Журналистикадағы еңбек жолын қатардағы тілшіліктен бастап, бүгінде YouTube-та жеке арна ашып, сән индустриясына үлес қосып жүрген кәсіпкер-журналист Динара Сәтжанды халық жақсы таниды. Жас журналистер мен қыз-келіншектердің кумиріне айналған танымал журналист «Аға буын & Z ұрпақ» атты жобамызға қатысып, студенттермен сұхбат құрды.
Тілді үйрену арқылы жаңа есік ашылады
Айкүміс Еселхан: Сіздің қазақ тілін үйренуге ықыласыңыз ерекше. Тілді тез меңгерудің сыры неде?
– Кеңес үкіметі заманында дүниеге келдім. Балабақшаны да, мектеп пен жоғары оқу орнын да орыс тілінде оқыдым. Орыс редакциясында 10 жыл жұмыс істедім. Жаңалықтарды жүргіздім, корреспондент болдым. Сол кезде: «Тек орыс тіліндегі редакцияда жұмыс істеймін» деп ойлайтынмын. Себебі қазақ тілін тұрмыстық деңгейде ғана білетінмін. Бірақ 2017 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасына жұмысқа шақырды. Журналист ретінде емес, арнаның дамуына үлес қосуға, ребрендинг жасауға. Бірақ мен ұлттық арнаның эфиріне шықпадым. Себебі қазақшамның деңгейін өзім білемін. Сол кезде «Қазақ тілін толық меңгеріп, сұхбат аламын» деп мақсат қойдым. Сол дегеніме жеттім. Орыс тілінде сұхбат алғанда ресми, қиын сұрақтар қоюға тырысасың. Ал қазір алып жүрген қазақша сұхбаттарым мен үшін ерекше. Жаныма жақын. Орыс тіліндегі сұхбаттарымда кейіпкерлер көп. Тіпті, олардан бірнеше рет қайталап сұхбат алдым. Мысалы, Әлішер Елікбаев, Бейбіт Әлібековты 2-3 рет жаздық. Ал қазақ тіліндегі аудитория үлкен. Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі сияқты сұхбат алмаған танымал адамдар бар. Мен тіпті қазақшам нашар деп олардан сұхбат алуды да ойламайтынмын. Бірақ тілді үйрену арқылы жаңа есік ашылады екен. Қазір ағылшын тілін үйреніп жатырмын. Себебі менің жаңа мақсатым – ағылшын тілінде сұхбат алу. Ол күнге де жететінімді білемін. Әрине, ол үшін қойған мақсатыңнан айнымауың керек. Қазір менің әріптестерім: «Қазақша қалай тез үйреніп алдың?» деп таңғалады. Мен «қаным қазақ, жаным қазақ қалай мен қазақша үйренбеймін?» деп айтамын. Сендер де болашақ журналистсіңдер ғой. Ал журналистерде дофамин, яғни бақыт гормоны тек түсірілім мен сұхбат алған кезде көбейеді. Сұхбат алғандағы әсеріңді ешқандай витаминнен ала алмайсың. Осы айтқандарымды жұмыс істеген кезде толық түсінерсіңдер. Мен кез келген сұхбат алатын кезде міндетті түрде дайындаламын. Сондықтан журналистің қаруы – сұрақтары. Кейіпкерді зерттеп, оның тұлғасын, болмысын ашатын сұрақтар таба білуі керек. Ал сен қанша тіл білсең де, бірақ сұрақтарың жоқ болса сұхбат та ала алмайсың. Дегенмен менің ағылшын және қазақ тілімнің деңгейі бәрібір орысшадай болмайтыны анық. Өйткені менің бүкіл өмірім орыс тілінің айналасында болды. Мен тіпті кейбір орыстардан да тілді жақсы білуім мүмкін. Ал журналист құрбым Оксана Петерстің қазақшасы қазақтардікінен де жақсы. Әрине, елімізде қазақтардың қазақша білмейтіні ұят. Бірақ бұл ұятты тек қана тілді үйреніп, сөйлеп, жұмыста қолдану арқылы ғана жеңе аламыз.
Гүлдана Мұратбай: Кездесуге уақыт тауып келгеніңізге рақмет! Менің сізге қоятын сұрағым: сәтті сұхбат алудың бес сырын айтып беріңізші?
– Сұхбаттың ең қиын тұсы – кейіпкермен келісу. Себебі кейіпкерің келмесе, сұхбат та болмайды. Журналистер сұхбатқа «балық аулау» сияқты қарайды. Үлкен балықтар да, кіші балықтар да бар. Кішкентай балықтар деп отырғаным – сұхбат беруге бірден келісетін, тез жауап беретін кейіпкерлер. Ал үлкен балықтардан (маңызды кейіпкерлерден) барлық журналист сұхбат алғысы келеді. Мен сұхбат алатын кейіпкерлерімнің 80 пайызымен доспын. Олардың біреуімен қонақта, екіншісімен жиындарда таныссам, үшіншісінің шығармашылығын бағалаймын. Ал адамдар өздері танитын адамға ғана сенеді. «Қасқыр жалғыз жүру керек» деген ұғым бар. Бірақ журналист ешқашан ешкіммен сөйлеспей, өзімен-өзі жалғыз жүре алмайды. Адамды бірінші көргенде танысасың, екінші көргенде білісесің, ал үшінші көргенде, достасасың. Ал достарың сұхбат беруге бірден келіседі және еркін сұхбаттасады. Сәтті сұхбат алудың басты құпиясы – дайындықта. Кейіпкеріңді толық зерттеп, осыған дейін берген сұхбаттарын ерінбей қарап шығуың керек. Егер кейіпкерің туралы ешқандай ақпарат таппасаң, оны жақсы білетін адамды тап. Сосын кейіпкерің бүгінгі күннің өзекті жаңалығы болуы қажет. Мысалы, күн сайын әртүрлі адамдардан сұхбат алуға болады. Бірақ ол қозғайтын тақырып өзекті болмаса, сұхбат та қаралмайды. Айталық, жақында біз Дәулет Тұрлыхановтан сұхбат алдық. Ал оның баласы туралы барлық БАҚ жарыса жазып жатыр. Көрермендерге Дәулет Тұрлыхановтың баласын қалай тәрбиелегені, оның баласымен қарым-қатынасы қызық. Немесе белгілі адам ажырасса, үйленсе, өмірінде бір жаңалық болса, бірінші болып сұхбат алу керек. Себебі халыққа сол қызық. Ешкімге сұхбат бермейтін әнші Скриптониттен сұхбат алсаң, ол да сәтті шығар еді. Сондықтан журналист маңызды кейіпкерлерді іздеуі керек. Ал ол деңгейге жету үшін сұрақ қойып, дайындалып үйренуі қажет. Мысалы, кейіпкерге қойған бірінші сұрағыңның жауабынан екінші сұрағыңды табуың мүмкін. Сол себепті өз сұхбаттарымның соңы немен аяқталатынын білмеймін. Менің басты міндетім – кейіпкерді тыңдау. Бір-бір жарым сағат көрермен де жалықпай сұхбатты қарай алуы керек. Журналист бірінші сұхбатынан-ақ танылып, жақсы қаралым жинап кете алмайды. Оған жету үшін жүздеген, мыңдаған адамнан сұхбат алуың мүмкін. Қазір маған сұхбат беруге барлығы қуана келіседі. Себебі осы деңгейге жету үшін жұмыс істедім, көптеген сұхбаттар алдым. Кез келген адам мәтін жаза алмайды. Ал біз, журналистер сөзбен жұмыс істеп үйренуіміз керек. Бұрын он жыл эфир жүргізсем де менің сыртқы келбетіме айтатын шағымдарым көп болатын. Бірақ журналистің басты фишкасы харизмасы мен энергиясы екен. Мен эфир жүргізгенде қатып қалмайтынмын. Барынша еркін өзімді қалай бармын солай көрсететінмін. Осы стиліммен де, мен Динара Сәтжан болдым. Біреуді көшіріп немесе біреуге еліктеп қажет емес. Әр журналистің сұхбат алғанда өз форматы, өз стилі болуы керек. Экранның арғы жағында сұхбатты көріп отырған көрерменнің эмоциясы да әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан сұхбат өзіндік атмосферасымен есте қалуы керек. Көріп біткеннен кейін көрермен ой түйіп: «қандай керемет сұхбат» деп айтуы қажет. Сәтті сұхбат құрудың бар құпиясы – осы.
Тренд көшеде дүниеге келеді
Махаббат Исмаил: Сіз жаңа идеяларды қайдан аласыз?
– Жаңа идея айналаңдағы әр оқиғаға мән беріп, қырағылық танытып жүргенде пайда болады. Мысалы, түнгі 1-ге дейін Instagram-да отырамын. Лентада жаңалықтарды, YouTube-тағы түрлі сұхбаттарды, фильмдерді қараймын. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқимын. Өзіме керекті ойды түртіп аламын да, сұхбаттарымда қолданамын. Егер адам әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалықтармен дер кезінде таныспаса, кітап оқып, саяхаттамаса, жаңа идея да келмейді. Сондықтан әртүрлі адамдармен әңгімелесіп, музейге, галереяларға бару керек. Сенде шығармашылықпен айналысатын креативті орта болса ғана идея келеді. Ал өмір бойы бір ғана құрбың болса, онда саған журналист болу қиын. Сән индустриясында да жаңа идеяларға қатты мән береді. Мысалы, ZARA әлемнің әртүрлі еліне барып, жай ғана көше аралап жүретін адамдардан құралған департамент бар. Себебі тренд көшеде дүниеге келеді. Айталық, қазіргі жастардың киіну стилі де ең бірінші Кореяда пайда болып, сосын әлемге таралған. Ал идея келген кезде оны міндетті түрде жазып алу керек. Себебі идеяны дер кезінде түртіп алмасаң, ұмыт қалады. Сондай-ақ ешқашан берілмеу керек. Менің ұстазым: «Динара саған есік жабық болса, терезе бар. Ал терезе ашылмаса, шатыр бар. Шатыр жабық болса, жертөле бар. Маған ешқашан «жоқ» деп келуші болма» дейтін. Сол сияқты маған кейіпкерім сұхбат беруге келіспесе, мен алған бетімнен қайтпаймын. Осы жолы сәті түспесе, келесі жолы сұхбатқа шақырамын. Мысалы, Геннадий Головкинді бірнеше жылдан бері сұхбатқа шақырып келемін. Журналист ешқашан адамдарды режітпеуі, хайп жасамауы керек. Біз ақпаратты аулаймыз. Біз – ақпаратты жеткізушілерміз. Айталық, кейіпкер журналистсіз миллиондаған адаммен тілдесе алмайды. Біз кейіпкерді ашу арқылы, сұрақ қою арқылы оны миллиондаған халықпен жақындата түсеміз. Сондықтан журналистің мақсаты – аудиторияға пайдалы ақпарат жеткізу.
Аружан Еркебай: Кез келген адамның өмірінде қиындықтар кездеседі. Сіздің журналистикадағы жолыңызда қиындықтар болды ма және оны қалай жеңдіңіз?
– Иә, менің журналистикадағы жолымда қиындықтар көп кездесті. Журналистикадағы қызметімді 19 жасымда Алматыда бастадым. Жаңалықтар редакциясына кіріп, амандасқанымда маған ешкім мән беріп қарамайтын. Ал компьютеріме мәтін жазып, дайындап қойып шығып кеткенімде оны біреу өшіріп кететін. 2002 жылдары әлеуметтік желі де жоқ еді. Эфирге шығуды барлығы армандайтын. Ал мен кішкентай болсам да, жаңалық жүргіздім. Күні бойы отырып, суфлер жазатынмын. Кейін боянып, дайындалып, камераның алдына келіп отырғанымда суфлерді біреу өшіріп тастағанын білдім. Бірақ қолымда қағазға басылған сценарий болатын. Соны жаңалықтар біткенше оқып бердім. Осылайша, өмірде ешкімге сенуге болмайтынын үйрендім. Келесі жолы бір сценарийді өзімде сақтап жүретін болдым. Осындай оқиға елу рет қайталанған шығар. Әрине, мен үшін ауыр болды, жыладым да. Кім екенін біліп тұрсың, бірақ оны дәлелдей алмайсың. Бірақ бұл қиындықтарға да сынбадым. Себебі өзім қаламайынша, ешбір арнадан жұмыстан шықпаймын деп шешім қабылдадым. Ал біреу жұмыстан шығарып жібергісі келсе, ол менің проблемам емес. Оны өздеріне де ашық айттым. Кейін осы қайсарлығым үшін ол адамдар мені сыйлайтын болды. Басында сені ешкім байқамайды, кейін саған күледі, кейін жек көреді, ал соңында сен жеңесің. Өмір осысымен де қызық. Ең бастысы, осындай қиындықтар қаншама рет кездессе де, сен сынбауың керек. Ал өзім ешқашан адамдарға жамандық жасамаймын. Тіпті, ондай ойларды ойлай да алмаймын. Кейде комментарийге жаман пікірді ерінбей жазатын адамдарды түсінбеймін. Оларға негатив жазғаннан пайда бар ма немесе олар ерінбей жазуға уақыт қалай табады? Бірақ біздің мамандығымыз үшін бұл қалыпты жағдай. Біз сын мен негативтің ортасында өмір сүріп үйренуіміз керек. Кез келген ақпараттың 1-2 күн ғана өмір сүретінін ұмытпауымыз қажет. Кейін адамдар не болғанын ұмытып та кетеді. Адамдар бір жыл бойы бір ақпаратпен өмір сүрмейді. Сол сияқты өткен шақпен де ешкім өмір сүрмейді. Мен өткенді ойлап энергиямды құртпаймын. Болған іс болды. Энергиямды бүгін мен ертеңге жұмсаймын. Өткен істі өзгерте де алмайсың. Ал оны ойлап уақыт пен энергияны шығындау бекер. Сондықтан ең бастысы, қандай жағдай болса да берілмеуің керек.
Саясатпен айналысатын уақытым жоқ
Бибігүл Бейсенбаева: Сіз өз имиджіңізді қалыптастырдыңыз. Бүгінгі қыз-келіншектер сізге қарап бойтүзеп жүр. Журналистикада да өз биігіңізді бағындырдыңыз. Ал болашақта саясатқа бару ойыңызда бар ма?
– Иә, қазір менен бәрі «Неге сайлауға қатыспадың?» деп сұрап жатыр. Мен күліп: «Сонда кандидаттармен кім сұхбаттасады?» деп айтамын. Астанада тұрып жатқаныма 16-17 жыл болды. Осы уақыт ішінде Ақорда, Парламент, Мәжілісте жүз рет болған шығармын. Депутаттардың жұмысын да сырттай көріп жүрмін. Бірақ менде саясатпен айналысатын уақыт жоқ. Мен шығармашылықтың адамымын. Менің медитациям – монтаж, түсірілім, студенттермен кездесу, әртүрлі шараларға қатысу. Саясатқа бару үшін адамда миссия болу керек. Ал менде әлі ондай миссия пайда болған жоқ. Менің қазіргі миссиям – қыздарға мотивация беру, бизнеспен айналысу, шығармашылық жобалармен жұмыс істеу. Ал саясатқа бару үшін белгілі бір тақырыбың мен сені қолдайтын аудитория болуы керек. Менде қазір депутаттарға қарағанда еркіндік көп. Әдемі киімнен, әлеуметтік желіден, саяхаттан бас тарта алмайтын адаммын. Ал саясатқа барсам, әр басқан қадамым мен киімімді аңдып отыратын болады. Ал оларға «сумкамды 2017 жылы алғанмын» деп дәлелдей де алмаймын. Сондықтан саясатқа баруға дайын емеспін. Танымал журналист болу – менің бала күнімнен армандаған жан қалауым. Бастаған жұмысың жаныңа жақпаса, сенің жолыңда кедергілер көп кездеседі. Мысалы, бір рет жаңа іс бастап көрдім. Сол кезде менің көзім, қолым ауырып, ол істің менікі емес екенін көрсетті. Ал қазіргі істеп жүрген жұмысым өзіме ұнайды. 24 сағат сұхбат алып, кездесуде жүрсем де шаршамаймын.
Айкүміс Еселхан: Әлеуметтік желіде отбасыңызбен түскен суретіңізді жиі жариялайсыз. Балалық шағыңыз туралы айтып беріңізші?
– Мен кішкентайымнан еркін өстім. Қателік жасасам да, одан өзім сабақ алдым. Әр идеям мен әр қадамымды ата-анам қолдады. Қазір өз балаларымды да осылай тәрбиелеп жүрмін. Илон Маскты да анасы «жоқ» деп айтпай тәрбиелепті. Сондықтан да шығар менің ішімдегі еркіндік ерте пайда болды. Жалпы, журналист өзге біреудің пікіріне тәуелді болмауы керек. Сонда өмір сүру де жеңіл болады. Ал өзгенің пікіріне тәуелді болу, адамды артқа тартады. Сондықтан да мен әр комментарийді оқып, мұңайып отыра алмаймын. Эфир жүргізіп отырып та, камераның артында мыңдаған адам қарап отыр деп қобалжымаймын. Бастысы, өз жұмысымды ойдағыдай атқарып шықсам болды. Жалпы, журналистің жұмысы – алғысқа толы жұмыс. Себебі бүгін сұхбат жазсам, ертең сол сұхбатты көремін. Осылайша, орындалуы керек бір жоспарымды белгілеп қоямын. Қазір YouTube-қа бір аптада алты сұхбат жариялап жүрміз. Бірақ сол сұхбаттың әрқайсысының артында қаншама күндік еңбек жатыр. Сондықтан журналист барынша жылдам және эксклюзив жаңалықтар жариялап үйренуі керек. Жақсы идея келді ме, жазып ал да кірісіп кет. Ол идеяны ойлап, айтып жүрсең ешқашан орындалмайды. Қазір журналистика да өзгерді. Бұрын біз үлкен камерамен, микрофонмен жүрсек, қазір бір смартфон арқылы да жаңалық таратуға болады. Телеарна монтаждап, ақпаратты жариялағанша, телеграм арнаға бірінші болып жаңалық шығып қояды. Қазір журналистің бәсекелесі – оның көршісі. Мысалы, көрші Серік ағай сендерден бұрын смартфонына видео түсіріп, ақпарат жариялап жіберуі мүмкін.
Роллан Граменский: YouTube-та сұхбат түсіруге қалай келдіңіз? Әріптестеріңіздің сұхбаттарын көресіз бе?
– Сіздер YouTube-тан кімнің сұхбаттарын қарайсыздар? Балу, Дөп сөз, Аман Тасыған... Байқадыңыздар ғой, YouTube-та бәсекелестер аз. Бұл нарық мүлдем бос жатыр. Себебі техникалық жағынан сұхбат жариялау өте қиын. Иә, подкастар көп. Бірақ блогерлер ешқашан журна-листер сияқты ойланып, олар сияқты сұ-рақ қоя алмайды. Біз алдымызға келген кейіпкерді жан-жақты ашамыз. Сондықтан блогерлер менің бәсекелесім емес. Иә, блог жүргізетіндіктен мені де блогер дейді. Бірақ мен ең бірінші журналистпін. Ал журналист адамды зерттейді, кейіпкерді ашады. Сондықтан блогер мен журналисті салыстырып қажет емес. Күрделі зерт-теулермен де айналыса алмаймын. Ол менің сферам емес. Мені көп әріптестерім: «жарнамасы қымбат» деп сынайды. Бірақ Голливудта сенің қымбат сұрауың қалыпты жағдай. Одан ұялудың қажеті жоқ. Себебі менің арнам мен әлеуметтік желілерімде тұтас бір команда жұмыс істейді. Алғаш журналистиканы бастаған кезде еңбекақым 30-40 мың теңге болды. Сол кезде бұл қаржыға қалай өмір сүремін деп ойлайтынмын. Одан кейін еңбекақым 200-300 мыңға өсті. Кейін түрлі мерекелік шараларды жүргізіп, қосымша табыс табуды үйрендім. Сондықтан қызметіңді қымбатқа бағалау қалыпты жағдай. Журналистикада жүріп те жақсы табыс табуға болады. Журналист болу, өмір бойы бір айлыққа қарап қалу деген сөз емес. Өзіңді дамытып, сапалы контент жасасаң, бәрі де мүмкін. Қазір үйде отырған келіншектердің өзі бір постына 100 мың теңге алады. Олар күнделікті контентпен осындай деңгейге жетті. Ал журналистер қызықты, кәсіби контент жасап үйренуі керек. Сол контент ұзақ өмір сүруі қажет.
Мерей Ауғаш: Журналистикада жүріп, өзіңізді тастап жіберген кезіңіз көп болды ма әлде ақпаратқа ашқарақтықпен қарайсыз ба?
– Қазір маған ақпаратқа деген ашқарақтық керек болып жүр. Кейде көп түсірілімнен шаршағанда «өзімнің қайда бара жатқанымды анықтау үшін» алысқа кетіп қалғым келеді. Бірақ «өзіңді тастап жіберу, жанып кету» деген сөзді мүлдем қолданбау керек. Адам істейтін ешнәрсе таппаған кезде ғана осындай күйге түседі. Ал ұйықтауға уақыт таппайтын адам мұндай сезімді кешпейді. Сондықтан менде бос отыратын уақыт жоқ. Бір адаммен кездесіп кофе ішіп отыруға да үлгермеймін. Бүгін ТікТокта жүрсек, ертең тағы жаңа желі пайда болса, сол жақты да меңгеруіміз керек. Себебі өмірдің ағысына ілеспесең, трендтен қалып қоясың. Кейде өмір маған бірнәрсе үйретеді, кейде өмір мені бір нәрсеге дайындайды. Сондықтан кез келген арман орындалады. Ол үшін мақсат қойып, еңбек ету керек.
– Әңгімеңізге рақмет!