Қамшы өрудің хас шебері
Қамшы өрудің хас шебері
830
оқылды
Жамбыл облысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келгенде әулиеаталық қолөнершілердің көрмесін тамашалап, өзіне ұнаған бірер кәдесыйды сатып алғаны есте. Сол кезде Президент он саусағынан өнер тамған шебер Алпысбай Байшүкеновтің де қамшыларына ерекше қызығушылық танытып, бірін сатып та алды. Тараз қаласы сыртындағы мал базарында ат әбзелдерін саудалайтын қолөнер­шімен жуырда тілдесудің сәті түскен еді. Алпысбай Байшүкенов – Мер­кі ауданының тумасы. Қамшы өру өнері атасы Байшүкеннен дарыған екен.
– Президенттің ұлттық өнер­ге деген құрметін көріп қатты қуан­дым. Қазір базардағылар да мені құттықтап, ерекше сыйлайды. Қам­шы сатып алушылардың да саны көбейе түсті. Қамшы өру өнері атам Бай­шүкеннен дарыды. Әкем Нұр­ман­құл етікші болатын. Сол кәсіппен отбасын асырады. Өзім қамшы өруді 2000-жылдардан бастап қолға ала бастадым. Өрген қам­шыларым елімізден бөлек, шет­елге саудаланып жатыр. Түркістан қаласының 1 500 жылдық мерей­тойында көрмеге қойған қамшы­ларыма Германия елінен келген қонақтар қызығушылық танытып, біразын сатып алып кетті, – дейді Алпысбай.
Атакәсіпті жалғап келе жатқан қолөнерші қамшыдан бөлек, ат әбзелдерін жасаумен де айналы­сады. Алайда Алпысбай кейінгі жылдары күміс қат дүниеге айна­лып бара жатқандықтар, кеңестік кезеңнен қалған тиындарды пай­даланып жатқанын айтады.
– Одақ тұсындағы тиындар­дың нарықтағы бағасы өте жоға­ры. Себебі ат әбзелдеріне қажетті тиындар антиквариат ретінде қаралады. Десе де, тапсырыс бе­рушілердің көңілінен шығу үшін ертоқымды безендіруден аянып жатқаным жоқ. Біз қолөнершілер осы бұйымдарымыз арқылы туристік бағытқа да үлесімізді қо­сып отырмыз, – дейді қолөнерші.
Шебер бүгін де шәкірт тәр­биелеу қиындығын айтып қалды. Себебі жастардың дені атакәсіпті дамытып, ұлттық өнерді үйренуге құлықты емес. Дегенмен мектеп оқушылары арасында қызығу­шылық танытып, шеберден тәлім алып жүргендер бар. Алпысбай Байшүкенов Алпысбаймен бірге ат әбзел­дерін сатып жүрген Мақсат Жұ­матов қолөнершінің бұйымдары өтімді екенін айтады.
– Алпысбай ағаның бұйым­дарына Алматы, Шымкент, Түр­кістан қалаларынан көп сұраныс түседі. Ал ат әбзелдеріне қажетті құралдарды Пәкістан, Голландия, Ресей, Қырғыз Республикасы се­кілді мемлекеттерден алдырамыз. Аталған елдерде ағаның қамшы­сына деген сұраныс жоғары. Өйткені Алпысбай ағаның өрімі өзгелердікіне ұқсамайды, – дейді Мақсат. Негізі, қамшы өрілетін таспа санына қарай үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады. Әдетте қамшыны екі жасар серке болмаса құнан өгіздің иі қанған терісінен өріп дайындайды. Ал бұрынғылар қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындықты таңдап алған. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз естеліктерінде бы­лай деп жазған: «Қамшының са­бының өлшемі шындақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрім­нің ұзындығы бес ала­қан­­ның кө­ле­­мін­дей, тұ­таммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болуы керек», – дейді.
Бұйымның жасалуына келсек, былғарыны пішіндеп кесіп, ай­налдыра өрнектеп тесіп, мар­жандай жарқыратып өрімін өріп, сәндеп бояу арқылы көз қызы­ғарлықтай етіп қамшы жасауға болады. Қамшы жасалу ерекше­лігіне, қолданылған материалына, салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы, сарыала қамшы, ырғай сапты қамшы, шашақты қамшы сынды түрлері бар. Ал­пыс­бай қолөнерші міне осы қам­шы өрудің ерекшеліктерін жіті мең­геріп, бүгінде оның туын­дылары шетел асып, ұлттық өне­ріміз бен құндылығымыз дәріптеп келеді. Жалпы, Жамбыл облысында ат әбзелдерін жасау ісі жақсы дамыған деуге болады. Олай дей­тініміз, Қордай ауданындағы Қа­расай батыр ауылының тұрғыны Руслан Арынбаевтың да өрген қамшысына бүгінде сұраныс жоғары. Ол қамшы жасауды бала кезден меңгерген. Қолөнерші 4 өрімнен 12 өрімге дейінгі қам­шыны өре алады. Шебердің айтуынша, қам­шының сабына кез келген тал-дарақ жарамайды екен. Тек күзде шабылған тобылғыны пайдалану қажет. Оның өзін Алматы облысы мен қырғыз елінен ғана алдыруға болады. Руслан қамшыдан өзге, ер-тұрман мен тоқым, жүген, мұ­рындықты да жасайды. Шеберге өзге өңірлерден тапсырыс бере­тіндер көп. Бұрын қайысты тері комбинатынан алдыратын болса, қазір өзі илей бастаған. Кәсіптің ерекше түріне ден қойған ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант та иеленген. Қажетті құрал-сайма­нын түгендеген қолөнерші енді кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
– Қазір қамшыға қажетті теріні өзім илеуді бастадым. Қолдан жасаған қайысым суға төзімді, терге бой бермейтін, оңайлықпен үзілмейтін болып шығуда. Ұлттық өнерді дәріптеп, атакәсіпті дамыту үшін қолдау білдірген билікке айтар алғысым шексіз. Енді тері илеп, қайыс дайындайтын құрыл­ғы сатып алғаннан кейін кәсібімді одан сайын дамытып, кеңейтсем деп отырмын, – дейді Руслан Арынбаев.
Иә, қолөнершілердің тірлігі көпке үлгі. Атакәсіпті дамыта оты­рып, ұлттық өнерді дә­ріптеген азаматтардың еңбегі құрметке лайықты. Ал қамшы қазақ та­ны­мында қа­сиетті дү­ние са­налады. Мәселен, қазақта тіл жете бермейтін не­месе айтуға ауыз бармайтын сөз­дердің орнына қамшыны қол­данатын әдет бол­ған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақ айбарлы көрінген. Ат­тылы адам қамшысын үйіргенде одан сескен­бейтін адам болмаған. «Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген де ырым бар. Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қам­шыны қолданған. Сонымен қатар қызға құда түсе келген адам қам­шысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген. қамшы өру Қазақта үйге келген кісі қам­шысын ала кірмейді. Егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдірген. Ал ала кірген қамшыны ортаға тас­таса, бітімге келуге шақырған. Қамшы сыйлау – құрметтің белгісі. Өзінен кіші болса, сол қо­лымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан. Елуге дейін тобылғы сапты қамшы сыйға тартса, елуден асқан соң тұяқ басты қамшы сыйлаған. Ал емші-балгерлердің қамшысы саудаға салынбаған. Өйткені жын-шайтанды қуатын қасиеті бар қамшы өте құнды, оның бағасы жоқ деп есептеген. Сондықтан бата берген адамға ризашылықпен қамшы сыйлаған. Бұдан бөлек, аяғы ауыр әйел босанар сәтте қамшыны төріне іліп қойған. Тағы бір таңғаларлық тұс, дұрыс өрілген қамшымен адамның жон арқасы­нан ұрғанда ізі қалмайтын болған. Міне, қазақ танымында қам­шының қасиеті осындай. Сон­дықтан жамбылдық қолөнер­ші­лердің өріп жатқан қамшылары туристік бағытқа өз үнін қосып қана қоймай, атакәсіпті жаң­ғыр­тып, ұлттық болмысымызды төрт­күл әлемге танытып жатыр деуге болады. Жаңқаға жан бітіріп, темірден түйін түйген шеберлердің ендігі еңбегі еленіп, оларға жан-жақты қолдау болғаны керек-ақ. Арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында қолөнершілердің басын қосатын бір кәсіпорын ашып беру де артық болмас.

Жамбыл облысы