Цифрлы сыңардың сыры
Цифрлы сыңардың сыры
585
оқылды
Әйгілі актер Брюс Уиллис өзінің цифрлы образын ресейлік Deepcake компаниясына сатты. The Telegraph басылымының жазуынша, қазір артист афазия дертінің себебінен кәсіби мансабын аяқтады. Десек те, көрермен алдағы уақытта Брюстің цифрлы сыңары түскен туындыларға көзайым болмақ. Deepcake компаниясы актердің цифрлы көшірмесін пайдаланып, ал­ғашқы жарнама ролигін түсіріп те үлгерді. Танымал комик Азамат Мұсағалиев екеуі ойнайтын байланыс тарифінің комедиялық жар­намасының озық технологиялы болғаны сон­шалық, көріп отырып, шын һәм цифрлы об­раздың аражігін ажырата алмайсың. Брюс­тің өзі де бұл роликтің сапасын жоғары баға­лап, шығармашылық ұжымға өткенге оралу мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғысын білдірген болатын. Әлемдік киноиндустрия цифрлы сыңар жасау мүмкіндігін, яки DeepFake технологиясын жиі әрі ұтымды пай­да­лана бастады. Марқұм артистерді тірілтіп, ком­пьютердегі көшірмесін жасаған мысал­дар­дың өзі жетіп артылады. Бұрындары тү­сірілім барысында бақилық болған актер­дің орнына картинаны аяқтау үшін ұқсас ар­тист іздеп, я болмаса бұрын түсірілген кадрларын жинақтайтын. Жол апатынан қа­за тапқан атақты Пол Уокердің «Фор­саж­дың» жетінші бөлімін аяқтай алмағаны есі­мізде. Режиссер Джеймс Ван картинаны то­лық бітіріп, көрермен назарына ұсыну үшін Полдың бауырларына өтініш айтты, ма­мандар компьютерлік графиканың кө­мегімен актердің цифрлы жүзін жасап, дуб­лер болған інілеріне байлаған еді. Осы­лайша, «Форсаж-7» Полдың қатысуымен аяқ­талып, көрерменнің ықыласына бөленді. Кө­рермен шығармашылық ұжымды Пол­мен қоштасуға мүмкіндік бергені үшін ал­ғыс­тың астында қалдырды. Әйтсе де, Джеймс Ванның өзінің нәтижеге көңілі толмады, Коди және Калеб Уокерлер CGI техноло­гия­сының көмегімен Полдың түр-сипатын сомдай алғанымен, кейіпкердің табиғатын аша алмады деген пікір айтты. Соның се­бе­бінен режиссер көп сахнаға марқұмның мұ­рағаттағы кадрларын пайдаланған еді. цифрлы сыңар Ал бүгінде технологияның қарыштап да­мығаны соншалық, марқұм болған ак­тер­лердің түр-сипаты жағынан ұқсас туы­сын іздеп әуре болмайсың. Компьютерге тап­сыр­ма берсең болғаны, артисті кез келген тіл­де сөйлетіп, әртүрлі рөлде көре аласың. Осы­дан он шақты жыл бұрын технологиялық дең­гейге белгілі бір кедергілер һәм кем­ші­лік­тер болған. Мәселен, 2016 жылы көрер­мен назарына ұсынылған «Изгой-Один: Звез­дные войны. Истории» картинасы Пи­тер Кушингтің цифрлы сыңарын сәтсіз жа­сағаны үшін Disney студиясы сынның ас­тында қалған болатын. Таркиннің (фи­льм­дегі Кушиннің кейіпкері) фанаттары мар­құм болған актерді қайта тірілткені үшін нара­зы болған жоқ, актердің сыңарының шы­найы емесін сынады. «Мадам Тюссо» му­зейіндегі манекен тірілгендей» деген маз­мұндағы сыни мақалалар көп жазылды. 1994 жы­лы қайтыс болған Кушингтен ұрпақ қал­­­маған, әйелі де ертеректе көз жұмған. Ак­тердің фанаттары Disney-дің бұл әрекетін марқұмның рухын қорлады деп қаралап жатса да, атақты компаниямен заң жүзінде есеп айырысатын ешкім болмады. Одан бері біршама уақыт өтті. Тех­но­логия жыл сайын жаңалық ашып, күн сайын қарыштап дамып келеді. Ки­нотанушылардың болжамынша, артистің цифрлы көшірмесін жасау мүмкіндігі бола­шақтағы фильмдердің өндірісі 80-90 пайыз ком­пьютерлік графиканың көмегімен жү­зеге аспақ. Расында, кинематографияда 3-4, тіп­ті одан аз актердің қатысуымен түсірі­ле­тін туындылар жетерлік. Енді ойлап қа­раңыз, бір фильмде сондай 3-4 актердің бәрі­нің цифрлы сыңары ғана ойнатын бол­са, толыққанды кино жасау үшін тех­но­логия ғана жеткілікті болмай ма? Бүгіннің өзін­де өндірісінің басым бөлігін ком­пью­терге тапсырған фильмдер баршылық. Жа­қын­да ғана көрерменге ұсынылып, көңі­лі­нен шыққан «Аватар-2» туындысының 60 пайы­зының жұмысы студияда компью­тер­лік графиканың көмегімен, тек 40 пайызы дәс­түрлі форматта түсірілген. Режиссер Джеймс Кэмерон жаңа технологиялардың мүмкіндігі мидағы шекараны бұзуға септесе ал­ғанын айтып, аталмыш туындыны ең жоғары технологиялы фильм деп бағалаған бо­латын, тіпті киноға «болашақтан келген өзге ғаламшарлық» деген баға берді. «Ава­тардың» техникалық өндірісіне жауапты Роб Легато виртуалды камераның протипін жасай алды. Performance Capture деген атау алған технология арнайы камераны белгілі бір актерге бағыттасаң, монитордан актерді емес, «Аватар» кейіпкерін көруге мүмкіндік берді. Түсірілім барысына «фьюжн» қосым­шасы бар тағы бір жаңа камера көмектескен. Оның көмегімен бір уақытта екі картинаны қатар түсіруге мүмкіндік туған. Құрылғыны қолға ұстап, яки иығына қойып қимылдай беру­ге болады. Ал компьютерлік графи­ка­ның мүмкіндігі актерлерді гримдеу қажет­тігінен құтқарған. Кэмерон 1994 жылы «Титаникті» түсіру кезінде-ақ бұл фильмге 80 беттік сценарий жазған, алайда режиссер айтып отырған мидағы шекараны бұзуға 90-жылдары техникалық мүмкіндік болма­ды. «Күтуге тура келді» дейді киногердің өзі. цифрлы сыңар Болашақта цифрлы технологияның көмегімен өлгенді тірілтіп, түрлі кейіп­­керді түрлендіре аламыз. Оған санасыз сым темірдің, жансыз жасанды интеллектің, эмоциясыз компьтердің күші жетеді, ал мүмкіндігі жетіп артылады. Бұл – үлкен же­­тістік, қуанышты жаңалық деп бөрікті ас­панға атуға болар-ақ еді. Алайда кино­гер­лер мен киносүйер қауым цифрлы көшірме жасауда абай болу керегін алға тартады. Мәселен, киносыншылар жоғарыда аталған «Форсаж-7» фильмінің аяқталу тарихы – марқұмның рухына құрмет көрсетудің үздік үлгісі деп санайды. Өйткені бұл киноның шы­ғармашылық ұжымы Пол Уокердің туыс­­тарынан рұқсат алды. Және Полды эк­ранға қайтарудың логикаға сыятын себебі болды – картинадағы кейіпкердің оқиғасын аяқтау әрі жанкүйерлердің марқұмның өзімен қоштасуына мүмкіндік беру. Ал Полдың цифрлы сыңары «Форсаждың» оныншы бөліміне «түседі» деген ақпарат тараған кезде, Вин Дизельге алғыс жаудырған сол жанкүйерлер оны сынға алды. Мұнысын ақша табудың арам әрекеті деп актердің рухына құрмет көрсетуді талап етті. Мұн­дай даулы оқиға көп. Луи Армстронг, Мэрилин Монро, Одри Хепберн сияқ­­ты көптеген танымал жұл­дыз­ды «тірілткені» үшін сынның ас­тын­да қалған ком­­­паниялар жетер­лік. Америкалық ре­­жиссерлер гиль­дия­­сының мүшесі жә­не визуалды эф­фект­­тер қоғамының бұ­­рынғы вице-төрағасы Ри­­чард Тейлордың ай­туын­­ша, көп­теген Голливуд жұл­­дызы өзі­нің цифрлы сыңа­рын жасау үшін түр-сипатын сканерлеу про­цедурасын жасауда. Артистердің мұндай көшірмелері қазірдің өзінде қауіпті экшн-сахналарды сомдауға дублер болып жатыр. Мұндай тәжірибелер жаңа түсінбеушіліктің тууына себеп, мәселен, актердің жасанды сыңарын студия жасайтын болғандықтан, ав­торлық құқық та компанияға тиесілі. Яғни, артист өз сыңарына өзі иелік ете ал­май­ды. Оның үстіне, технология «қорқынышты» қарқынмен дамуын жалғастыруда. Нейро­желі адамның түр-сипатын сканерлеуден бөлек, оның дауысын синтездеуді үйреніп алды. Адамның орнын виртуалды «жандар» алмастырады деп дүрбелең салуға әлі ерте де шығар. Әйтсе де, түр-сипатың мен дауысың өзіңе ғана тиесілі болудан қалып бара жатқаны, я болмаса, о дүниелік болған­ның өзінде сенің тұлғалығыңа әлдекім иелік ете алатыны хақында қазірдің өзінде ой­ланбақ керек.