Атыраулық құсбегі Арман Қошқаров бүркіт баптаудың қыр-сыры туралы айтып берді

Атыраулық құсбегі Арман Қошқаров бүркіт баптаудың қыр-сыры туралы айтып берді

Өмірінің негізгі бөлігін ат үстінде өткізген ата-бабаларымыз құс бап­тауды жылқы үйретуден кем көрмеген. Себебі көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқының тыныс-тіршілігі, салты, болмысы табиғатпен астасып жатыр. Жаһандану дәуірінде қа­зақтың өзіне тән тектілігі, бол­мысы, ұлттық санадан ажыра­маудың бір жолы – ұлттық салт-сана, дәстүрді жаңғырту десек, ұлттық спорт түрлерін дамытуды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Себебі табиғат тылсымын неғұрлым терең тануға бағыт­талған халқымыздың өмір сүру образының артында үлкен да­налық жатыр. «Құсбегіліктің тарихы тым әріден басталады. Зерттеушілердің арасында құсбегілік өнердің тарихын үш мың жылдықпен байланыстыратындары да бар. Орта ғасырларда аты әлемге мәшһүр болған италиялық сая­хатшы Марко Полоның жазба­ларында Құбылай ханның өзінде саятшылыққа үйретілген 500 ақ сұңқары болғаны айтылады. Ақ сұңқардан бөлек, қыран құстарын баптап, күтуге сол заманның өзін­де 10 мың құсбегі қызмет еткен екен. Тарихты қазбалап қарасақ, құсбегілік өнердің орта ғасыр­ларда Орталық Азия мен Қазақ­стан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар дәуірінде кеңінен тарағанын көреміз. Яғни, бұл жай аң аулау, көңіл көтеру үшін туған дүние емес. Құсбегіліктің артында таби­ғат­пен байланыста болу, тіршілік­ті тану философиясы жатыр», – дейді аты­раулық құсбегі Арман Қошқаров. Құсбегілікпен 16 жасынан бері айналысып жүрген Арман Қош­қаров өзін басқа салада жұ­мыс істей алмайтынын айтады. Олай деуінің себебі де бар. Өйт­кені Арман жастайынан әкенің тәлімін көріп өскен ұрпақ. Ар­манның әкесі Әбдікәрім Қошқаров кәнігі құсбегі. Арманды осы киелі өнер­ге баулып, бағыт-бағдар берген ұстазы. «Ес білгелі құс баптауды көз­бен келемін. Әкем «құстың жемін бер, томағасын қара» деген сияқ­ты тапсырмалар беретін. Бала күнімнен сондай тапсырмаларды орындай жүріп, бүркітке деген қызығушылығым оянды. Танып-білген адамға бүркіттің киелі құс екенін түйсіну қиын емес. Құс­тарда да мінез болады. Тек оларды сезіне білу керек», – дейді Арман. Арманның айтуынша, құсты баптау оңай іс емес. Әрі бұл салаға адам кездейсоқ келмейді. «Адам бар өмірін арнауға дайын болуы керек. Себебі құсты бала­пан кезінен баптау, күту, тәрбие­леу, оны бәйгеге қосу – ең алды­мен уақытты және шыдамды­лықты қажет етеді» дейді Арман. Елімізде бүркіт көбіне Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында кездеседі екен. Табиғатынан жырт­қыш құс саналатын бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көкта­бан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп те атайды. Атырау жерінде көп жағдайда ителгі мен лашын құстарын кез­дестіруге болады. Сол себепті таң­дауы бүркітке түскен құсбегі­лер көбіне жыртқыш құсты бала­пан кезінен тәлімбақтан (питом­ник) алуға тырысады екен. «Бүркітті балапан кезінен баптау өз алдына үлкен әрі қы­зықты үрдіс. Кейде осы тақырыпта кино түсірілсе деп те ойлаймын. Себебі балапан бүркітті қолға үйрету, оны күту, баптау кешенді түрде атқарылатын жұмыс. Құс баптау үшін екі-үш күн бойы ұйықтамайтын да кездер болады», – дейді Арман Қошқаров. Құсбегілер алдымен бала­панмен арада тілсіз байланыс орнатады. «Бастапқыда қолдан та­мақ­тандыруға дағдыландырамыз. Содан кейін алыста тұрып, дыбыс беру арқылы құсты шақырып, өздігінен келіп тамақтануға бау­лимыз. Мұнан кейін ат үстінде тұрып жем-ді көрсетіп, шақырып, қолға келіп қонуды үйретеміз. Бүркітті басынан сипап тәрбие­леудің де өзіндік мәні бар. Яғни, басынан сипау арқылы өзіңнің құстың иесі екеніңді және оны жақсы көріп, қамқорлық жасай­тыныңды сезіндіруге тырысасың. Құс иесіне мойынсына білуі керек. Әртүрлі әдіспен тәрбиелеу арқылы құс биікке ұшқаннан кейін қайта келіп, қонатын дең­гейге жетеді. Бүркіт табиғатынан жабайы құс болғандықтан, түрлі дыбыстан шошынып, елітиді. Осындайда құстың ұйқысын алу тәсілін іске қосамыз. Бұл кезде құс та, құсбегі де екі-үш күндеп ұйықтамайды. Биіктігі екі метр ағашқа әт­кеншек жасап, құсты қонақта­тамыз. Әлгі бағанға ұзын жіп байлап, оны әлсін-әлсін тартып, тербету арқылы, құсты ұйықтат­паймыз. Мұндайда құс ұйықта­мағаннан кейін шуға мән бер­мейтін жағдайға жетеді. Осындай түрлі әдіспен құстың бойын адам­дарға үйретеміз. Жалпы, бүркіт аңға үш тәсілмен – шаншыла, сыпыра және іліп түсу арқылы түседі. Бүркітті қолға үйретіп, аң­ға салу үшін томаға, тамақ бау, балақ бау, балдақ сияқты бұ­йымдар керек. Олардың әрқай­сы­сының өз қызметі бар», – дейді Арман. Құсбегінің айтуынша, шық­қан жері, яғни, дала табиғатының ерекшелігіне байланысты, жырт­қыш құстардың арасында да үлкен айырмашылықтар болады. Мәселен, қаршыға да, бүркіт те табиғатынан өте қырағы болып келеді. Бірақ қаршыға да, бүркіт те ыстыққа шыдамайтын құс­тар. «Сол себепті тау-тасы мол Қа­­зақстан даласы үшін құсбегілер бүркіт пен қаршығаны көп ұстау­ға тырысады. Өйткені аңға сал­ған кезде жете алмаса бүркіт те, қаршыға да бір орынға отырып қалады. Ал ителгі көздеген аңына жетпейінше, тыншымай ұша бе­реді. Ондайда құсбегі құстан көз жазып қалуы да мүмкін. Сон­дық­тан ителгіні кө­біне араб халқы ұстайды. Өйткені ол жақтың же­рі жазық», – дейді Арман. Бүркіттер жылына бір жыл­қының салмағындай ет жейтін көрінеді. Аптаның бес тіпті, жеті күнінде аңға шығарып тұрмаса, құсты баптап-күтудің өзі оңай емес екен. Десе де, бар өмірін құс бап­тауға арнап жүрген құсбегілер – қазақтың ерекше әлемін, дәстүрін жалғастырып жүрген айрықша мек­тептің өкілдері екенін мойын­дауымыз керек. Қазақстанда ғана емес, бері­сі қырғыз елінде, әрісі Ка­тарда өт­­кен түрлі республикалық, ха­лық­аралық конкурста топ жа­рып жүрген Арман Қошқаров елі­міз­ге жыртқыш құстарға ар­налған тәлімбақ керек екенін айтады. «Бүркіт бабына келгенде қас­қыр алады, Қаршыға бабына кел­генде түлкі алады» деген сөз бар. Яғни, саятшылықпен айналысу үшін де бап керек. «Үлкен тәлімбақ салынса, ұлттық спорттың дамуына бұл да бір қозғау болар еді. Және бізге осы салада зерттеулер жетіс­пейді. Құсбегіліктің тарихы, оның ерек­шеліктері сияқты то­лыққанды деректер топтасты­рылған еңбек­тер болса, шәкірт тәрбиелеуде бұл да бір таптырмас құрал болар еді. Себебі құсбе­гілікпен айна­лы­су­дың да маша­қаты жетерлік», – дейді Арман Қошқаров. Халқымыз қыран бүркітті әу бастан киелі санаған. Халық ара­сында «Бүркіті бар үйде жын-шайтан болмайды» деген де ұғым бар. Қалай десек те, бүркіт – ердің серігі. Сондықтан құсбегілікті ұлт­тық спорт ретінде кеңінен да­мытуға күш салатын болсақ, киелі өнерді жас буынға аманат етуде ұтылмасымыз анық.

Атырау облысы