Тауы шағылмаған төртеу
Тауы шағылмаған төртеу
465
оқылды
Жақында француз режиссері Янн Самюэльдің La guerre des Lulus («Л» есімді ағайындылар) фильмі көрерменге жол тартты. 1914 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған шақ. Тостағандай кө­зілдірігі бар кішкентай Людвигті ана­сы шіркеуге қалдырып, Швей­ца­р­ияға кетеді. Ұлына Жюль Верн­нің кітабын ұстатып, соны оқып бі­тіргенінде, оралуға уәде етеді. Бі­рақ кітап түгесілгенде ешқандай ғажайып тумайды – Людвигті алып кетуге ешкім келмейді. Кейін ба­ланы монастырьға ауыстырады. Әліп­билік тізім бойынша оны есім­дері «Л» әрпінен басталатын ба­­­­­лалармен бір бөлмеге орна­лас­ты­рады: бөлмеде өзінен басқа ара­ла­рындағы ең ересегі – Люсьен, топ-томпақ Луиджи, аңқау Лука бар еді. Төртеуі дала кезіп, серуенге кеткен бір күні монастырьдағылар не­міс әскерінен қашып, ойда-жоқ­та көшіп кетеді де, біздің кейіп­кер­леріміз жұртта қалып қояды. Бар «қызық» осыдан кейін басталады... Балалардың ең ересегінің өзі не­бәрі он бес жаста еді, сондықтан со­ғыс өрті лаулап тұрған елде қалу­дың қауіпті екенін түсініп, олар шекараға жетуге асығады. Бәрінің мақсаты – Людвигтің аузынан суы құрып отырып айтатын әңгімесін­де­гі тып-тыныш Швейцарияға же­тіп алу болатын. Бірақ жау әс­ке­рі қоршап алған француз қала­ла­рымен сапарлау олар ойлағандай оңай болмай шықты. тауы шағылмаған төртеу Тағдыр төрт баланы ерте есей­ту­ге қанша тырысқанымен, олар қа­сарысып бағады. Әр кездейсоқ «қам­қоршыдан» олар мейірбан ата-ананың образын іздейді. Әр бас­панадан өздері сезініп көрмеген ту­ған үйдің жылылығын табуға тал­пынады. Людвиг, Луиджи, Лу­ка, Люсьен, сондай-ақ оларға жол ортадан қосылған тастанды қыз Люси бір-біріне мүлдем ұқса­ма­ға­ны­мен, бірін-бірі толықтырып тұра­тындай: иә-иә, өйткені Жюль Верн айтпақшы, барлық қасиеті ұқ­сас адамдар дос бола алмайды ғой. Олардың өмірінде кезігетін әр кейіпкер кішкентай қаһар­ман­дар­ды ештеңеге қарамастан қорғауға бар күшін салады. Әуелі балақайлар осы аумақта мыстан атымен танымал Луизон есімді келіншек­тің шапағатын көреді. Одан кейін жолығатын қайырымды неміс сар­базы Ганс та, түрмеден қашып кет­кен тұтқын Мусса мен оның жол­дасы Гастон да, дәрігер ханым Бер­раут та жеткіншектердің жүрек түк­піріндегі жалғыз мұраты – Швей­царияға жетуіне жәрдем береді. Л есімді ағайындылар Олардың Швейцарияны не­ліктен армандағанын жоғарыда айтып едік қой. Жолай балалар бар шын­дықты біліп, бар болғаны, Людвигтің өз анасын көруге асық­қанын түсінеді. Сонда әлгі төртеу­дің ішіндегі үлкені Люсьеннің бы­лай дейтіні бар: «Сенің анаң аман екен... Демек, енді біздің бәрі­мізде ана бар ғой?!». Сол-ақ екен, басқа балалардың жүзі қуа­ныштан бал-бұл жанып, құдды бір туған анасы табылғандай мәз бола кетеді. Оларға қосылып, сіз де мәз боласыз... Әр кішкентай мүмкіндікті сүйеу көріп, тіреу көріп, ешқашан үмі­тін үзбейтін, болмашыға шын шат­тана білетін, қандай қиын­дық­та да тауы шағылмайтын бала­қай­лардың бойындағы оптимизмге еріксіз тамсанасыз... Фильмнің де кө­рерменге жеткізер басты моралі осы сияқты: «Жылт еткен жақсы­лыққа жармаса біл»...

Азат ҚАЗАҚ