«Елім-ай» деп өткен ер Қожаберген
«Елім-ай» деп өткен ер Қожаберген
658
оқылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәдениет және спорт министрінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» №60 бұйрығына сәйкес, биыл елімізде Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығы аталып өтіледі. Аталған бұйрықта Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктері жауапты орындаушы және жүзеге асырушылар ретінде белгіленіп, «Елім-ай» дастан жырдың тарихи маңыздылығы ел көлемінде ерекше аталып өтіледі деп көрсетілген. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі белес, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін саяси-тәрбиелік мәні зор оқиға. Бес жарым ғасырдан астам тарихымызда еліміздің жүріп өткен жолы, халқымыздың «Ақ-табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сияқты бастан кешкен небір қиын-қыстау оқиғалары, зар заманға кез болып, азаттық пен бостандық үшін күрескен қанды шайқастарда көрген зарлық-зомбылық пен отарлық езгінің, туған жерді қорғаудың жолында жан­пида қылған ата-бабаларымыздың ерлік жолын, қасіретті кезеңін жеткіз­ген, бұл ұлы дастан – мәңгілік есте қала­рлық тарихи шығарма. Тарихи деректерден білетініміздей, сонау XV ғасырдың екінші жартысында Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын тігіп, негізін қалаған болса, келесі XVI-XVII ғасырларда оның іргесі бе­кем­деліп, этникалық аумағы мен ше­карасы кеңейе түсті. Айналасындағы Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хан­дық­тарымен, Ресеймен байланыс ор­натты. Қазақ хандығының одан әрі ны­ғайып дамуына, өркендеуіне Қасым, Хақ­назар хан, Тәуекел, Тәуке және Абы­лай хандар орасан зор үлес қосты. Елдігіміз бен бірлігімізді сақтауда, сыртқы жаулардан қорғауда хандармен қатар «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айта білген: Төле, Қазыбек және Әйтеке сияқты би-шешендеріміз қа­жырлы еңбек сіңіріп, қаракерей Қабан­бай, қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, шапырашты Наурызбай т.б. қаһар­ман қолбасшылар мен ержүрек батырлар жан аямай күресіп, ерен ерлік істер жасады. Бір өкініштісі, «Біздің тарих қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, екі жүз жылдай Ресей империясының отарлық боданында, жетпіс жылдан астам кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүріп, басымызда бостандық, қолымызда билік болмағандықтан тарихымызды тереңнен танып, өткен-кеткенімізді түгендей алмадық. Қаншама батыр­ларымыз бен билеріміз, ел мүддесіне қызмет еткен қайраткер тұлға­лары­мыздың есімдері көмескіленіп, ұмыт қалды. Тек егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болудың арқасында ғана оларды рухани жағынан тірілтіп, туған халқымен қайта қауыштыруға мүмкіндік алдық. Бұл орайда соңғы жиырма жылдың көлемінде кеңінен танылып, өзінің лайықты бағасын ала бастаған ақын-жырау, ержүрек батыр, қаһарман қолбасшы, данагөй елші, ділмәр шешен Қожаберген Толыбайұлын атап өтуге болады. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында: Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел-жұртынан айырылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді, – деп басталатын «Елім-ай!» әні халықтың әні деп айтылып жүрді. Әйтсе де, ол әннің сөзі мен әуенінен қилы бір замандағы халқымыздың бастан кешкен оқиғасы, сай-сүйегіңді сырқырататындай мұңы мен зары, қайғы-қасіреті сезілетін. Бертін келе халық ауыз әдебиетінің мұраларын жинаушылардың, әдебиетші және тарихшы ғалымдардың жан-жақты зерттеулерінің арқасында оның авторы XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген Қожаберген жырау Толыбайұлы екені белгілі болды. Жыраудың «Елім-ай!» әні ғана емес, осы аттас үлкен тарихи дастаны, тағы да «Күлдірмам-ай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары Болат керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл», «Жеті Жарғы», «Қабанбай батыр», «Ер Көкше», «Асан ата», «Ер Қосай», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Ер Едіге», «Орақ батыр» және басқа да құнды әдеби шығармалары табылды. Тағы да Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) ақын-жыраулығына қоса, ел басына күн туғанда қолына найза алып жауға шапқан батыр, қол бастаған баһадүр, мемлекеттік істерге араласқан қайраткер, шаршы топта сөз бастаған шешен екендігі анықталды. Олай дейтініміз, Қожаберген Тәуке хан (1680-1718) билік еткен кезеңде елшілік, қолбасшылық және мемлекеттік істер атқарған. Шығыстың дәстүрі мен тілдерін жақсы білгендіктен Тәуке хан оны 1683-1688 жылдар аралығында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызметке пайдаланған. Ал 1688 жылы әз Тәуке бастаған ел жақсылары Қожабер­генді бас қолбасшы-ордабасы етіп сай­лап, ол 1710 жылға дейін қазақ, қара­қалпақ, ноғай ұлыстарының жасақтарын басқарған. Жасы ұлғайған шағында өз орнына қанжығалы Бөгенбай батырды сайлатқан. Бұған жыраудың «Үш би» деген өлеңіндегі: Басқарып Үш жүз қолын 23 жыл, Орнымды Бөгенбайға бердім биыл. Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды, Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын, – деген жыр жолдары дәлел бола алады. Қожаберген Толыбайұлы сондай-ақ әз Тәукенің тікелей тапсырмасымен Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдай­назар, Болпыш, Жылкелді, Төле, Қазы­бек, Әйтеке сияқты би-шешендермен «Жеті жарғыны» жазуға атсалысқан. Бұл жөнінде жыраудың: Мұқияттап хаттадым, Әз Тәукеге қызмет қып, Жаздым «Жеті Жарғыны». Салыстырып талдадым, Бергі менен арғыны» деп жазғаны бар. Осының өзі Қожабергеннің ел басқару-ға, мемлекеттік істерге араласқан озық ойлы, білікті де білімді заңгер, көзі ашық азамат болғанын аңғартады. 1759 жылы Абылай хан басқарған қазақ жасақтары қалмақтарды тас-талқан етіп жеңгенін естіген тоқсанның жетеуіне келген Қожаберген жыраудың кәрі жүрегі қатты қуанып, «Жеңіс» атты толғауын шығарған. Абылай ханға «Бас уәзір болып, ел билігі қолыңа тиген екен. Әрі хан міндетін атқарып жүр екенсің. Көреген бол, қарағым. Ақылың мен ерлігің, айла мен әдісіің қатар жүрсін!» деп ақ батасын берген. Бекет Тұрғараев «Мәдени мұра» бағ-дар­ламасының ая-сын­да кейінгі жыл-дары Қожа­берген жы­рауды руха­ни жа­ғынан ті-рілту, артын-да қал­ған әдеби мұраларын қайта жарыққа шы­ғару, есімін ұлықтау бағытында бірқатар іс-шара атқарылды. Бұл ретте алдымен 2000 жылғы жел­тоқсанда тарланбоз тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ұйытқы болып, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы­ның ұйымдастыруымен Петропавл қа­ла­сында елімізде алғаш рет «Қожаберген жырау Толыбайсын­шы­ұлының Отан тарихы мен қазақ поэ­зиясында алатын орны» деген тақы­рып­та республикалық ғылыми-теория­лық конференция өткізілгенін атап өткен жөн. Ондай алқалы жиын 2010 жылы «Өлке тарихы, тұлғалар тағ­дыры» деп аталып екінші рет өткізіліп, онда көзі тірісінде ұлттың намысы атан­ған, қазақ заңгерлерінің абыз ақсақалы болған, академик ғалым Салық Зиманов сөз сөйлеп: «Қожаберген – біздің тарихымыздағы тұтас құбылыс, бүкіл ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ұлы тұлға» деген баға берді. Бір топ зиялы азаматтар құрған «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Қожаберген жыраудың туған жеріндегі қорымда жерлестері тарапынан оған арнап күмбез орна­тылды, құран бағышталып, ас берілді. Жамбыл ауданының орталығы Прес­новка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, ескерткіш бюсті орнатылды, мектепте мұражайы ашылды. Ал Петро­павл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады. Сондай-ақ қордың қолдауымен «Қожа­берген жырау», «Елім-ай», «Баба тілі», «Өнерпаздар әулеті» деген тәрізді кітап­тар басылып шықты. Олар жұртшылыққа кеңінен таратылып, оқырмандардың жылы лебізіне ие болды. Аталған қордың қозғау салуымен Қазақстан Үкіметі 2012 жылдың желтоқ­санында арнайы қаулы қабылдап, 2013 жылы Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойы елімізде кең көле­мінде атап өтілді. Алматы мен Астана қала­ларында көпшілікке танымал тарихшы, әдебиетші ғалымдардың, белгілі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен үлкен басқосу – ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдас­тырылды. Мұның соңы Қызылжар өңіріндегі мерекелік алқалы жиын мен түрлі мәдени-спорттық іс-шараларға (ақын­дар мүшәйрасы, концерттік бағдарлама және ат бәйгесі т.б.) ұласты. Осынау торқалы тойдың қорытындысы ретінде Алматы­дағы «Зерде» баспасынан «Зама­ны­ның заңғары» мен «Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы» деп ата­латын және Астанадағы «Фолиант» баспасынан – «Дауылпаз баба Қожаберген» деген көлемді және әсем безен­дірілген жинақтар жарық көрді. Мұндай игілікті іс-ша­ра­лардың басы-қасында ұйытқы болып, біздің «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қо­ғам­дық қайырымдылық қоры жүрді. Алайда Қожаберген сынды тарихи тұлғаны тану мен ұлықтау ісі бұдан әрі де жалғасын таба береді деген ойдамыз. Қожаберген жыраудың ат үстіндегі айбынды ескерткіші Петропавл қаласы­ның кіреберіс қақпасына орнатылуы Қожабергенді тану түсінігімізге қосылған елеулі үлес деп танимыз. Петропавл қаласындағы әскери институтқа даңқты қолбасшы қаһарман жырау Қожаберген Толыбайұлының есімі беріліп жатса, ол да халық тілегі мен арман-мақсатының орындалғаны болар еді. Қожаберген жырау сияқты батыр бабаларымыз қасық қаны қалғанша жан аямай күресіп, сыртқы жаулардан қор­ғап, сақтап аманат етіп қалдырған қой­науы қазына-байлыққа толы атамекенді және мәдени-рухани мұраларды қастер­лей бағалап, барынша байытып, дамы­тып ізбасар ұрпаққа табыстау – біздің парыз бен қарызымыз. Қожаберген жыраудан қалған әдеби мұралардың ішінде «Елім-ай» дастаны – құндылығы жоғары, шоқтығы биік шығарма. Мұнда халқымыздың өткен тарихын­дағы тұтас бір дәуір мен қасіретті кезең қамтылған. Бізбен жауласқан жоңғар хандығының дәуірлеп, күшею себептері, олардың бізге қарсы соғысқанда Ресей империясы мен Қытайға арқа сүйеуі, басымызға күн туған шақта түрікпен, Қо­қан, Хиуа мен Бұқардың сырт ай­налуы айтылған. Тәуке ханға дейінгі қа­зақ хандығындағы текетірес пен бақталастық, берекесіздігі де сыналған. Жыр-дастанда тіпті: Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық, Тұрақты қазақ жұрты қонысы деп. Санаңдар түп қазаққа соны лайық, Әуелден мал жайылым, өрісі деп, – деген өлең жолдары арқылы сол кездегі атамекеніміздің шекарасы мен терри­тория­лық аумағы көрсетілген. Сондықтан да кезінде бұған аты аңызға айналған әскери қайраткер, хал­қы­мыздың ардақты перзенті Бауыржан Момышұлы: «Бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі Қожаберген жыраудай қазақ жерінің көлемі мен шекарасын айқындап берген емес. Оның «Елім-ай» жыры – әскери дас­тан!» деген баға берген. «Елім-ай» дас­танының мазмұны мен мәніне зерде­лей зер салып қараған әдебиетші, тарих­шы ғалымдарымыздың оны гректің әй­гілі поэмалары «Илиада» мен «Одис­сеяға» теңеуі де тектен-тек емес. Көреген де кемеңгер бабамыздың: «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деуі бүгінгі және келешек ұрпаққа да ұран тастап, үлкен міндет жүктеп тұрған­дай. Бұл тәуелсіздік пен егемендікті жоғалтпай «Мәңгілік ел» болып қалуды меңзейді Ел тарихындағы елеулі оқиға «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдық мерейтойына шашу ретінде көптеген оқырмандардың талап-тілегімен «Елім-ай» жыры қайта басылып шықты. Баға жетпес мұра «Елім-ай» дастаны­ның кейінгі жастар үшін тағылымдық мазмұны мен мәнін ашу мақсатында кітаптың беташар бөліміне арнайы Қожабергентану ғылымына алғаш түрен салып, ұйытқы болған тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың «Дауыл­паз баба Қожаберген» ғылыми-таным­дық мақаласын, қазақ рухания­тының абыз ақсақалы атанған академик, заңгер ғалым Салық Зимановтың конферен­цияда сөйлеген «Қожаберген – ұлт ер­лігінің символы» деген сөзін, ака­демик, әдебиетші ғалым Серік Қира­баевтың «Елдікті жырлаған дастан» мақаласын, сондай-ақ елге танымал көрнекті ғалым­дар әдебиетші Мекемтас Мырзахметовтің «Қожаберген жырау танымының саяси әлемі» және философ Амангелді Айта­лының «Елім-ай» дастаны – елдік мүдде­нің қайнар бұлағы» деп аталатын кемел пікір түйіп, көшелі ой тастаған мақа­лаларын енгіздік. Бұл кітап бүгінде біз мекен етіп отыр­ған Атыраудан Алтайға, Арқадан Ала­тауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жердің ата-бабаларымыздың төгілген ащы тері мен қаны, кескілескен шайқасы мен күресі арқылы келгенін бүгінгі ұр­пақ­тың есіне салып, оны көздің қара­шығындай сақтау, қорғау жөнінде көкірегінде отаншылдық сезімін оятып жатса – онда алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері