдардың бір бөлігі тірідей өртенді. Қалғаны өрт шалған алқаптан қашып үлгерді. Енді бір тобы мәмлүктердің тұтқынына түсті.
Жалғыз өзі жау қоршауында қалып шайқасқан ноян Кетбұғының тағдырына қатысты әртүрлі әңгіме айтылады. Мұсылман дереккөздерінде оны әмір Джамал ад-Дин аш-Шамсимен шайқас кезінде өлтіргені айтылған. Моңғол тарапы ноянды мәмлүктердің тұтқынға алып, Сұлтан Құтызбен диалогтан кейін басын кесіп тастаған деп жүр.
Шайқас аяқталған соң «Сұлтан Құтыз аттан түсіп, оны сүйді, екі ракағат намаз оқып, Алла Тағалаға алғыс білдірді. Содан кейін тізе бүгіп, сарбаздарды құттықтады, олардың қолдары олжаға толы болды» Леванттағы моңғолдардың ықпалын біржола жою үшін ол Рукн ад-Дин Бейбарысқа әскерін бастап, тірі қалған моңғол әскерінің көзін түгелдей жоюға бұйрық береді.
Бейбарыс бытырай қашқан моңғол әскерін шығыстағы Евфрат өзеніне қарай қуып, олардың бас біріктіріп, мәмлүктерге қарсы келуіне мүмкіндік бермеді.
Мухаммед Ахмед АБДУЛ-ЛАТИФ,
Әль-Мансур университеті
көне тарих факультетінің деканы
Орыс тілінен аударған
арабтану-шығыстанушы Асқар Бапен